Маңғыстау ауданының Шетпе, Жармыш және Боздақ ауылдарында ауыз су мәселесін шешу бойынша түрлі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімі Ғ. Ниязов журналистердің қатысуымен өткен пресс-турда мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Іс-шараға қатысушылар Боздақ елді мекеніндегі модульдік су тұшыту қондырғысының жұмысымен танысты. Мұндағы тұрғындар осыған дейін суды "Теміржолсу-Маңғыстау" ЖШС-дан алып отырған. Ал қазір осы ауылдағы жер астынан шығып жатқан тұзды суды тұшыту арқылы ауыл үйлері ауыз сумен толық қамтылмақ. Бұл қондырғыны орнату үшін жергілікті бюджеттен 92млн теңге бөлінген.
- Қондырғы құрылысы былтыр жылдың басында басталып, биыл қыркүйекте біздің баланысымызға өткізілді. Алдағы уақытта қызметкерлерге штат сұрап, қондырғыны толықтай іске қосуға жұмыстанамыз. Осы су тұшыту жұмыстарына шамамен 5 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Қондырғы қазірдің өзінде жұмыс жасап тұр, тариф құны әлі белгіленбегендіктен әзірше тегін таратылуда. Өйткені жүйе үздіксіз жұмыс жасап тұруы қажет. Бізде су тұшытатын 2 резервуар бар, әрқайсысы – 65текше метр су тұшытады. Ауыл шағын, мұнда не бәрі 17 үй. Қондырғы сағатына – 1,5 текше метр, ал күніне шамамен 20 текше метр су жинайды. Сондықтан бұл көрсеткіш тұрғындарды ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жеткілікті,- деді «Дария» МКК директоры Нұркен Қожамбетов.
Маңғыстау ауданы әкімінің айтуынша, Жармыш тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін күніне 200-250текше метр су жеткілікті. Ауылдағы су резервуары күніне 500текше метр су өндіруде. Десек те, жыл соңына дейін жаңа су құбырын іске қосу қарастырылған.
- Жаңа су құбыры арқылы Жармыш ауылы толықтай сумен қамтамасыз етіледі. Құбырдың ұзындығы – 18км, мердігер мекеме – «Көлсай Строй» ЖШС. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталмақ,- деді Жармыш ауылының әкімі Руслан Әбішев.
Ал Шетпе тұрғындарының ауыз су мәселесін шешу үшін Ащыбұлақ, Жаңаорпа-1, Жаңаорпа-2 шағын аудандарында қазір 51шақырым су құбыры жүргізілуде. Оның өзі 2 кезеңнен тұрады. Биыл алдымен су құбыры орнатылмақ, одан кейін Қарабұлақтан 8 скважина қазылады. Содан кейін ғана Ащыбұлақ пен Жаңаорпа тұрғындарына ауыз су беріледі.