«Қазақстандағы ақбөкендердің үш популяциясының ішінде Үстірт ақбөкендері қиын жағдайда. Бұрын 250-270 мың болған бөкеннен былтырғы есеп бойынша 2700 бас қана қалған. Мемлекет тарапынан жасалған шаралар күткендей нәтиже бермей отыр», - дейді «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының» Маңғыстау облысындағы филиалының төрағасы Әділбек Козыбақов. Ол сонымен қатар «Жаңа экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу орталығы» ҚБ-нің «Киіктердің үстірт популяциясын сақтау бойынша жергілікті қоғамдастықтарды жұмылдыру» жобасының үйлестірушісі.
Айта кетелік, Қазақстанда ақбөкеннің үш популяциясы мекен етеді: Бетпақдала, Орал және Үстірт. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бетпақдала ақбөкендері жаппай қырылған болатын. Сарапшылар Үстірт популяциясының да жойылып кету қаупі жоғары екенін айтып отыр. 1980 жылдары ғана 250 мыңнан аса киік жайылған болса, бүгінде оның саны 2700-ге әрең жетеді. Сондықтан Қазақстанның басқа популяциясын сақтап қалу мамандардың күн тәртібінен түскен емес.
Сонымен ақбөкендерді сақтау процесіне кім қосыла алады? Әрине, бизнес құрылымдар.
«Бірақ бизнес үшін нәтижесі бірден көрінетін іске көмектесу жеткілікті, ал табиғат қорғауға жұмсалған қаражат компанияның имиджін көтеруге әсер етпеуі де мүмкін», - дейді ол.
https://gis.geology.gov.kz/geo/ сайтындағы табиғат пайдаланушылардың интерактивті картасынан ақбөкендердің жосу жолында (Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы, Атырау облысы Жылыой ауданы, Ақтөбе облысы Байғанин ауданы) «ҚазАзот» АҚ келісімшарттық аумағын жатқанын көруге болады. Сондықтан Ә.Қозыбақов Экологиялық кодексті басшылыққа ала отырып, компанияға ақбөкендерді сақтау шараларына қаражат бөлу туралы ұсыныспен шықты.
«ҚазАзот» ЖШС-не ақбөкендердің үстірттегі жосу жолындағы мекендейтін жерін қалпына келтіру, түрлі себептермен істен шыққан артезиан ұңғымаларын жөндеу, жабайы жануарлар үшін су қоймаларын құру мүмкіндігін қарауды ұсындық. Сонымен қатар жергілікті қауымдастық пен табиғат қорғау саласындағы ҮЕҰ-ға жануарлар дүниесі мен олардың өмір сүру ортасын сақтау шараларына ықпал ету ұсынылды, - дейді ол.
Бұл ұсыныс Ақтау қаласында арнайы ұйымдастырылған, «ҚазАзот» АҚ өкілдері қатысқан дөңгелек үстелде айтылған. Дөңгелек үстелдің жұмысына «ҚазАзот» АҚ экологы Батырхан Өмірханов, Маңғыстау облысы экология департаментінің өкілі Раушан Төлепова, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Тұрғанбай Шапағатов, Маңғыстау геология және табиғат пайдаланушылар өңірлік инспекциясы Алмагүл Келбет, облыстық табиғат ресурстар және табиғат пайдалану реттеу басқармасының өкілі Орынбасар Тоғжанов, облыстық табиғатты қорғау полициясы Маңғыстау Жайлаубаев және «Маңғыстау табиғаты» ҚБ қкілі Қайрат Мұхашев қатысты.
«Б.Өмірханов компания тарапынан үстірт ақбөкендерінің өмір сүру жағдайын жақсарту бойына шаралар қабылдау қажеттігі туралы пікірлерді қабылдады. Әзірге әңгіме «ҚазАзот» АҚ-ның аталған шараларды іске асыруға қажетті шығысты бюджетке қосу мүмкіндігін қарастыру төңірегінде жүруде», - дейді Ә.Қозыбақов.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша «ҚазАзот» АҚ отырыс қатысушыларының ұсыныстары енгізілген ресми хат жолданған.
«Компания басшылығы қоршаған ортаны қорғау бойынша шаралар жоспарындағы «Флора мен фаунаны қорғау» және «Экологиялық насихат және ағарту» бөліктерінің тиімді орындалуына ықпал етеді деп сенеміз. Яғни нәтиже тек қағазда емес, іс жүзінде болады деп сенеміз. Экологиялық заңнаманы ұстану мемлекеттік органдар алдында экологиялық бұзушылықтарға жол бермейтін табиғат пайдаланушы беделін қалыптастырады. Мұның бәрі қоғам алдында компанияның әлеуметтік жауапты компания ретінде жағымды имиджін көтереді», - деді Әділбек Қозыбақов.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет adym.kz сайтынан