Бүгінгі таңда елімізде барлығы 35000-ға тарта үкіметтік емес ұйым тіркелген. Соның 54-і Жаңаөзен қаласы, жалпы 530-дан астамы Маңғыстау облысы бойынша қызмет етеді. Ал, оның ішінде жұмысын тұрақты, белсенді жүргізіп жатқаны көп емес. Көпшілігі бір шараны өткізу мақсатында ғана құрылады, не бірнеше шара ұйымдастырғаннан кейін жұмысы тоқтап қалады. Осы және әлеуметтік маңызды салалардың жұмысын жүзеге асыру мақсатында құрылған үкіметтік емес ұйымдарға қатысты басқа да мәселелер жайында «Маңғыстау облыстық азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі президенті Жібек Ахметованың қатысуымен өткен кездесуде айтылды. Жаңаөзен қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Қолдау-Қазақстан» КСКЕХ ұйымдастырған жиынға Жаңаөзен қаласының үкіметтік емес ұйымдары, мемлекеттік қызметшілер, жастар, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Жалпы, 2016 жылдан бастап, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары өздерінің атқарған жұмыстары туралы үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына есеп береді. Бұл жайлы ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 41 б. 5 тармағында айтылған, яғни қазақстандық ҮЕҰ, сондай-ақ, халықаралық және шет елдік ҮЕҰ филиалдары мен өкiлдiктері жыл сайын 31 наурызға дейін уәкілетті органға (Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі) өзінің қызметі туралы мәлімет жібереді. Бұл ақпараттық базада негізінен үкіметтік емес ұйымдар туралы мәлімет, аталған ұйымдардың қызметі, жүзеге асқан және қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан жобалары, оның құрылтайшысы, қаржыландыру көзі мен қаражаттың жұмсалу бағыты қамтылады. Ж.Ахметованың айтуынша үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасының талабы ашықтық пен айқындықты, бұл ұйымдардың қызметі туралы ақпараттың қоғам мен донорлар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету, көмекке мұқтаж азаматтар өздерін толғандырған ақпаратқа қол жеткізу, әлеуетті серіктестерін жақсырақ тануына және мемлекет қаражатының жұмсалуын бақылау мақсатында құрылған. Егер де, үкіметтік емес ұйымдар уәкілетті органға дерекқорға мәліметтерді ұсынбаған, кешіктіріп ұсынған және дәйексіз немесе көріне жалған ақпаратты ұсынған жағдайда уәкілетті орган «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР-ның Кодексінде қарастырылған жазаны қабылдайды. Ол 489- 1 бап: 1 тармақ - ескерту; 2 тармақ - қайталама бұзу - жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл немесе 3 ай мерзімге уақытша жұмысын тоқтату. - Маңғыстау өңірінен ашылған үкіметтік емес ұйымдар өте көп. Бірақ, белсенді жұмыс жасап жатырғаны санаулы. Кейбір қорлар үлкен ас, тойларды атқару мақсатында ашылған. Мерекесін өткізіп болғаннан соң қордың жұмысы тоқтайды. Қазіргі таңда бұрынғыдай емес мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Мемлекеттік гранттар бөлінуде, - дейді Ж.Ахметова. «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалы ғимаратында өткен кездесуде үкіметтік емес ұйымдардың есеп беру міндетінен бөлек, мұндай ұйымдарға мемлекет тарапынан берілетін гранттар, сыйлықақы беру үшін өтінім жасау, жалпы ұйым құру, жұмысын жүргізу мен мемлекеттен қаражат алу мәселелері айтылды. Сондай-ақ, әрбір мәселеге қатысты үлгілер таратылып, оларды толтыру жолдары түсіндірілді.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП