Бүгін Бейнеуде аудан әкімінің сайлауы басталды. №121 сайлау учаскесіне дауыс беруге бірінші келген тұрғынның бірі - Еркін Жұбанышұлы. Ол биылғы сайлаудың аудан үшін маңызды екенін айтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Елде алғаш рет өтіп жатқан сайлау оң өзгерістер мен нық қадамдардың бастауы болмақ.
- Бүгін өзім тіркеулі тұрған сайлау учаскесіне келіп, таңдауымды жасадым. Себебі өз ісін білетін, халықтың қамын ойлайтын аудан әкімі сайланғанын қалаймын. Сондықтан белсенділік танытып, алғашқы болып дауыс бердім, - дейді алғашқы дауыс беруші Еркін Жұбанышұлы.
Бейнеу ауданында орналасқан сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-де өз жұмысын бастады. Ауданда барлығы 30 сайлау учаскесі бар. Оның 17-і - Бейнеуде, қалған 13-і - ауылдық жерде.
Айта кетейік, бүгін елімізде алғаш рет 42 аудан және облыстық маңызы бар 3 қаланың әкімін сайлау өтіп жатыр.