Бүгін, 20 қыркүйекте Маңғыстау ауданының 95 жылдығына орай республикалық және аймақтық БАҚ өкілдерінің қатысуымен пресс-тур өтті. Іс-шара барысында журналистер Шетпе, Сайөтес және Жармыш ауылдарын аралап, түйіткілді мәселелер мен олардың шешілу жолын бақылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тілшілер баспасөз турында ауылдардағы жаңа құрылыс орындарымен танысты.
- Биыл ауданға – 95 жыл. Мерейтой аясында "95 жылдыққа 95 игі іс" жобасын бастадық. Халықтың көңіл көтеріп, мереке тойлаған жақсы ғой. Дегенмен өлкеміздің әлеуетін арттырып, мәселелерді шешкен әлдеқайда жөн. Осы мақсатта Маңғыстау ауданының 12 ауылы мен 9 елді мекенінде түрлі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, осы кезге дейін тек бастауыш мектебі ғана бар Бекі ауылында 100 орындық мектеп құрылысы жүруде. Осы кезге дейін ауыл балалары жан-жақтағы өзге ауылдардағы мектептерде, интернаттарда білім алды. Осы мәселе биыл шешілмек. Жыл соңына дейін мектеп құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында балалар мектепке өз үйлерінен қатынайды. Бұдан бөлек облысымыздың түйіткілді мәселесі – ауыз су. Біздің ауданның бірнеше ауылында да бұл мәселе бар. Соны шешу мақсатында түрлі жобалар бастау алды, жыл соңына дейін құрылысы аяқталатын нысандар бар,- деді Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов.
Аудан әкімінің айтуынша, мұндағы барлық елді мекендердегі ауыз су мәселесін шешу мақсатында түрлі жұмыстар басталып кеткен. Сондай-ақ ауылішілік жолдар салынып, ауылға кіре беріс жолдар орташа жөндеуден өткізілуде. Ал үш ауысыммен оқитын ауылдарда мектептерге қосымша құрылыс жүргізіліп, "Жайлы мектеп" жобасы аясында жаңа мектеп салынуда.