«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің», деп дана халқымыз айтқандай, бұл өмірде мүмкіншілігің болып жатса жақсылық жасауға ұмтылғанға не жетсін! Жүрегің жылып, езуіңе күлкі үйіріліп, қуанышқа бөленесің. Жақсылық жасаған да, сол жақсылықты көрген жанның да осы тектес сезімдерді бастан кешірері сөзсіз. Дәл осындай көңіл-күй №2 Жаңаөзен қалалық емханада өткен шарада сезілді.
Емхананың мәжіліс залы ерекше әсемделген. Әр баланың қолында әуе шары. Жоғарыға ұшырып, қызықтап шат-шадыман болып жүгіріп жүр. Тіпті, емханаға қаралуға келген балалардың жүзі құдды дәрігер тексеретінін ұмытып кеткендей балбұл жанады. Әшейінде, «ине сала ма, дәрі бере ме» деп қорқып, не жылап қоя беретін балалар бұл сәтте бақытты балалық шақтың бал күлкісіне бөлендірді.
Әрбір іс-қимылды қызықтап отырғанымда шара да басталды. Жаңағы жүгіріп жүрген балалар бір деммен орындыққа жайғасып, «тыныш отырсам сыйлық береді» дегендей үнсіз отыра қалды. Ортаға № 2 ЖҚЕ кәсіподақ ұйымының төрайымы Ботагөз Істелеева шығып, балаларды білім күнімен құттықтады.
- Бүгін облыстық кәсіподақ ұйымының тапсырмасымен республикалық «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып жатырмыз. Бізде бұл акция дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Мұндағы мақсат қызметкерлеріміздің 1-сыныпқа аяқ басқалы отырған ұл-қыздарын мектеп құрал-жабдықтарымен, киім-кешектерімен қамтамасыз ету. Бұл жолғы акцияға 29 бала қатысып отыр, оның 18-і ұл бала, 11 қыз бала, - деді, кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Тағы оқыңыздар: «Жанарыстықтар» ЭКСПО-ға барып қайтты
Шараға аталмыш мекеменің басшысы Нина Самаликова қатысып, мұндай істер ата-аналар мен балаларға жаңа оқу жылына жақсы көңіл-күй, білімге деген құштарлық, әрбір бала бойына сенім, жанына жігер ұялататынын айтты. Балдырғандарға ақ жол тілеп, шараны ұйымдастырған кәсіподақ ұйымына ризашылығын білдірді.
Құттықтау сөзден соң Б.Істелеева сыйлық алуға асығып отырған балаларға жаңа оқу жылы алдында көмек әрі сыйлық ретінде мектеп сөмкесін, қажетті құрал-жабдықтарды табыстады. Балалар алғыс ретінде тақпақ айтып, өз өнерлерін көрсетіп, емхана қызметкерлерінің орындауындағы әндерге би биледі.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА