©
Жұмбақ айтыстың әдемі түрі – Сүгір жыраудың жазбаша айтысы. Бұл айтыстың ел арасында бірнеше нұсқалары бар. Солардың бірі – жыршы ақын Сәду Қайырлаповтың 1965 жылы таспаға жазып алып, қағазға түсірген көркемдік нұсқасы. Ескелді Сүгір Бегендікұлының сөз өнерінде қабілеті жаңадан таныла бастаған кезінде әйгілі Сәттіғұл ақынмен екеуін бір-біріне айдап салушылардың тілімен қайта-қайта мазалай берген соң, Сәттіғұл ақын Хорезмдегі Сүгір Бекендікұлына өлеңмен жұмбақ жазып жіберіпті. Сәттіғұл сұрақтарында жер мен көктің табиғаты, неке негізі туралы мәселелер қозғайды. Ондағы ойы – жас ақынның білім шамасын байқау, өзіне «сес» көрсеткен Сүгірді сүріндіру. Сүгір келген хатты оқып қараса, жұмбақ өлең де түгелдей Құран сөзіне құрылған екен. Ептеп арабша сауаты болғанмен, Сүгір Бегендікұлының Құранға тісі батпаса керек, бұл хаттың шешуін сұрап сол кездегі атақты ғұлама, оқымысты Көрпе Оразмағанбет ахунға алып келеді. Оразмағанбет жұмбақтың жауаптарын бірнеше кітаптардан ақтарып қарап, шешіп береді. Оны өлеңге келтіріп, өрнектейді де, Сүгір жырау Сәттіғұл ақынға Маңғыстауға жолдайды. Мынау сондағы Сәттіғұл ақынның Сүгірге жолдаған хатынан үзінді: Сәттіғұлдай ағаңнан Көп сәлем шайыр Сүгірге, Харазым, Хандық – әр құрал, Елімді кезіп, еңселеп Қосылдым талай дүбірге. Болғаннан соң жақыным Саған айтар ақылым: Мойныңды бұрып көз салып, Болмайтын жерге үңілме, Шамасыз жерге шарқ ұрып Тоғыңды шайқап бүлінбе, Абыл мен Нұрым, Кенже Ақтан Осы үшеуі болмаса, Кім бар еді, шырағым, Ағаңнан артық бүгінде? Айтысам депсің әр жерде, Бұл айтқан сөзің шын болса, Жоқ екен ақыл інімде. Төңіректе ақын көп, Өнерің болса тіліңде. Тәрк етілген Әзәзіл Масығам деп білімге – Үлкендік алма көңілге Таптырар жазым түбіңде, – деп «шамасыз жерге шарқ ұрмай», «өз тұрғыластарыңмен өнер сынас» дейді. Ағалық өнеге, әрі сын ретіндегі осы сөздерге Сүгір де өзінше жауап берген айтыс Нұрым мен Қашағанның сөз жарыстыруын еске салады. Бұл айтысты халық ақындарының ежелгі дәстүрі бойынша өзін Сәттіғұлдың шәкірті санаған Сүгір жырлап таратқан. Сүгір жырау теңіздей тебіреніп, долданып, сәуірдің ақ жауынындай төпеп, ұрпағын кісілікке шақырған, ерлердің ерлігін жырлаған, халық басына келген тауқыметті, қайғыны суреттеген, елді елдікке, батырды ерлікке үндеген жырлар туғызған. Сүгір жырау жырдың қандай түрін де домбыраға қосып орындаған, жат- тампаздықпен тыңдаушыны таң қалдырған. Сүгір сарыны ойнақылығымен, кейде әнмен басталып, арты қоңыр жыр сонарына түсіп, орындалу ерекшелігімен көрінетін. Халық арасында «Сүгірдің бес қайырмасы» – деген сөз жақсы сақталған. Әрине, оны насихаттау бәріміздің парызымыз.Меруерт ТАЙШАЕВА,
№10 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі