Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйек күні «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.
Президент өз қызметіне кіріскеннен жасаған екінші Үндеуінде барлық саладағы қордаланған проблемаға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Елімізде жер-жаhанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес жөнінде толығырақ тоқталып өтті, күрестің әлі де жалғасуда екенін атап айтты. Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігіне тоқталды. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың жетіспеуі.
Сондай-ақ өнімділікті арттыру, шикізат өндіруді азайтпау, қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар алуға тапсырмалар берді. Елімізде өндірілетін азық-түлік (ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, сүт өнімдері) өнімдерін ұлғайту және де балық шаруашылығына ерекше мән беруге ұсыныстар берді.
Тағы бір маңызды мәселе, келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторийдың күшінің тоқтайтынын, жалпы жер шетелдіктерге сатылмайтындығын, жерді тиімді пайдалану жолдарын қарастыруды Үкіметке тапсырды.
Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысының арзан бағаланатындығы, бұл жасырын еместігі, табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар иеленіп жататындығына тоқталды.
Сондай-ақ қолжетімді әрі сапалы білім беру жүйесіне, әділетті мемлекет азаматтарының мүддесі қорғалуына, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуына байланысты тұжырымды бағытта жұмыстар жүргізуге бағыт-бағдар берілгендігін атап айтуға болады.
Түйінін айтқанда, халыққа тұрақты жұмыс орындарын ашуды, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік қажеттілігін шешуді тапсырды.
Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғарғы стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін-өзі ақтап, қолдау табатындығын. Осыны әрдайым есте ұстау қажеттілігін ескертті.
Ержан БЕГНИЯЗОВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері