Бейнеу ауданын көркейту мақсатында ауыл орталығына білезік, асық мүсіндері мен LED экран орнатылды.
Ауыл тұрғыны Айтбай Нұрекешов жасаған ұлттық нақыштағы шағын архитектуралық мүсіндер Д.Тәжіұлы мен Қосай ата, Тәуелсіздік даңғылы мен Ж.Қалдығараев көшелерінің қиылысына және Асау батыр көшесінің бойына орнатылды. Қазақ халқының ұлттық колориті көрініс тапқан бұл мүсіндер ауыл көшелерінің моральдық эстетикалық сәнін келтіріп тұр.
Ұзындығы 6, ені 3 метр болатын P8 маркалы жарықдиотты LED экран Д.Тәжіұлы мен Қосай ата көшелерінің қиылысына орнатылды. Енді зәулім экраннан аудан көлеміндегі әртүрлі жаңалықтар мен жетістіктер көпшілікке жарияланады. Сонымен қатар аудан кәсіпкерлерінің бизнесін дамыту үшін жарнамалық роликтер көрсетіледі.
- Бұл жобаларымыз тұрғындар тарапынан қолдау тауып, ел игілігіне берілді. Бейнеу ауданының орталығын абаттандыру және көркейту бағдарламасы аясындағы жұмыстарымыз әлі де жалғасын табады, - деді Бейнеу ауылының әкімі Расул Тайшыбаев.