Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданында би өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан Гүлнара Жолдыбаеваны Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров қабылдап, 60 жасымен құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Рахат Елтизаров би өнеріне сіңірген еңбегіне алғыс айта келе, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аудан өнерінің дамуына қосқан еңбегін тілге тиек етті.
- Өнердегі өмір жолыңыз, халқымыздың ұлылығы мен сұлулығын, ел бірлігі мен халықтар достығын би нақыштарымен өрнектеудің, би өнерінің өркен жаюына сүбелі үлес қосудың үлгісі екені сөзсіз. Елеулі еңбегіңіз халықтың ықыласына бөленетін «Қызғалдақтар» үлгілі би ұжымының 35 жылдық мерейтойы жарқын көрінісі. Жоғары қызметтегі кәсіби біліктілігіңіз, еңбекқорлығыңыз болашақ жастарымызға үлгі. Сондықтан да жұртшылық Сізді үлкен өнер иесі ғана емес, танымал тұлға ретінде де жақсы біледі және құрметтейді. Қоғамда өнердің нар жүгін арқалай жүріп, отбасының берекесін ұйытқан асыл жар, өнерлі ұл-қыз өсірген аяулы анасыз. Осы бақытыңыз ешқашан ортаймасын! Қатар келген қос мерейтой тұсында Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, бақыт, өнер жолындағы шығармашылық ізденістеріңізге әрдайым сәттілік пен табыстар тілеймін, - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар мерекелік қабылдауда Гүлнара Жолдыбаеваның ұл-қыздары эстрада жұлдыздары Кәмшат, Алтынай мен Руслан Жолдыбаев сөз сөйлеп, өз ризашылығын білдірді.