5 қараша күні пилоттық режимде Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы әкімінің сайлауы өтеді. Осыған орай 30 сайлау учаскелері дайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz өңірлік сайлау комиссиясына сілтеме жасап.
Барлық учаскелерде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бұрыштар жабдықталған. Сайлау округінде барлығы 40134 сайлаушы бары белгілі болып отыр.
Аудан әкімдеріне сайлауда 5 кандидат тіркелген. 3 қарашадағы жағдай бойынша сайлау бюллетеньдеріне тіркелген 3 кандидат енгізілді.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 3) тармақшасына және 113-5-бабы 11-тармағының 4 тармақшасына сәйкес, кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін (яғни 10 қазан сағат 18.00-ге дейін) әлеуметтік желіде сайлау алдындағы үгітті бірнеше рет өткізгені, үгіт материалдарын орналастыруға (азаматтардың үгіт жарияланымдарын қайта басып шығаруға (репосттауға), сондай-ақ өз жарияланымдарына) жол бергені үшін 28 қазанда Бекзат Әзірханов кандидат ретінде тіркеу туралы шешім жойылғаны мәлім болды.
Сонымен бірге, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабына, 113-4-бабының 1-тармағына, 113-5-бабы 11-тармағының 1 тармақшасына сәйкес, Маңғыстау облысы ПД Бейнеу ауданы полиция бөлімінің ұсынылған саны мәліметтері негізінде кандидатты қолдауға жиналған дұрыс қолдардың жеткіліксіз болуына байланысты, 31 қазанда Хисмет Ұлабаевты кандидат ретінде тіркеу туралы шешім жойылды.
5 қарашада дауыс беру науқаны 30 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де ашылады.
Сайлаушылардың дауыс беруі жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де аяқталады. Сайлаушылар сайлауға он күн қалғанда дауыс беру уақыты мен орны туралы хабарланған. Сондай-ақ, смс-тарату ұйымдастырылған.
Аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары сайлауды өткізуге толық дайын екені хабарланды.