Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылында «Аманат текстиль» атты жаңа тігін фабрикасы ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фабриканың ашылу салтанатына Мұнайлы ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева, фабрика иесі - Жаңбырбай Дәрменов және бірнеше кәсіпорын басшылары қатысты.
Жаңа кәсіпорынның директоры - Жалғас Ануаров.
Бүгінгі таңда тігін фабрикасында 20 адам жұмыс жасайды. Болашақта 100 жұмыс орнын ашып, трикотаждан ересектер мен балаларға арналған киімдерді тігу жоспарлануда.
-Тауарларды ұсыныс берушінің өтінішіне қарай Түркия мен Шымкент, Қырғызстаннан аламыз. Бір күнде 300 киім өңдеп шығарамыз. Шымкентте үлкен фабрикамыз бар. Бұл Мұнайлы аудандағы жаңа филиалымыз. Цехты ашудағы негізгі мақсатымыз - облысымызда басқа өңірлерден, сырттан келетін киім-кешек тауарларына тәуелділікті азайтып, өңірлік өнімнің үлесін арттыру. Нарықта отандық өнім арасында бәсекелестікті арттыру және өзара тауар айналымын жақсарту, - дейді Жалғас Ануаров.
Тігін фабрикасы 1,7 гектар аумақты алады. 100 тігін машинасымен жабдықталған. Атап айтсақ, JUKI, JACK, GENTY іс машиналары арқылы жейде мен өндірістік арнайы киімдер тігіледі.