©
Жуырда Маңғыстау ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы аясында өткен жиын көптің арманын ақиқатқа айналдырды десек те болады. Олай дейтініміз — Президенттің бес әлеуметтік бастамасының біріншісі «7-20-25» бағдарламасы аясында баспанасы жоқ азаматтарға баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктерін түсіндірді. Ресми кірісі бар, әрі жұмыс істейтін азамат 20 пайыздан аспайтын мөлшерде бастапқы жарна салу арқылы 25 жылға дейінгі мерзімде ипотека рәсімдей алады. Жылдық үстеме 7 пайыздан аспайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Сүгіров айтып берді.
«Наурыз айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастама ұсынды. Бастаманы іске асыру шеңберінде осы жылдың мамырында Қазақстан Ұлттық Банкі «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, «Баспана» ипотекалық ұйымын құрды. Ипотеканың жылдық ставкасы—7 пайыз, алғашқы жарнасы—20 пайыз, мерзімі—25 жылға дейін. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында үйдің ең жоғарғы бағасы 25 миллион теңге, басқа өңірлерде 15 миллион теңге. Бағдарламаға ҚР еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі және басқа да ипотекалық қарызы жоқ кез-келген азамат қатыса алады. Сондай-ақ қарыз алушының төлем қабілеті міндетті түрде тексеріледі. Бағдарламаны іске асыру көптеген қазақстандықтар үшін көптен күткен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді, ипотекалық кредиттеудің қарқынын жандандырады және жалпы ел экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Осылайша, біздің әріптес банктеріміздің дамыған желісін ескере отырып, біз «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы елдің барлық өңірлерін қамтып, Қазақстанның біраз азаматына көптен күткен тұрғын үйін алуға көмектеседі деп үміттенеміз», - деп түсіндірді.
Сондай-ақ ол қазіргі таңда бағдарламаны іске асыру жұмыстары басталғанын, екінші деңгейдегі банктермен келісім жасалғанын атап өтті.
«Баспана» арнайы компаниясы «Центркредит», «Халық», «Еуразия», «Цесна», «АТФ», «РБК» және «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкімен» келісімге қол қойылғандығын жеткізді. «Сбербанк» және «Фортебанк» те аталмыш бағдарламаға қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта техникалық жұмыстарды аяқтағаннан кейін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жөнінде бұл екі банкпен де келісімге қол қойылады деп күтілуде. Айта кету керек, қарапайым тұрғындар үшін жақында ғана www.baspana 72025.kz сайты іске қосылыпты. Бұл интернет парақшасынан қызығушылар түрлі мәліметке қаныға алады. Бағдарлама бойынша бүгінгі күні қарыз алуға берілген 126 өтінім мақұлданып, 81 өтінім иесіне қарыз берілді.
«7-20-25» бағдарламасының тағы бір ерекшелігі — онда нысаналы мемлекеттік қаржыландырудың жоқ екендігі болып табылады. Бағдарламаны қаржыландыру кредиттік ресурстардың тез қайтарылуын қамтамасыз ету үшін қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылатын болады.
Осы мәселе аясында қатысушылар баяндамашыға сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Сонымен қатар «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Ж.Маханбетова Елбасының бес бастамасының облысымызда орындалысы туралы айтып өтті.
Баспаналы болу – көптің арманы десек, Елбасы саясатының арқасында бұл армандары жүзеге асқалы тұр. Жасыратыны жоқ, әлі де өңірімізде «Өз үйім – өлең төсегім» болса» деп жүргендер аз емес. Біздің ауданымыздың өзінде пәтер кезегінде тұрған 182 азамат бар десек, бүгінде олардың үміті сенімге айналып, үйлі болуға деген талпынысы арта түскені сөзсіз.
Айгүл РАХМЕТОВА