Түпқараған ауданында елдімекеннің дамуына үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік жиында Рахат Елтизаров ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға рақметін айтты.
-Талайды артқа тастаған киелі мекен әрқайсысымыз үшін орны бөлек, ыстық ұя. Түпқараған ауданы ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Бұл сіздердің қажымас қайраты мен еңбегінің айқын дәлелі деп білемін. Осы орайда, ауданның іргетасын қалаушы аға буын өкілдеріне алғыс білдіргім келеді. Ендігі кезекте баршамызға ортақ міндет осы жетістіктерді сақтап, әрі қарай дамыту, - деді аудан әкімі.
Жиында Түпқараған ауданының құрметті азаматы атағы ардагер құрылысшы Жамаладин Исабайұлы мен мұнай саласының ардагері Бітім Кезбаевқа берілді.
ҚР ауыл шаруашылығы министрінің құрмет грамотасымен Абай Қалыбаев, алғыс хатымен Әбілсейт Жамалбеков марапатталды. Ал бір топ азамат Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар азаматқа «Түпқараған ауданына 30 жыл» мерекелік төсбелгісі табысталды.