Карантин жарияланғаннан бері Қарақия аудандық ардагерлер үйінің жұмысы тоқтаған болатын. Ұлыстың ұлы күніне орай, Құрық ауылы әкімшілігінің ұйымдастыруымен ұлы істің басын бастап, ардагерлер үйі өз есігін айқара ашты.
Бір жылға жуық жабық тұрған бұл нысан күрделі жөндеуден өтті. Ардагерлермен бас қосу барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлы ауданда біршама игілікті істердің жүзеге асқанын жеткізіп, ардагерлерді наурыз мерекесімен құттықтады.
Сондай-ақ, қазыналы қарттарымыз жастарға үлгі болып, ел бірлігін нығайтуда ағалық үлестерін қосып, ақылшы болуға шақырды. Ардагерлер ел бірлігі, ырысты ынтымақ, ұрпақтар сабақтастығы, жастар тәрбиесі жөнінде келелі әңгімелер қозғап, ауданға еңбегі сіңген тұлғаларды еске түсірді. Бұдан кейін, спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жеңіске жеткен орын иелері Алғыс хаттармен марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды.
Ержан Бегниязов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Он жылдан астам уақыттан бері ардагерлер үйі жөндеу көрмеген еді. Осы мәселемен арнайы аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлына жолыққан болатынмын. Жергілікті елдің проблемасын жанына жақын балайтынын әкім менің бұл ұсынысымды оң қабылдады. Керек-жарақтарды Құрық ауылы әкімі Ғабит Салиқов өз қолына алып, бүгін міне мереке қарсаңында ардагерлерге арнайы шара ұйымдастырды. Сондай-ақ, Қарақия кәсіптік колледжінің директоры Далабай Бекмағамбетов кітапқа арналған сөрелер жасап берді. Ауданның қол жеткізген табысы, азаматтарымыздың бағындырған еңбек шыңы – осы азаматтардың арқасы деп білемін. Осы орайда, ардагерлерге көңіл бөлген ізбасарларға ризашылығымды жеткізіп, алғыс білдіремін. Біздер үшін, ардагерлер үйі өзара араласып отыруға қолайлы орта. Алдағы уақытта осы ардагерлер үйінде бас қосқан жиындардың барлығы еліміздің болашағына, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.
Біле білгенге, ардагерлер үйі нағыз қазынаның ордасы ғой. Жастарды дұрыс жолға сілтеген аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы ақсақалдар барда келешек жастар жүгенсіз кетпейтіні белгілі. Сондықтан өткен күннің белгісіндей болып, арамызда жүрген ардагерлеріміздің басып өткен жолын, жасаған жемісті еңбектерін естен шығармай, кейінгіге үлгі етейік!
Фариза Хайдарова