Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын» деп атқарушы биліктің алдына нақты тапсырма қойған болатын. Бірақ осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар өте баяу немесе жоқтың қасы, әсіресе елімізде қой жүнін іске жарату көңіл көншітпейді. Жалпы елімізде жеңіл өнеркәсіптің тұралап тұрғаны жасырын емес. Мал баққан ата-бабамыз тұрмыс-тіршілігінде, әсіресе, қойдың терісі мен жүнін көбірек пайдаланып, киім қылып, төсеніш қылып, баспанасын сонымен жауып, барлық керегіне жарата білген. Бүгінде сол жүн мен тері қадірсіз қоқымға айналып, қай жер болса сол жерде құрттап, шіріп, керексіз үйінді болып жатыр. Бала кезімізде мамырдың ортасында түйені күзеп, шудасын бір бөлек, бауыр жүнін бір бөлек, қойдың күзем жүнін, жабағы жүнін мезгілімен агентке өткізіп аз да болса ақша қылатынбыз. Қазір малдың жүнін пайдаға асыра алмаған малшылар далаға тастап, өртеп жібереді екен. Ал өздері моңғол түйесінің жүнінен істелген шұлық, көрпені сатып алып пайдаланады. Бұрын далаға тасталмайтын малдың жүні бүгінде неге керексіз болып қалды? Баяғы шөптің басына ілініп қалған бір уыс жүнді көрсе шүйкесіне орап алатын қазақ әйелі қайда? Осы мәселе туралы мәлімет іздеп біраз нәрсеге қаныққандай болдым. Бүгінде жеке шаруалар мен шаруа қожалықтары малының қырқылған жүнін шетелдік бизнесмендердің оңтүстіктегі делдалдары көтерме бағамен сатып алып, сұрыптап, тазалап оларға жоғары бағамен өткізеді екен. Терінің пайдасын Қытай, Түркия, Ресей, Таяу шығыс кәсіпкерлері көруде. Осы күні малдың терісі тулақ түгіл, тон болуға жарамай қалыпты. Қазіргі төсенішіміз – ковролин, жамылғы-жастығымыз – синтепон. Кейінгі кезде бамбук қамысынан өндірілетін талшықтан істелген шұлық, беторамалға дейін тұтына бастадық. Бұл – адам ағзасының бейімделуіне қарай, уақыт өте келе таза табиғи бұйымдарға төзбеушілік дертіне алып келетін қауіпті құбылыс. ХХ ғасырдың адамзат баласына әкелген үлкен бір дерті аллергендермен қоздырылатын аллергия кеселі адам ағзасының қалыпты жағдайы өзгергендігінен пайда болады. Бұл бұрын-соңды сезініп жүрген химиялық, дәрілік, физикалық, биологиялық басқа да заттарды өзгерген ағзаның дұрыс қабылдамауы. Біріншіден, өзгерген ағза аллергендерге антигендерді қабылдап, әрі қарай аллергендермен қарым-қатынаста реакция туғызып аллергия ауруын өршітеді. Синтетикалық бұйымдарды аса көп мөлшерде қолдану түбінде бір зардабын тигізері анық. Оған қазірдің өзінде көзіміз жетіп қалды. Синтетикалық материалдан жасалған киім адамның ағзасына кері әсер етіп, түрлі қышыма, тері ауруларына ұшыратуда. Бұны бір сөзбен аллергия атап жүрген адамзат өзінің синтетика материалдарына тәуелділігі артқан сайын денсаулығы төмендеп бара жатқанын қаперіне алар түрі жоқ. Түгі полипропилен және полиамид талшығынан жасалатын ковролиннің мықтылығы мен төзімділігіне тең келер төсеніш жоқ шығар, бірақ жылылығы мен денсаулыққа пайдалылығы жөнінен қазақ қойының жүнінен жасалған текемет пен алашаға жетпесі белгілі. Мысалы, қазақтың халық емшілері ақ киіздің емдік қасиетін, қой жүні мен түйенің шудасын сарсулы сүйек сырқатын емдеу кезінде кеңінен пайдаланған. Қазіргі әлеуеті озық елдер суыққа төзімді киімнің, жамылғыштың ішін әрі жеңіл, әрі жылылық сақтайтын, су өткізгіштігі жақсы, тез құрғайтын, жорғалаушы қоздырғыштар жоламайтын синтетикалық қиыршық талшықтардан жасалатын холлофайбер, тинсу- лейт, изософт, синтепон материалдарымен толтырып, синтетикалық бұйымдарды көбірек пайдаланады. Қой жүні соңғы кезге дейін ешкімге керексіз болып, далада ұшып, қоршаған ортаның ластануына әкеліп соқты. Содан қауіптенген әр аймақ басшылары керексіз шикізаттың өртеліп отырғанын қадағалауға мәжбүр болды. Кейінгі кезде ғана сол керексіз болып көшеде тау-тау болып үйіліп жататын малдың жүні пайдаға аса бастады. Онда да шикізат есебінде базардағы нарқы тиыннан аспай тұрған қойдың жүнін делдалдар арқылы елдеріне әкетіп, одан қымбат сапалы, әрі бағалы киімдер, бұйымдар жасап өзімізге удай бағасына қайта сатып отырған шетелдік кәсіпкерлерге оңай жем болып отырмыз. Суық аймақтарда киізден жасалған байпақ тұтынудан қалған жоқ. Қазіргі Қытайдан әкеліп сататын байпақтар өте сапасыз, тастай қатты болғандықтан кісінің аяғын қажап тастайтын көрінеді. Өнім сапалы болса, неге өтпесін? Еліміздегі малды-жанды аймақтардан байпақ басатын шағын цехтар ашылса жаман болмас еді. Тіпті ондай цехтар ашуға жағдай жасай алмағанның өзінде жүн қабылдау орындарын ашып, оны өткізумен жұмыстанып, тікелей шартқа отырса, халыққа да, ашқан кәсіпкерге де тиімді екені белгілі. Айтушылардың сөзіне қарағанда, алыстан келіп ауыл-ауылдарды аралап жүн жинайтын делдал агенттер қазір ешкі жүнінің 1 келісінің бағасын 1500 теңгеге дейін көтеріп, қой жүнін алмайтын әдет шығарыпты. Алса өте арзан бағаға тиын-тебенге алып, жинаған жүнді көтерме сауда ретімен таяу шығыс елдеріне өткізеді. Сонау кездері ата-бабаларымыз малдың жүні мен терісін жәрмеңкелерге апарып сатып, онымен айырбас сауда жасап, өзге елдердің кәсіпкерлерінің баюына жол бергенін білеміз. Ол кезде экономикасы дамымаған қазақ даласында жұрттың қолындағы бұлды тауары малы мен оның терісі, жүні болуы себепті бұл түсінікті жағдай еді. Енді неге сол жағдайға қайта жол береміз? Қазақы қойлар негізінен жүні сұранысқа сәйкес келетін 18-21 мкм. биязы жүнді болмағанмен, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия секілді көрші елдер қылшық жүнді де кәдеге асырып жатыр. Ел арасында да қылшық жүнді қой жүнінен киіз басып, киіз үйдің жабдығын жасап отырған бірен-сараң шеберлер кездеседі және олардың көбі ауылда тұрады. Өз ағаш үйлерінің үзігін, туырлығын, іргелігін өздері басып даярлайды. Егер болашақта облысымызда туризмді дамыту кеңінен қолға алынатын болса, сырттан келген туристерді мақтаулы маңғыстаулық киіз үйлерде қарсы алып, жаздық қонақ үйлер есебінде жалға беруге неге болмайды? Ол баспаналарды ұлттық мәдениетіміздің көрмесі есебінде өре киіз, ақ текеметтермен, ою-өрнекті тұскиіздермен жабдықтау жолға қойылса, мәдениетіміз бен қолөнеріміз кәсіпкерлікпен қатар күшейер еді. Қойдың жүні де далада қалмас еді! [caption id="attachment_70827" align="aligncenter" width="1024"] Сурет интернеттен алынды[/caption] Ал күнделікті тірлікте киіз бұйымдарымен айналысатын жеке кәсіпкерлер сән үлгісімен қазақы ою-өрнек нышандары бар ұлттық шекпендер, бас киімдер жасауға ниет қойса, жүн қазіргідей далада қалмас еді. Мысалы, көрші түрікмен бауырлар қалы кілемін ұлттық брендке айналдырып, шетелдерге экспорттап қоймай, мерекелік шаралар өткізгенде бүкіл алаңдарға қып-қызыл қалы кілем төсеп, өз қолөнерін әлемге танытып отыр. Оның үстіне олар ұлттық бас киімдері мен шапандарын қойдың терісі мен жүнінен даярлайды. Тәуелсіздік алғалы қой түлігінің саны кемімек түгілі өсіп кеткен. Өткен ғасырдың соңында Қазақстанда қой басы 40 млнға жуықтап, 50 млнға жеткіземіз деген ұран болды. Еліміз бойынша 100 мың тоннаның үстінде жүн өндірілді. Оның тең жартысына жуығы жоғары сапалы, қымбат бағалы биязы жүн еді. Ол тауар кезінде 12 шет мемлекетке экспортталды. Биязы жүнді қой негізінен Алматы, Жамбыл облыстарында өсірілді. Түбекте жатқанмен Маңғыстаудың өзі мал шаруашылығы дамыған аудандар қатарында болды. Кезінде Түмен ақын қазақтың осы бір сүйікті түлігі туралы «Қоздатып қоңыр қойды айдаған жер» деп жырға қосты. Шопандар құрметті мамандық иесі саналып, құрметке бөленіп, Жазылбек Қуанышбаев секілді екі мәрте Еңбек Ері өсіп шықты. «Қойдың сүті қорғасын» деп ірімшік қайнатып, сарсуынан шайға тістейтін дәм даярлайтын. Соғыс кезінде қой жүнінен тоқылған шұлық, қолғап, белбеулер әскерге жіберіліп, жауынгерлерге жылы киім болды. Кезінде талай ердің атын шығарып, қарқынды дамыған мал шаруашылығы нарыққа көшкесін күрт құлдырап, қой басы көп кеміп кетті. Бір кездегі мыңғырған отар-отар қой баспа-бас айырбасқа түсіп, түгелге жуық жоғалды. Бүгінде ірі шаруашылықтардың арасында бірлі-жарымы ғана қой өсірумен айналысады. Мысалы, Маңғыстау облысында – 52 974 түйе, 361 846 қой-ешкі, шаруа қожалықтарында – 18 659 бас түйе, жеке қожалықтарда – 20 767 бас түйе бар. Қазір еліміздегі мал шаруашылығының жағдайы төмен. Өз күніңді өзің көретін заманның басшылары малшы қауымның маңдайынан сипай қоймайтыны белгілі. Сонда да ұлттық кәсіп мал шаруашылығына қамқорлық жасалмаса болмайтыны естен шықпауы тиіс. Соңғы кездері шаруа қожалықтарына аздап көңіл бөлініп те жүр, бірақ ол аздық етеді. Ең болмаса жеке кәсіпкерлердің бизнесін, мал терісін, жүнін қабылдайтын пункттер ашып, ынталы кәсіпкерлерді отандық арзан тауар өндіруге бағыттауға болмас па? Моңғол малшылары осы күнге дейін бір жапырақ тері, бір уыс жүнді далада қалдырмай, пайдаға асырады екен. Табиғаты суық аймақ саналатын Алтай өңірінің қазақтары «Тоғыз қабат торқадан тоқтышағымның терісі артық» деген баба дәстүрімен, киімнен бастап, күнделікті тұтынатын тұрмыстық бұйымдарға дейін тері мен жүннен жасап, малдың өнімдерін тағам қылып, қара тұяғына дейін кәдеге жаратады. Өздері де жыл он екі ай бойы ауасы таза, киіз үйде ата салтымен өмір сүреді. [caption id="attachment_70823" align="aligncenter" width="1024"] Сурет feltfactory-kokshetau.kz сайтынан[/caption] Қазақстанда қой жүнін кәдеге асыратын кәсіпорындар түбімен құрып кеткен жоқ. Көкшетаудағы «Войлочная фабрика», өзіміздің «Сенек» секілді әр облыста бірді-екілі серіктестіктер аз да болса бар. Маңғыстаудағы жалғыз тері өңдейтін мекеме басшысы Қалпақ Наурызмағамбетовпен ЖШС жағдайы туралы сөйлескенде төмендегідей жауап алдық. – Кезінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында құрылуына «Өзенмұнай» мекемесі мұрындық болған «Сенек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарамағында 7000 қой бар. Соның етін өткізіп, терісінен киім тігеді, ал жүнін өткізу қиындау болып тұр. Біздің аймаққа делдалдар көп келмейді. Терінің бағасын 200 теңгеден халықтан сатып алып, Өзен мұнайшыларына киім тігеміз. Құрылғанына 50 жыл болған мекеменің тігін цехында 6 әйел адам, қалған 9-ы – ер адам, барлығы 15 адам жұмыс істейді. Қазіргі күні жалпы мекемеде жұмыс жасайтын 120 адам бар. Бұрын қырқым кезінде жүнге субсидия берілетін, қазір ол жоқ. Қойды қырықпасқа амал жоқ, қырқасың. Қырқылған жүннің шығыны көп, өтуі өте арзан. Қой жылына 2 рет қырқылады. Әрқайсысынан 3 келіден жүн түседі. Оның 1 келісінің бағасы - 60 теңге. 3 келісінің құны 180 теңге, үстіндегі 220 теңгеге мекеме шығынға шығып отыр. Кей жерлерде жүнді далаға тастайды. Оны орталықтан жинап, шетелге өткізуге жұмыстанса, қымбаттау өтер ме еді, бәлкім? Ең болмаса өз шығынын ақтар еді. Қазіргі таңда малшы қауымда осындай қиыншылық бар. Күн жылы болғанмен, жерде шөп жоқ есеп. Егін жоқ, жем-шөп қымбат бағамен басқа жақтан келгесін малдың өнімі өз құнын ақтай алмай тұр. Ақтөбеден әкеліп сататын шөпті халық саудагерлерден немесе делдалдардан сатып алады. Басқа азық-түлік ептеп қымбатсып жатқанмен, ет бағасы сол күйінде қалды. Халықтың ең көп тұтынатын тағамын қымбатсытуға да болмайтын шығар, бірақ бұл – базар нарқы өскен сайын тауардың өз құнын ақтамауына әкеліп соғатын фактор. «Өзенмұнайгазбен» шартқа отырғандықтан, өз өнімдерімізді мұнайшыларға өткіземіз. Егер «Өзенмұнайгаз» басқармасының көмегі болмаса, біздің мекемеміздің жабылып қалуы да мүмкін еді. Біздің кәсіпкерлер осылай тығырыққа тіреліп отырса, Австралия кәсіпкерлері қой басын 50 миллионға жеткізіп, әлемге танылып отыр. Британдықтар 10 миллион қой бағып, қойдың етін ғана емес, негізінен жүнін пайдаланудың арқасында қыруар пайда тауып, халықтың қазынасын молайтып отыр. Түріктер тоқыма өндірісін өркендету арқылы миллиардтаған қаржыны қазына қам басына құйып, мемлекеттің экономикалық әлеуетін көтеріп, сапалы әрі сәнді тоқыма киім, бұйымдар шығаратын әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналды. Бұның бәрі – малдың жүнінің нарық заманында құнын жоғалтпағанының дәлелі. Кеңес одағы дәуірлеп тұрған кезде қалдықсыз өнім саналатын қой жүнінің шайырына дейін игерген заман болған. Ал Қиыр шығыс, Саха, Бурият елдерінен қой жүнінен жасалған ұйық-байпақ, тері кеудеше, тон секілді киімдерге тапсырыс көп түсетін. Кейінгі кезде осы елдермен де байланыс үзілді. Қазақ арасынан көтерем түйедей жеңіл өнеркәсіптің еңсесін көтеретін кәсіпкер табылар ма екен?
Үміт ЖӘЛЕКЕ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН