Жер-ананың бусанып, сай - саласы қар суымен құнарланып, жасыл кілемдей жасанған шағында «Жерге себілген тұқымнан несібеміз толыға түседі» деп үміт артатын егіншілер тірлігі қазір қызу қайнап жатыр. Маңғыстау ауданы аумағындағы шаруашылық алқабының 261,4 гектары егістік жерлерге тиесілі десек, орақ орып, кетпен түретін аудан маңындағы 43 шаруашылық егіншілері еккен егінінің ризығын көре бастады. Соның бірі – Жыңғылдыдағы Талғат Ермановтың «Бата» өндірістік кооперативі.
Жиырма бес гектар жерге себілген дақыл өнім беріп үлгерді, дәмі тіл үйірер көкөністердің түрлі сорттары үлкен сұранысқа ие. Қауын, қарбыз, баклажан, қияр, қызанақ, жуа, сәбіз, қырыққабатты саттыққа шығарып отырған ол дәл осы көкөніс түрлерінен мол өнім жинауға ниетті.
Үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерден де құр алақан емес. Ауылшаруашылық басқармасының қолдауымен тұқымға алған субсидияның өзібіраз көмек болғанын айтты. Егілетін тұқымның сапасына мәнберетін Т.Ерманов Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен арнайы алдырып отырады.
- Біршама уақыттан бері егін егумен айналысып келемін. Қазір балаларым, жолдасым осы кәсіптің айналасында жүр. Мақсатым - тұрғындарды жергілікті өніммен қамтамасыз ету арқылы табыс табу. Бір қынжылтатыны - ауыл азаматтарының егін егуге келгенде енжарлық танытатыны, қазірон сегіз жұмысшымның басым бөлігі көрші мемлекет азаматтары. Арнайы еңбек шартымен жұмыс жасауда. Егін науқаны басталғаннан бүгінгі күнге дейін Ақтаудағы «Асар-С» базарына 50 тонна қарбыз, 30 тонна қауын, 25 тонна қияр, 10 тонна қызанақ, 7 тонна баклажан, 3 тонна кәді, 2 тонна жүгері, 50 келі көк жуа, көк шөп жөнелтілді. Аудан орталығы мен ауыл дүкендеріне 16 тонна қарбыз, 12 тонна қауын, 6 тонна қияр, 3 тонна қызанақ, 1 тонна қырыққабат, 600 келі баклажан тапсырылды, – дейді Т.Ерманов бізбен әңгімесінде.
Сондай-ақ бұл шаруа қожалығы «Маңғыстаумұнайгаз» мекемесімен шарт жасасып, 3715 келі қарбыз, 3000 келі қауын, 2807 келі қырыққабат, 978 келі қияр, 1541 келі қызанақ, 735 келі баклажан, 250 дана көкшөп өнімін тапсырған.
Жаздың аптап ыстығына қарамастан егін басында жұмыс қызу жүріп жатыр. Шыққан өнімді жинау, суару, баптау сынды кезек күттірмейтін істерді жүргізумен қатар өнімге зиянкестерден зардап келмеуін қадағалау сынды жұмыстарды Т.Ерманов қатаң бақылауына алады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, еткен еңбегінен бала-шағасының ризық – несібесін айырып отырған бұл азаматтың ісі жастарға үлгі болары сөзсіз.
Айгүл НОҒАЙХАН