Форт-Шевченко қаласы Түпқараған аудандық мәдениет үйі ғимаратында Маңғыстау ғашықтары «Ақбөбек пен Қайып» соты өткен тарихи орынға мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан баспасөзіне сілтеме бере отырып.
Салтанатты шараға аудан әкімі Рахат Елтизаров қатысып, жиналғандарды ғасырдан астам уақыттан кейін тарихымызға тағзым ретінде арнап қойылып жатқан мемориалдық тақтаның ашылу салтанатымен құттықтады.
- Бүгін міне тағы бір тарихи оқиғаға толы шараның куәсі болып отырмыз. Тарих тереңіне сүңгіп алыстаған сайын ерекше оқиғалар аңызға айналатыны белгілі. Осындай оқиғалардың куәсі Маңғыстау өңірін мекен еткен бір болар арман тілектерімен де арпалысқан қос ғашықтар да аз болмаған. Солардың бірі Маңғыстау ғашықтары Қайып пен Ақбөбек. Бүгін аудандық мәдениет үйі, бұрынғы халық үйінде қос ғашықтың тарихы таспен өрген өлкеде келешек ұрпақтардың жадында қалуы үшін Қайып пен Ақбөбекке арналған мемориалдық тақта орнатылып отыр. Қасиетті өлкеміздің әрбір ескерткіштері тарихты еске салады. Ескерткіштердің тарихымен танысқан сайын белгісіз болған қаншама мәліметтермен танысасың. Бұл ғашықтардың тарихта болғанын тек аудан тұрғындары емес, келешек жас ұрпақ білуі тиіс деп ойлаймын. Бүгінгі орнатылған мемориалдық тақта тарихтың бір бөлшегі ғана. Қайып пен Ақбөбек тарихын ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз, - деді Р. Елтизаров.
Сонымен қоса, "Ер-Бегей ата" қоғамдық қоры директоры, әрі ұрпақтар атынан Амангелді Айтқұлов сөз сөйледі.
Мемориалды тақтаны ашу құрметі Форт-Шевченко қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышқали Жеткізгеновке ұсынылды.
Салтанатты жиын соңы «Ақбөбек пен Қайып» тарихи оқиғасына негізделген қойылыммен жалғасты.
Ақбөбек пен Қайып оқиғасы ХІХ ғасырдың жартысында Маңғыстау түбегінде өткен. Ақбөбектің сүйгені етікші Қайып болған. Бір үйдің жалғыз қызы Ақбөбекті бай баласы Есбергенмен атастырған. Сол кездегі қалыптасқан қазақы салт-дәстүрдің құрбаны болған екі ғашықтың сезімі бір-біріне деген шынайы махаббаты ел жадында сақталған.
Осыған орай, бірнеше жылдан бері сақталып келе жатқан тарихи орында тарихи тұлғалардың есімі сақталып, келешек ұрпақ біліп жүрсін деген мақсатта орнатылып отыр. Мұның өзі біз үшін де, болашақ жастар үшін де үлкен мәні бар деп білеміз.
Түпқараған ауданы әкімдігінің ұсынуымен Маңғыстау облысы әкімдігінің жанынан құрылған «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі» комиссиясының 07 қазан 2022 жылғы №03 хаттамасының негізінде мемориалдық тақтаны орнатуға рұқсат берілді.