Ақтаудың Нәсіпқали Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейі қабырғасында өлкемізге танымал қос ақынмен кездесу болды. Бұл шара «Рухани жаңғыру» аясында «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласымен ұштастырылып, 22 ақпан – Халықаралық ана тілі мерекесімен орайластырылды.
Ұжымдағы қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігі ұйымдастырып, талантты ақындар Темір Мыңжас пен Рахат Қосбармақ қатысқан «Ақын – елдің ардағы» атты поэзия кешін өткізудің мақсаты – өскелең ұрпақты өз өлкеміздің танымал тұлғаларының өмір жолымен, шығармашылығымен таныстыру. Қонақтарды мектеп фойесінде өнерпаз оқушылар домбыраның күмбірлеген күйі мен қарсы алды. Ақындар алдымен мектебіміздегі Н.Марабаев мұражайымен танысып, содан соң кездесу ақындар өміріне байланысты әдемі баннермен, шарлармен безендірілген мектептің акт залында жалғасты. Кешті мектеп директоры Г.Иманғалиева ашып, қонақтарға өзінің жылы лебізін білдірді. Осы шараға орай Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері мәжіліс залының бір бұрышына кітап көрмесін қойып, қос ақынның әр түрлі жылдарда жарық көрген туындыларына жалпы шолу жасап, оқушыларға кітаптың адам өмірінде алар орны жайында тоқталып өтті. Үш бөлімнен тұрған кештің алғашқы бөлімінде ақындардың қысқаша өмірбаяны таныстырылып, төрде орнатылған интерактивті тақтадан қос ақынның өмір жолына, шығармашылығына қатысты арнайы дайындалған слайдтар көрсетілді. Келесі бөлімінде ақындарымыздың туындыларына кезек берілді. Оқушылар қос ақынның туған жер, отан, отбасы, өмір туралы өлеңдерін жатқа айтып, мәнерлеп оқыды. Кеш барысында Рахат Қосбармақтың сөзіне жазылған «Іңкәрім» әнін қазақ тілі пәні мұғалімі Айсәуле Есболаева гитараның сүйемелдеуінде нақышына келтірсе, Темір Мыңжас ағамыздың сөзіне жазылған «Апа, сен қартаймайсың» әнін 11 «а» сынып оқушысы Аружан Теңелханова әсерлі орындады. Ән мен жыр кезектесе айтылып, залда отырғандардың көңіл күйін көтерді. Сондай-ақ 3сынып оқушыларының орындауымен Р.Қосбармақтың «Жаңылған сұрақтар» қойылымы сәтті шықты. Кештің ең әсерлі тұсы Темір Мыңжас пен Рахат Қосбармақтың өз туындыларын оқушыларға таныстырып, оқуымен айшықталды. Ақын ағаларын зейін қоя тыңдаған оқушылар кеш соңында түрлі сұрақтарын қойып, жауаптарына қанықты. Осы кездесудің жақсы өтуіне кешті жүргізген қазақ тілі пәні мұғалімі, әдістемелік бірлестіктің жетекшісі Айжан Қойшыбаеваның еңбегі зор. Кеш соңында қазақ тілі пәні мұғалімі Сайлаугүл Нұрқанова Темір Мыңжастың «Өмір деген» өлеңін оқып, көпшілік көңілін толқытып жіберді. Кеш соңында мектебіміздің орыс тілі пәнінен облыстық олимпиада жүлдегерлері, енді республикалық олимпиадаға жолдама алған 10-сынып оқушылары Ева Смоленская мен қазақ тілі пәнінен Диана Навасардян «Ана тілі» әнін орындады. Мектебіміздің жас талантты қос суретшісі кеш бойы салған суреттерін қос ақынға тарту етті. Осындай жан жадыратар шараны ұйымдастырған мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Айсәуле Есболаеваға, Айжан Қойшыбаеваға, Әлия Алпысбаеваға, Ләззат Жақсыбаеваға, Майша Жұматоваға, Гүлжамал Орынбаеваға, Сайлаугүл Нұрхановаға, оқу ордасының директоры Гүлден Бисенбайқызына және кездесудің өте жақсы өтуіне белсене атсалысқан Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері Гүлшат Сәрсембаева мен Назым Акенееваға мың да бір алғыс! Ақындар мектепке, ұстаздарға өз кітаптарын қолтаңбасымен тарту етіп, көрермен көпшілікпен естелік суретке түсті. Жылы шырайда өткен кештен ақындарымыз да, көрермендеріміз де үлкен әсер алып, өз алғыстарын білдірді.Майша ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ, Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінің қазақ тілі пәні мұғалімі