©
Әр адамның өзіне тән мінез-құлқы, қабілеті мен біліктілігі, дағдыланған әдеті болатыны сияқты, түрлі жауапкершілігі де болады. Сол жауапкершіліктердің бірі — өз денсаулығына деген жауапкершілік. Бүгінгі таңда бұл жауапкершілік аса маңызды болып тұрғаны жасырын емес. Әсіресе, кез келген адамның АИТВ/ЖИТС ауруы туралы жақсы білгені жөн.
Бұл аурудың алдын алу үшін, әсіресе, жастардың ұстамды болғаны, есірткіні, алкоголді ішімдіктер, темекі сияқты зиянды заттарды тұтынудан бас тартқаны дұрыс дер едім. Егер қатар-құрбылары мұнай жаман әдттерге итермелеп жатса, ондай қысымға қарсы тұра білу керек. Өмірде кездесіп қалатын күйзелістерді жеңе алатындай жігерлі болуға ұмтылу қажет. Сондай-ақ ата-анасымен, отбасының басқа да мүшелерімен және достарымен қарым-қатынас жасай білудің де маңызы зор.
Жалпы, біздің қай-қайсымыз да АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды түсініп, олардың көңіл-күйлерін бөлісе алатындай болғанымыз дұрыс. Ондай таныстарымыз біздерге өз эмоциясын, сезімін еркін білдіретіндей болсын. Өйткені ешкім де бұл дерттен толық сақтандырылмаған. Дегенмен зиянды әдеттер, яғни бей-берекет жыныстық қатынас және бұрын қолданылған шприцтер мен инелерді пайдалану арқылы АИТ вирусының жұғу қаупі басымырақ. Сондықтан жастар мен жасөспірімдердің ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, олардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етіп, ЖИТС-тың таралуын тежеу өзекті мәселе болып тұр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Аймақтық жарыстың айшықтарыӘрбір жасөспірімнің өмірінде белгілі бір қауіп пен тәуекел күтіп тұратыны белгілі. Ондай тәуекелді жағдайды болдырмау үшін олар өзінің қауіпсіздігін ойлап, ұшырауы мүмкін жайттарды ұғынуы және айқындай білуге үйренуі тиіс. Жасөспірімдер жыныстық қатынасты ерте бастаудан аулақ болса, жұқпалы дерттен де қашық болмақ.
Біраз уақыт бойы АИТВ/ЖИТС проблемасы инъекциялық есірткі тұтынатын, яғни есірткіні тамырға шприцпен енгізетін адамдарға ғана қатысты болады деп саналды. Бертін келе бұл АИТВ-ның адамнан адамға берілуінің бір ғана тәсілі емес екендігі анықталды.
Сырт көзге АИТВ жұқтырылған адамның дені сау адамнан айырмашылығы жоқ және ол жылдар бойы өзінің жұқтырғанын білместен инфекцияны басқа адамға жұқтыруы мүмкін. Ол мас күйінде қарым-қатынас жасауы немесе инъекциялық есірткімен эксперимент жасауы мүмкін. Сондықтан да белгілі бір жағдайды дұрыс бағалау, өзіңді және жақындарыңды қауіпсіздендіруге жәрдемдесу керектігін есте сақтау өте маңызды.
АИТВ-ны жұқтырып алу ықтималдығы жоғары адамдар болады. Бұл адамның мінез-құлқына байланысты, тәуекелдің дәрежесін айқындайды: жақын қарым-қатынастағы серіктестердің көп болуы, сақтанбастан қатынас орнатуы, есірткіні қан тамырына енгізгенде бір ине мен шприцті пайдалану. Ондай осал топтарға есірткі тұтынушылар, гомосексуалдар, жезөкшелер, бей-берекет жақын қатынас жасайтын адамдар жатады.
АИТВ инфекциясының алдын алудың және емдеудің өзіндік құралдары болмағандықтан, одан құтқарудың бірден бір амалы - тек сақтану. АИТВ инфекциясының алдын алудың негізгі қағидаттары — қауіпсіз және жауапты мінез-құлық, саламатты өмір салты. Бей-берекет жыныстық қатынас жасауды, есірткі тұтынуды, ортақ ұстараны, маникюрлік және жеке бас гигиенасының басқа да заттарын пайдалануды болдырмай, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану керек. Алдын алу шараларының негізі –халықты АИТВ/ЖИТС проблемаларының әр түрлі аспектілері жөнінде кеңінен, уақытылы және қолжетімді түрде хабардар ету және үйрету.
АИТВ инфекциясының алдын алудың медициналық шаралары:
- донорлық қанды тестілеу (зертханалық зерттеу);
- медициналық амалдар арқылы иммун тапшылығы вирусының берілуін бәсеңдету;
- баланың жатыр ішінде жұқтыруының алдын алу.
Біздің балаларымыздың өмірі алда. Өмір қиындықтарға, күтпеген жайттарға, жеңістер мен ұтылыстарға толы. Біздің әрқайсымыз өз балаларымыздың бақытты болашағы жайында жоспар құрамыз, соларды іске асыру үшін қазірдің өзінде, елеулі зардапқа әкеліп соғатын, алдап-арбауға берілмейтін, өз мақсатына ұмтылатын күшті тұлға етіп тәрбиелеуіміз керек. Біз ЖИТС-тың таралуына жол бермеу үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тиістіміз. АИТВ/ЖИТС таралуының алдын алу және сақтану үшін жағдайды бақылауда ұстау және кез келген мүмкіндікті пайдалану маңызды.
Набат СҮГІРОВА, ЖИТС-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі облыстық орталығының эпидемиолог дәрігері