Адам баласының ең басты қымбат қазынасы - денсаулық. Әсіресе, қыстың қаңтар, ақпан айларында адамдар арасында тұмау тез таралады. Өте оңай жұғып, бір адамның өмірінде бірнеше рет қайталанатын тұмау ауруын асқындырмау үшін, сонымен бірге одан тез арада қалай айығып кету жолдарын білу мақсатында Қарақия аудандық емхананың эпидемиолог дәрігері Амина Бердіханқызымен кездесіп әңгімелескен болатынбыз.
- Бәрімізге белгілі күн салқындай бастағанда халық арасында тұмау аурулары өршиді. Осы тұмау ауруы жөнінде және оның таралу жолдарына тоқталып өтсеңіз.
- Әрине, жыл сайын күз, қыс айларында халық арасында жедел респираторлық вирусты жұқпа және тұмау аурулары өршиді. Тұмау - эпидемия және пандемия түрінде тез әрі кең таралатын, маусымдық жұқпалы ауру. Тұмауды жеңіл-желпі ауру деп қарауға болмайды. Халық арасында «Тұмау түбі – құрт» деп бекер айтылмаған. Себебі бұл ауруда уақытылы алдын алып, ем қолданбаса, түрлі қосымша дерттің асқынуына әкеліп соғады. Кейде дер кезінде емделмеген жағдайда ол асқынып кетіп тыныс жолын, нерв жүйесін, қан тамырды, жүректі ауруға шалдықтырады. Тұмаудың алғашқы белгісі - дене қызуының 39,0 градусқа дейін көтерілуі. Сонымен бірге адамның басы ауырып, буыны сырқырап, көздері жасаурап, түшкіреді. Сонан соң жөтел пайда болады. Осы уақыт ішінде ауруды қоздырушы вирустар көбейеді. Бұл вирустар адамның тыныс жолдарында, өңешінде өсіп-өніп тарайды. Яғни тұмау ауруы адам жөтелгенде, қақырынып, түшкіргенде, вирустар сілекей шашырандыларымен ауаға жайылады. Сондай-ақ ауру пайдаланған сүлгі орамал, ыдыс-аяқ, киімдер арқылы да жұғады. Тұмау ауруынан ересектерден гөрі балалар жиі сырқаттанады. Мұндай жағдайда тыныс жолдары бітеліп, ал кейде тамағы ісіп кеткендіктен дем алуы қиындайды. Тыныс жолдары да жараланып, құлақ, жұтқыншақ, жүрек, бауыр сияқты органдарды қабындырады. Тұмаудың өте қауіпті жағы ол ауруды асқындырып жібереді. Мысалы туберкулез, ревматизм және бастың жүйке жүйесі ауруларының қозып, асқынуы салдарынан кейбір сырқат адамдардың жағдайы нашарлап, өліп кетуі де мүмкін. Сондықтан тұмау белгісі білінген кезден бастап дәрігер шақыртып, берілген кеңесті мүлтіксіз орындау қажет.
Ауру тарататын – вирустық А,В,С деген үш түрі бар. Жыл сайын ауру тудыратын вирус өзгеріп отырады. Әрбір ересек адам кем дегенде жылына 2 рет, мектеп оқушылары 3 рет, мектеп жасына дейінгі балалар 6 ретке дейін тұмау немесе ЖРВИ-мен ауырады екен. Аурудың негізгі қоздырғышы - вирус. Қоздырғыш ауа тамшыларымен тыныс алу ағзалары арқылы енеді. Тұмау тез таралып, қоздырғыш жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде ауа арқылы науқас адаммен байланыс жасаған кезде жұғады. Егер науқастанған адам дер кезінде емделсе толығымен тұмаудан 5-7 күнде айығуға болады. Сондықтан тұмаумен ауырған кезде осы сияқты таралу жолдарын білген абзал.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмаудан қорғайтын жалғыз және тиімді шара ретінде тұмауға қарсы екпені ойлап тапты. Осы вакцина жөнінде айта өтсеңіз.
- Расында да тұмау эпидемиясына қарсы шаралар ішінде вакцина егу басты орын алады. Негізі тұмау ауруын болдырмау үшін вакцина тұмау эпидемиясы басталған кезде егіледі. Вакцина адамның өміріне тосқауыл болып, аурудың көп таралуына көп кедергі келтіреді. Екпе - тұмауды бақылаудың басты амалы. Екпе кез келген тұмау эпидемиясының ең сенімді қорғанысы болып табылады. Екпе нәтежиесінде пайда болған иммунитет аурудан қорғайды. Маусымдық тұмауға қарсы жыл сайынғы екпе барлық жастағы топтарда ауру мен өлім-жетімді барынша азайтады. Екпенің негізгі мақсаты инфекцияны толықтай жою емес, тұмаудан болатын өлім-жетімді және оның асқынуларын, жүрек-қан тамырлық, өкпе ауруларының басқа да созылмалы патологиялардың асқынуларын азайту болып табылады.
ДСҰ жыл сайын мынадай адамдарға екпе егуді ұсынады: 6-айдан 15-жасқа дейінгі балалар, 65-жастан жоғары қарт адамдар, медицина қызметкерлері және басқа да көптеген өндірістік байланыстағы адамдар. Қауіп-қатердің ерекше тобы, яғни бөлек қарастыратындарды жүкті әйелдер, әсіресе екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер құрайды. Сондықтан ДСҰ және ҚР Денсаулық сақтау министірлігі осы мезгілде жүкті әйелдерге екпе егуді, соның ішінде маусымдық тұмауға қарсы екпе егуді ұсынады.
Биыл тұмаудың алдын-алу үшін ауыл тұрғындарына 2000-дай екпе салынып, тұмауға қарсы егу жалғасуда. Тұмау ауруына немқұрайлы қарап, уақытында емделмесе пневмония, минингит, тағы басқа асқынуларға әкеліп соғады. Сондықтан тұмау ауруына қарсы күресте барша қауым вакцина салдыру керек. Сондықтан тұрақты мекеніңіз бойынша медицина қызметкерлері тұмауға қарсы екпеге шақырса бас тартпауға кеңес береміз. Аурудың алдын алу үшін жыл сайын жекеленген топтағы адамдарға (60 жастан асқандар созылмалы өкпе, жүрек қан-тамыр аурулары, иммундық тапшылығы бар сонымен қатар ересектер мен балалар әлсіз және жиі ауыратын балалар) медицина қызмететкерлері екпе егеді. Екпе тұмау ауруын асқындырмайды. Тұмау ауруы басталғаннан кейін 3-4 апта ішінде аса қауіпті дәрежеге жетеді. Бұл ауру қаншалықты созылса,тұмау адамның жүрек-қан тамырларын соншалықты әлсіретеді.
- Тұмаудан сақтану жолдары қандай?
- Тұмаудың негізгі алдын алудың 3-әдісі бар. Олар жоғарыда айтылғандай екпе егу арқылы және дәрімен алдын алу, жеке бас гигиена ережесін қадағалау болып табылады.
Тұмаудың алдын алу үшін 0,25% оксалин майын күніне 2-3 рет мұрын ішіне жағу керек. «Ремантадин» дәрісін 1 рет тұмаудың алдын алуда қолдануға болады. Бір реттік қол орамал қолдану, бөлмені желдетіп, ылғалдылыққа жол бермеу қажет.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ауылдарымыз бүгінде қаланың шағынауданы іспеттіТұмаудың ең басты емі — дәрігердің бақылауында болып, оңаша, ауасы таза бөлмеде жатып емделу қажет. Дене қызуын, дене сырқырауын, аспирин, пирамидон және т.б. дәрілер тез басады. Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен жабуы тиіс. Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы жеке қадағаланып, олар жиі қайнатылып залалсыздандыруы қажет.
Ия, тұмау - қатерлі сырқат. Салауатты өмір салтын ұстану үшін толыққанды ұйқы, таза ауа, белсенді демалыс, дәруменге бай тағамдар қолданылса ол ағзадағы кез келген инфекциямен күресуіне толық ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан бұл күресте жеңіп шығу, яғни ауырмау үшін жоғарыда айтылған шараларды міндетті түрде бұлжытпай орындап, күнделікті тұрмыста денсаулықты назарға алып, отырғанның еш артықшылығы жоқ.
Фариза ХАЙДАРОВА