Былтыр Ақтау қаласында «Ана мен бала» перинаталдық орталығы ел игілігіне берілді. Жақында бір топ журналист облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен осы орталықта болып, ана мен бала денсаулығы жолында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Жалпы ауданы 28 000 шаршы метрді құрайтын жаңа орталық жеті блоктан тұрады. Ол 250 орынға арналған және заманауи талаптарға сай техникалармен жабдықталған. Мұнда жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге және жоғары қауіпті топтағы босанған әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге, шала туған және салмағы аз балаларға мамандандырылған және жоғары мамандандырылған акушер-гинекологиялық және неонаталдық, медициналық-санитарлық және кеңес-диагностикалық көмек көрсетіледі. Медициналық жабдықтармен және медицинаға арналған бұйымдармен қамтылған. Орталықта әлемнің кез келген нүктесіне онлайн байланыс жүргізу мүмкіндігі бар интеграцияланған операциялық бөлме жабдықталған. Сонымен қатар «Prismaflex» және «Магѕ» бүйрек және бауыр алмастырушы терапиясына арналған жабдық орнатылған. Осы орталықта жүрек ақауымен өмірге келген нәрестелерге кардиохирургиялық ота жасауға да мүмкіндік бар. [caption id="attachment_71167" align="aligncenter" width="1024"] Ана мен бала орталығының директоры Жамал Жаманбаева[/caption] Орталық директоры Жамал Жаманбаева журналистерді жұмыс ерекшеліктерімен жан-жақты таныстырды. [caption id="attachment_71171" align="aligncenter" width="1024"] Акушер гинеколог Гүлшат Жалмағанбетова[/caption] Әлбетте, дүниеге сәби әкелуге келетін болашақ аналар алдымен қабылдау бөліміне кіреді. Біз де кірдік. Қабылдау бөлімінің акушер гинеколог дәрігері Гүлшат Жалмағанбетовамен жүздестік. - Жүкті әйелдерді, толғақпен және гинекологиялық белгілермен келген әйелдерді қабылдаймыз, - деді ол. - Ауыр жағдайда келгендерді қабылдайтын реанимация залымыз бар. Қазір жасыл, сары және қызыл сызық бойынша үш жүйемен жұмыс істейміз. Ауыр жағдайдағы әйелді қызыл сызық бойынша реанимация залына, ауырлығы орташа болса - сары, ал жеңіл болса - жасыл сызықтар бойынша бөлімшелерге жатқызамыз. Тәулігіне қабылдау бөлімшесінен орта есеппен 50 әйел өтеді екен. Сол күні сағат 16.30-ға дейін бір әйел реанимацияға түскен. [caption id="attachment_71173" align="aligncenter" width="1024"] Бөлім меңгерушісі Дария Көшкінова[/caption] Жамал Әбдібекқызының айтуынша, орталықта тәулігіне шамамен 25-30 сәби дүниеге келеді. Былтыр орталықта 7500 әйел босанған. Олардың 124-і егіз, біреуі үшем болды. Жаңа ғимараттың өзінде 2000 дай әйел қол-аяғын бауырына алыпты. Әйелдер жеке босанатын 15 зал бар. Бөлім меңгерушісі — Дария Көшкінова деген акушер гинеколог дәрігер. Жастығына қарамастан білімі мен тәжірибесі сай келген білікті маман. - Әйел аман-сау босанған бойда баланы анасының құшағына береміз. Анасы бөпесін емізеді, айналып-толғанады. 2 сағаттан соң палатаға ауыстырамыз. Содан үйіне кеткенше сәби анасының жанында болады. Бұла бала үшін аса маңызды, - деді Дария Сайлауқызы. Палатаға жаңа ғана ауысқан жас келіншекпен тілдесудің реті келгенде жас ананың аты-жөні Арайлым Тайманова екенін білдік. Жаңаөзен қаласында тұратын ол қыз балалы болған екен. Үйінде отағасы мен қос бүлдіршіні тағатсыздана күтіп отыр. Дүние есігін ашқан сәбилердің барлығы бірдей толық жетілген немесе дені сау бола бермейтіні бар, өкінішке қарай. Уақытынан бұрын, яғни, шала туған шараналарға ана құрсағындағы күйіне жақындатылған арнайы жағдай жасалады. Ал анасы баласын бауырына кенгуру әдісімен тартып, жылы ұстап отырады, емізеді. Анасының иісін де, жүрек соғысын да жазбай танитын шарана осы жағдайда тыныш жатады екен. Дәрігерлердің айтуынша, бұл әдіспен шала туған шараналардың шетінеуін 50% азайтуға болатын көрінеді. Шала туған балалардың кейбірінің дұрыс жетілмей қалатын жайы аз кездеспейді. Оларға уақытында медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалу үшін жаңа туған сәбидің реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Жоғары технологиялы жаңа жабдықтармен қамтылған. Біз келген кезде бөлімшеде салмағы 600 грамм болып туған шарана жатыр екен. Плацентаның уақытынан бұрын ажырауынан ауыр жағдайда түскен анасының жағдайы жақсы. Дәрігерлер 27-28 апталық баланы аман алып қалу үшін бар мүмкіндікті жасап жатты. Әлем бойынша жылда өмірге келетін сәбилердің 3-5 пайызы шала туады деген мәлімет жеткізді мамандар. Бөлімше меңгерушісі Әлия Тасырова 12 орындық осы бөлімшеде емделетіндердің 80%нан астамы шала туған шараналар екенін айтты. - Салмағы 500 грамнан жоғары, реанимация көмегі қажет болатын шараналардың негізінен тыныс алу жолдарының қызметі дұрыс жетілмегендері осында жатқызылады, - деп түсіндірді Әлия Жарасқызы. - Көпшілігі 7 күн жатып, емделеді. Ұзақ жататындары аз. Қажет болса, даму жетіспеушілігін қалпына келтіру үшін шараналарға ота жасалады. Жарты килолық адам баласының титтей ағзасына ота жасап, оны қатарға қосудың қиынның қиыны екені айтпаса да белгілі. Өздері кіндігін кескен сәбилердің туа бітті ақауынан айығып, ата-анасының құшағына еніп жатуы—орталық дәрігерлерінің ортақ қуанышы мен мақтанышы. Бөбек иісі бұрқыраған «қуыршағын» қолына алып бара жатқан әр отбасының бақыты—дәрігерлердің көзге көрінбейтін еңбегінің жемісі деп түйдік.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН