Мұнайлыда аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы, білім бөлімі ұйымдастыруымен «Мектепке жол» жәрмеңкесі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мадина Жанжігітованың айтуынша, жәрмеңкенің басты мақсаты - аудан тұрғындарына оқу жылы қарсаңында мектеп формалары мен оқу құрал-жабдықтарын төмен бағада ұсыну.
-Жаңа оқу жылы қарсаңында тұрғындарға қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралы, жалпы оқуға қажетті барлық дүние қолжетімді бағада сатылып жатыр. Әр ауылдан келіп жатқан ата-ана көп. Алдағы уақытта басқа ауылдарда да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, - деді Мадина Жанжігітова.
Айта кетейік, жәрмеңке 19-20 тамыз күндері аудан орталығы Маңғыстау ауылында өтті.