©
Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің мәдени және саяси түлеу жолындағы мақсатын айқындай түсетін еңбек екендігі аян. Тәуелсіздік жылдарында «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылып, әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жүйелі түрде зерттеліп, көптеген құнды дүние жарық көре бастады. 2012 жылы ҚР Ғылым және білім министрлігі бекіткен Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранның «Жаһан нама» географиялық трактаты (XIII ғ. басы) Қазақстан мен Орталық Азия тарихының дерегі» атты фундаменталдық жобаның орындаушысы болған Нияз Тобыш парсы тілінде жазылған «Жаhан наманы» қазақ және ағылшын тілдеріне аударып, күні бүгінге дейін әлі де сыры беймәлім болып келген тарихтың жаңа қырларын ашып берді. «Жаhан нама» кітабы – этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, қызықты тарихи-географиялық және космографиялық мағлұматтардың сырын ашатын таңғажайып туынды. «Кешегіміз түгенделмей, бүгінгіміз бүтінделмейді» деп абыз атамыз Әбіш Кекілбаев айтпақшы, «Жаhан нама» кітабы ежелгі тарихтың негіздерін күні бүгінмен қосатын жолды құрап, уақыттың үзіліссіз байланысын көрсететін қазіргі даудамайдағы адамзатқа қажетті көп қырлы қоғамның тарихи тәжірибесін зерттейді десек артық айтқандық болмас. Иә, ол шындық! Тегіміз, тарихымыз туралы қазақтың жаңа дерегі шығып жатыр, ағайын! Мұның дәлелі «Жаhан нама» кітабындағы сегіз жүз жыл бұрынғы Иран мен бүкіл әлем қоғамдастығынан өте сирек кездесетін ақпараттар жинақтаған тарихи географияны Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы «№1 кешкі жалпы білім беру орта мектебі» КММ-ның ағылшын тілі пәні мұғалімі, қазақша-ағылшынша, қазақша-парсыша тілашар сөздіктерінің авторы, ағылшын, парсы тілдерінің маманы Нияз Тобыштың әлемдік тарихнамада тұңғыш рет қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударып, ұсынуы дәлел болып отыр. Әлі де сиясы кеппеген аударма-туындының құндылығы Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты күні кешегі мақаласында айтылған: «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды, бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаhандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», – деген пікірін айғақтай түскендей! Тарихқа көз жүгіртсек ата-бабаларымыздан қалған кең-байтақ жердің тарихын айқындайтын жер-су, тау-тас атаулары, өсімдігі, жан-жануарлары, табиғи байлық көздерінің ежелден Қазақстан жерінде, соның ішінде Маңғыстау жерінде бай көзі болып, қай заманда да сыртқы дүниені қызықтырғаны мәлім. Ұлт пен ұлыстардың қалыптасу заманында, яғни 12-ғасырда Хорезм мемлекеті Сұлтан Әли шах басқарған кезінде өркениет мәдениеті өз шыңына жетті. Білім, ғылым, сәулет мәдениеті жоғары дамып, экономикалық байланыс күшейді. Географиялық жағынан шығыс пен батыстың, Ұлы жібек жолының бойында, оңтүстікте парсы елімен байланыстыратын Кіші жібек жолы тармағының торабында орналасуы елдің саяси әлеуетін одан әрі көтерді. Осыған байланысты 10-ғасырдан бастап Хорезм сұлтаны Ибн Мамунның кезінде академияға ғалымдар, медиктер, ақындар дүниенің төрт бұрышынан Хорезмнің астанасы Көнеүргеніш қаласына келіп, шәкірттерге медреседе дәріс берді. Обсерваториялар ашылып, онда Абу Али ал-Хорезми, Абу Али ибн Сина, Абу Райхан ал-Бируни сияқты білімдар ғұламалар жұмыс жасады. Елдің өзге елдермен байланысы күшейіп Чынмачынмен (Қытай), Парсы, Үнді, Шам (Сирия), Арабия, Рум, Мысырмен қатынаста болды. Осы тұрғыда Сұлтанға елдің билік қорғанысын және әлеуметтік байланысын күшейту үшін нақты мәліметтері бар карта керек болды. Уәзірлерін жинап, ғалым-оқымыстыларға географиялық карта жасауды бұйырды. Осы тапсырма бойынша Хорасанның Тусс қаласының тумасы, ғалым, ойшыл Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранға жаһанның картасын сызуды бұйырды. Ол картаны 605-хижри қамари (1208) жылы аяқтады. Орта ғасырда белгілі болған Еуразия мен Африка ойкуменінің географиялық картасын 3×3 гяз өлшемінде матаға сызып бітірді және өзінің парсы тілінде жазған трактаты осы «Жаhан нама» кітабын ұлы шах сұлтан Әлиге табыстады. Бұл кітап 20 тараудан тұрады, ескілігімен өте құнды әрі Қазақстан туралы тың мәліметтерге бай. Орта ғасырда бұл кітапты Моңғол шапқыншылығына дейін (1221 жыл) Хорезм астанасы Көнеүргеніш медреселерінде оқулық ретінде де қолданған. Кітап мәнін бұл күнде де сақтап тұр. Атап айтсақ кітапта келтірілген дәлелдер бойынша сол дәуірдегі адамдардың жерасты байлықтарын, әсіресе тас көмір мен мұнайды игергендіктері, қарамайды (мұнайдың) Маңғышлақта құдықтан алып, оны түйемен Хорезм қалаларына, Отырарға, Жентке, Түркістанға, Бұхараға жөнелтетін болған. Отынға, медицинада, әсіресе қорғаныс саласында пайдаланғандығы, жаугершілік заманда орталық қалаларды жау қаптағанда ыстық қара майды төбеден құйып, жауды жібермегендігі туралы мәліметтерге қарап мұнайдың шығу тарихы туралы тың деректерді аңғаруға болады. Осы орайда мұнайдың ашылуы туралы ағайынды Гурий Назарьев 1640 жылы (Яраславльдық көпес), Жайық келіп бекініс салған. Геолог Н.Сверцов Жайық, Ембі аймағының картасын жасады, зерттеу барысында сол жерден мұнай қорын алғаш болып тапқан. Теңіз жағасындағы Гурий кенті кейін Гурьев қаласы болып аталады деген мәліметін «Жаһан нама» кітабындағы тың мәліметтермен салыстырып кетуге болады. Мәселен, адамдар кара майды (мұнайдың) қара түсін Маңғышлақта, Балқанда қазылған құдықтан шығарады, жасыл түсін Хәзерде, Дарбанда, ақ түсін Бакуде Абескун теңізінде бір аралдан шығатынын 12-ғасырда білген. Қара мұнайды тамшылату жолымен ақ түске айналдырады делінген. Сондай-ақ кітапта «жер-судың аты – тарихтың хаты» демекші, сол кездегі Дешті Қыпшақ деп аталатын қазақ жерлерін, Мавереннахрды (Сыр және Амудария өзені арасы) мекендейтін халықтың өте қонақжай, қайырымды болатындығы айтылып, бабаларымыздың мінез-құлықтарын сол кезде нақты тамаша сипаттаған. Түркістанда Хәллох пен Хатлан арасында тау өткелдері бар. Кімдекім сол жерден өтер болса, шақпақ тастардың дауысы шықпас үшін аттың тұяғына киіз байлап алады. Әйтпесе күн қарайып, жаңбыр немесе кар жауатын болған. Түркілердің сиқыр мен ететін ісі, жаңбыр мен қар жауғызу ісі осыдан алынған. Найзағай ойнағанда көктен жерге мыс түсті, темір сияқты жебенің ұшындай тас түсетіні және адамға тисе табанда қатырады деген мәліметтер тың зерттеулерді талап етеді. Хорезм көлі (Арал), Шаш (Ташкент) жері, Абескун көліндегі (Каспий), Қаратау туралы тамаша мәліметтер келтірілген. Елдердің қоныс аудару және орналасуы тарауында айтылған мына фактіге назар аударсақ, Маңғышлақтың түркілердің бір қауымының қонысы болғанын білеміз. Ғоздармен (оғыздар) арада болған келіспеушілік олардың бұрынғы өз жерлерінен кетуіне себеп болады. Абескун көліндегі Қара тау (Отпан тау) маңына келіп орналасады, өйткені бұл аймақта жайлы өрістер мен суы мол бұлақтарға тап болады, қоныстанады. Оларды «Маңғышлақ елі» деп атайды, олардың ұлығы «Хан» делінеді. Міне, осы жерден де қазақ ұлтының, бабаларымыздың Маңғыстауда өте ерте заманнан тұрғанын, хандық құрылысы бар ел болғанын аңғарамыз. Сондықтан Қазақ хандығының пайда болуы 15-ғасырға тура келгенін есепке ала отырып, ендігі кезекте қазақ ұлты туралы мәліметтерді «Жаһан нама» мен салыстыра отырып, толық қайта зерттеулерді талап етеді. Дешті Қыпшақты мекен деген бабаларымыздың, кең-байтақ жерді қалай сақтап қалуының сырлары да осында жатқан болу керек. «Ұлы даланың жеті қыры» ат міну мәдениеті, суын ат, ең жүйрік Адай жылқылары да осы теңіз жағасынан кең-байтақ қазақ жеріне тарағанын, металды балқыту, өңдеу, алтын әшекейлер жасау, асыл тас кен орны туралы да айтылған. Мысалы, фируза – асыл тастың ең жақсысы, Хорезм уалаятында Түркістаннан шығады. Ол жерде де бұл тастың кен орны бар деп көрсеткен. Адам баласының екі тірегі болады: бірі - туған жерің болса, екіншісі – ата-тегің! Қазақ сұрасқанда, біліскенде «Қай жерденсің?», «ата-тегің кім?» деп сұрайды. Осыған жауап бере алған адамды текті, рухы мықты деп есептеген. Білмегенді тексіз деп атаған. «Кітап – білім бұлағы, білім - өмір шырағы» демекші, балдан суы тәтті рухани бұлақ көзі 810 жылдан кейін киелі Маңғыстауда ашылды, ағайын! Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен ата мекеніміз, 362 әулие өткен Маңғыстау бүгінде де ел бірлігі мен жарқын болашаққа бағдар беретін рухани жаңғырудың ұйытқысы болмақ. Осындай әлемдік ауқымдағы құнды еңбекті үш тілге аударып, бізге жеткізген аға ұстазымыз Нияз Тобыш Қартбайұлының зор еңбегін бағалай отырып, тәуелсіздікке және тарихымызды танып-білуге қосқан ерен үлесі үшін ризашылығымызды білдіреміз.Тоғайбай ҚАЗИЕВ, «№1 кешкі жалпы білім беру орта мектебі» КММ директоры. Мұнайлы ауданы