©
Қарап отырсам Әбіш Кекілбаев «Қазақтың Гомері» деп бағалаған халық ақыны Өмірзақ Қалбаевтың шығырмашылығымен де, өмірімен де жақсы таныстардың бірі – мен екенмін. Бірақ мен кейбіреулер сияқты «Мен - Өмірзақ Қалбаевтың шәкіртімін», «Өмірзақ Қалбаев – менің атам» деп даурықпадым, баспасөзде де даңғаза қылмадым. Себебі әсіреқызыл тез оңатынына бұрыннан көзім жеткен. Сондықтан сыпайы сыйласуға тырыстым. Оны Өмекеңнің өзі де жақсы түсінетін.
Біз Өмекеңмен өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басынан бастап араластық. Ол – біресе Шоманай, біресе Хожелі ауданына қарасты болып кете беретін «Ленинабад» кеңшарында, яғни қазіргі «Бегжап» диқан-фермер шаруашылығында тұрды. Сол кеңшардың жанар-жағар май таратушысы болды. Ал мен Хожелі ауданының «Әмудәрия» кеңшарында ата-ана, бала-шаға, ағайын туыстарымен бірге өмір сүрдім. Ауылымыздың арасы - небәрі отыз-ақ шақырым жер.
Негізінде бізді байланыстырып, бір-бірімізбен қатыстырып, үй-ішімізбен араласуға себеп болған – көзге көрінбейтін нәзік сәуле сияқты әдеби шығармашылық. Айтқан аңыз, әңгімелерін үйіне келіп жалықпай тыңдап отырамын. Қазіргідей диктофон, бейне жазу техникалары өңіміз түгіл түсімізге де кірмейтін. Әйтеуір, үнемі қасымда жүретін сөмкемнен сырты оңып кеткен блокнотыма жетіскенімше түртіп алатынмын. Соның нәтижесінде сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Өмекеңнің өзі туралы «Халық шежіресінің зергері» деген очеркім, «Адайдың ақтаңгері» атты өлең-очеркім, Қарақалпақтың атақты сазгері Құдайберген Тұрдықұлов туралы зерттеу еңбегім, Қосай ата, Бекет ата, Дәуіт ата, Балуанияз батыр, Ескелді Тұрмамбет, Қалнияз ақын, Қалнияздың әкесі Шопық туралы және «Бегей батыр қайда жатыр?» деген сияқты тағы да басқа әруақты батыр аталарымыз жайлы жазылған азды-көпті материалдарым дүниеге келді.
Өмекең әңгіме айтқанда сандарға жоламайтын. Тек оқиғаның болған кезеңдерін шамалап айтады. Кейбірін қағазға қарап сайрайды. Ол кезде сірә компьютер деген атымен жоқ. Үлкен кісі болғасын мәшинкені де пайдалана алмайтын болуы керек. Пайдалана білгенмен қазақша әрібі бар мәшинкені іздеп табудан қасқалдақтың қанын іздеу әлдеқайда жеңіл. Сондықтан ол үнемі реңкі сарғыш қағаздарға жазатын. Ақ қағаз табу да оңай емес. Тапқаныңмен бағасы атан түйенің бәсінен кем емес.
Өмекең жолы жоқ қағаздарға маржандай тізіп, түп-түзу жазады. Әріптері өте ұсақ. Кейбір әріптері бірімен-бірі ұштасып кетеді. Сол үшін маған ол кісінің жазғандарын оқығаннан айтқандарын тыңдау жеңіл болып көрінетін. Әсіресе, қара шайға шөлі қанып, маңдайы жіпсіп, денесінің құрыс-тырысы жазылғасын ұшатын қырандай қомданып қоя беретін. Бәйгедегі бір-екі айналымнан кейін тер шығып, еті қызып, қалыпқа түскен қас жүйріктей, даусын міңгірлетіп шығаратын кеңсірігіндегі кемістік те ұмытылып, ашылыса түсіп, көсіле шабатын. Содан әңгімеміз түннің бір уағына дейін созылатын. Ол – айтушы, мен – тыңдаушы.
Көбінесе мен ол кісіге ертедегі ата-бабалар туралы материал жазу барысында міндетті түрде барып, ойласып, пікірлесіп, әбден талқылап пісіріп, иі қанғасын жазуға отыратынмын. Сөйтіп жазылған материалдарым, құдайға шүкір, мақтанғаным емес, Абайша айтқанда айналасы теп-тегіс жұмыр келіп, оқырмандардың қызығушылығын тудырып отыратын. Дау-дамай болып жатса да, әйтеуір жеңіліске ұшырамайтынмын. Себебі алдымда алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы, шежіренің шебері, Адай тарихының ақтаңгері, көзі тірі куәсі отырған жоқ па?! Осы әдісті әліге дейін қолданамын. Газетке көлемді очерк, суреттеме түгіл, жәй ғана мақала жазсам да сол Өмекеңнен үйренген «үрдіске» соғып, Өмекең салған сүрлеуге түсіп аламын. Әрине, ол – журналист емес. Ол – ақын. Ақын болғанда да шежіреге жан бітіре сөйлейтін халық ақыны. Өзі қандай болса, жазғандары да сондай. Шығармаларының өнебойынан адалдық, ақиқаттық, адамгершілік, шыншылдық жұпардай аңқып тұрады. Оны оқыған оқырманның бойында өмірге, Отанға, туған жерге деген ыстық сезім мен құштарлықтың пайда болатынын өзі де аңғармай қалады. Сенбесеңіз, маңғыстаулық жыршы, термешілер орындап жүрген Өмекеңнің «Ер Қосай», «Ер Шабай» дастандарын немесе «Адай жайсаңдарын» әлде нәсият сөздерін көңіл қойып тыңдап көріңіз.
Өмірзақ Қалбаев тұла бойы тұнған тарих, қазыналы шежіре, соны жәуһар жырмен сөйлете білетін асқақ ақындық дарыны болса да, өте қарапайым, ешкіммен сөз таластырып жатпайтын момын жан болды. Алдындағы асын біреу тартып алып кетсе де, дария тасыса тобығына келмей отыра беретін мінезі маған ұнаңқырамайтын. Кейде қынжылатынмын. Шыдамай кетіп ара түсіп, біреулердің көңіліне тиген сәттерім де болды. Әрине, оларды жасырмаймын. Өйткені ол әдетімді жұрттың көпшілігі білетін.
1992-93 жылдардың бірінде Хожелі ауданында қазақ ұлттық мәдени орталығы құрылып, соның тұңғыш конференциясы болғалы жатқан. Аудан әкімдігінің кең залына халық лық толған. Жиналғандардың 96-97 пайызы қазақтар. Конференцияның басталуына әлі бірталай уақыт бар. Әрине, бос отыру іш пыстырады. Әлгі советтік солақай саясаттың сусынын сіміріп ішкен сұңғыла коммунистер «Аудан әкіміне кесірі тиюі мүмкін», «Қазақтар неге бірлестік құрып, өзара бірлесіп жатыр» деп айтады деген жалған желеумен ауылдардағы қазақша ансамбльдерді алдырмаған. Әйтпесе, қазақша жыр, терме айтатындар мен күмбірлете күй тартқанда төбе құйқаңды шымырлататын күйшілер мен жүрегіңді тебірентіп, көңіл көкжиегіңді көкке өрлететін күміс көмей әншілер Хожелі ауданында жетіп артылатын. Ал «Аудан әкіміне кесірі тиіп, зардап шегуі мүмкін» деп «қамқорлық» жасап жүргендер қандастарымыз, яғни өзіміздің жағымпаздар. Өйткені Хожелі ауданының тұңғыш әкімі, Қарақалпақстан республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Сапарбай Нұрқожаевтың руы Он екі Байұлыдағы Байбақты болатын. Демек Қарақалпақстандағы 13 аудан, 2 қала әкімінің ішіндегі жалғыз қазақ – Сапарбай Төрешұлы.
Аталмыш конференция жуық арада бастала қоймады. Жиналған жұртшылық ерігіп те, зерігіп барады. Залда отырғандардың ішінде Өмірзақ Қалбаевты әуелден танитын көзкөргендер «Өмеке, қарап отырғанша ортаға шығыңыз, сөйлеңіз, ұлағатты әңгімеңізді тыңдайық» деп қолқа салды. Көптің көңілін қимайтын Өмекең сөйлеуге ыңғай танытты. Құтмағанбет Қонысбаев деген журналист екеуміз қолтығынан демеп, мінберге апарып, жиналған жұртқа Өмекеңді қысқаша таныстырып, микрофонды ыңғайлап қойдық. Өмекеңді залда отырғандардың бірі білсе, бірі білмейді. Дегенмен оның сол кездегі «Жұлдыз», «Білім және еңбек» сияқты журналдар мен «Қазақ әдебиеті», «Достық туы», «Достық үні» газеттерінде оқтын-оқтын жарияланып тұратын шығармаларынан хабары бар оқырмандарының аз емес екендігін дүркіретіп, дуылдата соғылған шапалақ даусынан айқын аңғарғандай болдық.
Ақын сезімтал болады. Әр дәуірдің саясатын да жақсы түсінеді. Алдында отырған аудиторияның ауанын да жылдам аңғарады. Осындай қасиеттерінің арқасында Өмекең өзбекті өзеуремей, қарақалпақты көкіректен итермей, Әлімді әлсіретпей, Табынды тосырқатпай, Адайды аласартпай әңгімелей жөнелді. Барлығы да түпкі ата-бабалары туралы естіп, біліп телегей теңіз тарихтың кемесіне мініп, ескегін бірге ескендей, көңілдері көтеріліп, қайта-қайта дуылдата қол соғып отыр. Дүркірей соғылған шапалақтардың даусынан бұрын ондай әңгімелер естіп көрмеген советтік саясаттың сауытын шеше алмай жүрген, жағаға ығысқан жаңқадай болып қалған жағымпаздардың бірі есіктен, екіншісі тесіктен сығалап, «Шығып сөйлеп тұрған адамның сөзінен қандай кінә тапсақ екен» дегендей жанталасып жүрген көрінеді. Шетелдің қауіпті тыңшысын көргендей төбе шаштары тік тұрып, өзара сыбырласып-күбірлесіп жүр. Өмекеңнің ұлағатты әңгімесін тоқтатып тастауға, айтқандарын ұйып тыңдап отырған қалың көрерменнің көңілінен қаймығып жүргендей. Олардың әңгімені әрі қарай создыра беруге қарақалпақ, өзбек ұлты өкілдері «ренжіп қала ма» деп зәрелері зәр түбіне кетіп жүр.
Өмекең томағасы түрілген тұйғын секілді қалың қауымның алдында түйдек-түйдек әңгімені бірінен соң бірін желдіртіп тұр. Келімберді бабамыздан туылған Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Жеменей, Мұңал, Тобыштың Қарақалпақтың Қиятына жиен екендігін айтқанда көрермендер үсті-үстіне сүйсіне қол соқты. Ал «Бестөбе» жатқан Құдайкеұлы Ер Қосайдан тараған Байбол, Тіней, Әйтей, Бегей, Бәли, Сүйіндіктің түрікменнің қызы Оғылмеңліден дүниеге келгенін айтып, «Біздің қарақалпақтан да, түрікменнен де, тіпті өзбектен де қашып құтылатын жеріміз жоқ. Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, бір өңірді қатар жайлаған ертедегі ата-бабаларымыз бір-бірімен тату-тәтті, бір құдықтан су ішіп, қатар ғұмыр кешкен. Сондықтан қыз алысып, қыз берісіп, құда-жекжат, нағашылы-жиенді, қарын-бөле болу дегендер өмірдің өлшенбеген заңы, адамзатқа берілген табиғаттың бағасыз тартуы» дей келіп, әрі қарай нақты дәлел ретінде жыр шумақтарын төкпелетіп-төкпелетіп жібереді.
Жиналған халық қазақ ұлттық мәдени орталығының конференциясына емес, бейне Өмірзақ Қалбаевтың шығармашылық кешіне келгендей әсерде болып отыр. Орындарынан тік тұрып, шапалақты ұрып, залдың әр жерінен «Айта түс, Өмеке! Айта түс!» деген дауыстар шығып, мінберден түсірмей қойды. Шежіреге шөліркеген халықтың, тіпті көпшілігі мұндай әсерлі әңгімелерді тұңғыш тыңдап тұрған өзі танитын-танымайтын қандастарының көңілін қимады ма, әлде елге риза болды ма, Өмекең мінбердегі әңгімесін қайта-қайта жалғастырды. Енді Өмекең әңгіме желісін қазақтан шыққан батыр, би, болыс, шешен, ақын, жырауларына ауыстырды. Кезек Сырым биге келген. Сырымның батырлығымен қоса билігі, тапқырлығы, шешендігі жайлы шешіліп әңгімеледі. Қызықты әңгімелер залда отырған жұрттың бәрін баурап алған.
Кенет... Сахна сыртындағы есіктен кіріп келген, аудандық халықтың тұрмыс қажеттігін өтеу комбинатының директоры Тұрсынбай Ибрагимов Өмекең сөйлеп тұрған микрофонды алды да:
- Мынау кім, ортада сұңқылдап лекция оқып тұрған? Мұндай сөздеріңді үйіңе барып айт, халықтың басын қатырма, - деп Өмекеңді бірден тыйып тастады. Өмекең ыңғайсыз жағдайда қалды. Себебі ол кісіні танымайды екен. Жұрт тым-тырыс, жым-жырт, сілтідей тынды. «Мұның қалай?» деп тіл қатқан ешкім болмады. Өйткені ол тақтан түссе де, аттан түскісі келмей жүрген нағыз қып-қызыл «құрығы ұзын» коммунистердің бірі болатын. Яғни, өзінен болмаса да, атынан ат үркеді дейтіндей шенеуніктердің бірі.
Өзін көптің ортасында кінәлі кісідей сезініп қалған Өмірзақ ағамды қатты аяп кеттім. Тұрсынбайдың сөзі тұқыртып тастағандай. Шыдамадым. Залдың ортасына қойылған микрофонға жетіп бардым. Себебі ол кісіні жақсы білетінмін. Журналистерге сұхбат бергенде ылғи әр ұлттан алған келіндерін бетперде етіп, «Интернациональный семьяның хозяйынымын» деп мақтаныш етіп аузынан тастамайтын. Кеңес өкіметінің қартайған шағында «қоспақыларды» насихаттау, мақтаныш ету үрдіске айналған. Бұл өзге ұлттарды әлсіретіп, жоқ қылуға арналған саясат секілді. Мен де осыны Тұрсекеңнің алдына көлденең тартып, Өмекеңді қорғауға кірістім. Көп болса өзге халықтар «Мына қазақтар өзді-өзі қырылысып жатыр деп сыртымыздан күлер. Күлер де қояр. Өйткені ханның сыртынан да сөз айтуға қалыптасқан халықпыз. Ештеңем кете қоймас». Соны ойлап, өзімді-өзім сабырлы ұстап, салмақты сөйлеуге тырыстым.
- Тұрсынбай аға, кешіріңіз, сіз Өмірзақ Қалбаевтың пошымына қарап қораш, киген киімін жұпыны көріп тұрған шығарсыз. Әрине, ол сіз ойлағандай емес. Бұл кісінің асылдың тұқымы, алтынның сынығы екенін білмейтін боларсыз. Білмесеңіз айтайын, ол кейбіреулер сияқты «Интернациональды отбасының қожайыны» емес. Жаны да, қаны да, ары да таза қазақтың абызы, халқымыздың ақыны, шежіреміздің зергері. Кейбіреулер сияқты қос-қос институт бітіріп, жоғарғы партия мектебінде тыңдаушы болып, қартайса да жастарға тізгін бермей жүрген жан емес. Небәрі 7 сыныптық сауатпен қазақтың тарихын жазып, шежіресін түгендеп, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жағуға атсалысып жүрген, бойы кіші болса да, ойы биік, сағасы мықты, сауаты аз болса да санасы жоғары саңлақ. Өмекең кешегі Бестөбеде күмбезді кесенесі еңсе көтерген Қосай ата Құдайкеұлының, қалаберді от тілді, орақ ауызды, қарумен домбырасын қатар ұстаған, елді ерлікке бастаған, елдікті жырлаған, жауынгер ақын Шалбар Қалнияз Шопықұлының тікелей ұрпағы. Сіз «Танымасын силамас» дегендей етіп тұрсыз.
- Е, анау «Ленинабад» совхозындағы заправщик екен ғой, - деді сол кезде Тұрсекең «Ұялған тек тұрмастың» кейпіне түсіп.
- Иә, сол «Ленинабад» совхозындағы заправщик ғой. Бірақ қазақтың атақты тұлғаларын әңгімелеп тұрған заправщиктің алдына арқан керіп, сөзіне кедергі жасағаныңыз өте өкінішті болды. Жарайды, Өмірзақ Қалбаевты заправщик болғасын танымайтыныңызды заңды құбылыс дейік. Бірақ «Өлімнен ұят күшті» дегендей Байбақтыдан шыққан шешен, би, әрі батыр Сырым Датовты (Тұрсекеңнің әужайына қарап, әдейі Датұлы демедім: - М.Ұ) танымауыңыз ұят сияқты. Сырым би – қазіргі аудан әкіміңіз Сапарбай Төрешұлының бабасы екендігінен қалай хабарсыз қалғансыз? Өмекең ештеңе емес, ол кешірімшіл кісі. Ал қазақтың Сырым биіне, оның ұрпағы Сапарбай Нұрқожаевқа қалай қарсы шығасыз? Ең болмаса аудан әкімін сыйламайсыз ба? Мұндайды қазақ «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» немесе «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дейді. Қазір сіз әкім қараларға жақсы атты көрінемін деп тұрып, жаманатты көрініп қалғаныңызды аңдамай қалдыңыз-ау деймін, аға, – деп жер жебіріне жеттім.
Халық қайтадан шуылдап қоя берді. Әсіресе, адайлардың даусы басым сияқты. Олардың Өмірзаққа әлде Нұрқожаевтың Сырымның ұрпағы екендігін білгеніне немесе менің сөзіме сүйсінгендігі белгісіз. Әйтеуір, орындарынан тік тұрып қол соқты. Дәл сол сәтте Нұрқожаев бастаған белсенділер тобы да президиумға көтеріліп, халықтың қошаметіне бөленгендей Сапекең де жымия күліп, қол соғып тұрды.
Сол жиында Өмірзақ Қалбаевқа арнайы сөз берілді. Ол тәуелсіздіктің тізгініне ие болған халықтарды құттықтап, жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан аудандық, республикалық қазақ ұлттық мәдени орталықтарына сәттілік тілеп, маржан жырдан шашу шашты.
Иә, Өмірзақ Қалбаев шежіреші, ақын болумен қатар, шебер ұйымдастырушы да бола білді. Ол біраз жыл Қарақалпақстанның астанасы Нөкістің оңтүстік жағында 25 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Бестөбені» зерттеді. Ертедегі айтылған аңыз-әңгімелерге сүйеніп Қосай ата жерленген жерді іздеді. Қазақстан мен Қарақалпақстан ғылым академиялары мен мемлекеттік мұрағаттарына хат жазды. Қарақалпақтың тарихында Қосай атты батыр болмағандығын және ол халықтың бірде-бір атақты тұлғасының Бестөбеде жерленбегендігін анықтады. Қазақстандағы Ер Көкшенің Ер Қосайының қайда жерленгенін де бүгінгі ұрпақтары арқылы сұрастырды. Демек, нәтижеде Бестөбедегі ескі белгі Қосай Құдайкеұлынікі деген байламға келді.
Мырзашөл, Шардара, Шымкент, Шағадам, Бесқаладағы Қосай ата ұрпақтарына хабар салды. Сауын айтып, қаржы жинады. Ташауыз бен Қарақалпақстанның Нөкіс, Тақиятас, Хожелі, Қоңырат, Шоманай аудандарының қазақтары ұйымшылдықпен атсалысты. Әрине, оның бәрі Қосай ата ұрпақтары емес еді. Көпшілігі адай болғанымен қаржылай көмек бергендердің ішінде Әлім, Табын руларының азаматтары да болды. Өйткені бұл қазақтың әруақты батырына арналған Қарақалпақстандағы ең алғашқы шара еді. Сондықтан ұлттық намысқа тырысқан арды ойлаған азаматтар Қосай атаны танысын-танымасын, өміртарихын білсін-білмесін ұлттық рух үшін қамқорлықтан, қайырымдылықтан тыс қалмауға тырысты. Бұл 1990 жыл болатын.
1991 жылы халықтан жиналған қаржыға материалдар алынып Бестөбенің ең биік төбесінде, яғни Қосай ата жатқан жерде құрылыс жұмыстары басталды. Тақиятас теміржолы мен жылжымалы механикаландырылған құрылыс колонналарында басшылық жұмыстарда істейтін Түрікменадай жігіттердің күшімен жүргізілген құрылыс күзге салым бітті. Нәтижеде биік төбенің басында күмбезді кесене пайда болды. Күмбезді кесененің бітуіне орай, сол жылы 2 қыркүйек күні Бестөбеде алғашқы ас-садақа берілді. Оған Қарақалпақстанның қазақтары мен Түрікменстанның Ташауыз, Красноводск облыстарынан Қосай ата ұрпақтары қатысты. Маңғыстаудан жетегіне бір ақ қошқар мен төрт өнерпаз баланы ертіп, ақын, марқұм Қамбар Оразов барды. Сол кездегі 7 сынып оқушылары өнерпаз балалардың бірі – қазіргі белгілі жыршы, немере сүйіп отырған Қармыс Разбаев, екіншісі күйші Әзірбай Өскінбаев. Қалған екеуінің есімін ұмытып қалдым. Ал Шағадамнан келген делегация жетекшісі Қожамжар Асқаров та сол ас-садақада шығып сөйлеп, қарақалпақстандық қандастарына ризашылығын білдірді. Мен бұлардың бәрімен сол кезде журналист ретінде сұхбаттасқанмын. Қазақ тілінде БАҚ болмағандықтан «Бестөбедегі байрам» атты көлемді материал жазып, «Еркин Қарақалпақстан» газетіне жариялағанмын. Бұл, әрине, Қосай ата туралы баспасөзде тұңғыш жарияланған мақала болатын.
Жалпы 1 қыркүйек жаңа оқу жылының алғашқы басталатын күні әрі Өзбекстанда Тәуелсіздік мерекесі күні болғандықтан келесі жылдан бастап тамыз айының үшінші жексенбісін «Қосай ата күні» етіп белгілеуге уағдаластық жасалды. Содан беріге келгенше сол күні міндетті түрде аталып өтіп жүрді. Қазір ол жақта тұрғылықты қазақтардың саны азайды. Сондықтан Қазақстаннан арнайы барғандар болмаса, «Қосай ата күні» аталады деп айту қиын.
Қазір, құдай сақтасын, өзінің қара басының қамын ойлап, жалғанды жалпағынан басып, бедел жинап, өз атағын аспандату үшін шежірені шырғалаңға салып, өтміштің тарихын 90 емес, 180 градусқа бұрып жіберетін пенделер жетіп артылады. Ондайлар тарихқа қиянат жасап, әруақты батыр ата-бабаларымыздың рухын ойшыққа айналдырып, өтірік сөйлеп, бүгінгі ұрпақты шатастырғанына беттері шімірікпейді. Қайта керісінше, жалған сөзден жасанды бедел жинап, асығы алшысынан тұрып, ұпайын түгендеп, миығынан күліп жүреді. Ол өтірігіне жұртты сендірдім деп өзінен басқаның бәрін ақымаққа балайды.
Олай дейтін себебім, шамасы 2005 жылы болуы керек. Қосай атаның бүгінгі ұрпақтары оның 500 жылдығы деп Ақтауда бабасының рухына арнап ас берді. Жаңаөзен қаласының Теңге ауылында ашылған жаңа мешітке Қосай атаның есімі берілді. Әрине, бұл дұрыс шешім. Біріншіден, бабалар рухы алдында перзенттік парыз бен қарыз өтеледі. Екіншіден, бүгінгі жас ұрпақты мейірімділікке, бауырмалдыққа, имандылыққа, елжандылыққа, Отан сүйгіштікке тәрбиелеуге игі ықпал етеді. Үшіншіден, тарихы танылып, ұлттық шежіресі сараланып, келешектің даңғыл жолы ашылады.
Бірақ бір өкініштісі, облыстағы «Қосай ата қоғамдық қорына» басшылық жасап жүрген бір азамат Қосай атаның осы 500 жылдық асының қарсаңында сол кездегі «Үш қиян» газетінің тілшісіне өтірікті судай сапырып сұхбат беріпті. Ұмытпасам сұхбатты жүргізген Рза Оңғарбай ғой деймін. Сұхбат беруші Қосай атаның күмбезді кесенесін көрмесе де, басы-қасында болмаса да, тіпті қайда екенін білмесе де, көпекөрнеу Өмірзақ Қалбаевқа қиянат жасапты. Ол әлгі сұхбатында «... Кеше ғана өмірден өтіп, әлі топырағы кеуіп үлгермеген, марқұм Нәсіпқали Марабаев ағамыз тоқсаныншы жылдардың басында Бесқалаға барып, Қосай ұрпақтарының басын біріктіріп, ұйымдастырып, Бестөбеге Қосай атаның күмбезді кесенесін салдырды...» деп жаһанға жар салды. Әрине, бұл шындыққа жанаспайды. Маңғыстаудан кімдер барғанын жаңа біз жоғарыда айтқанбыз. Себебі ол кезде де, одан соң да Бестөбе түгіл Бесқалаға сұхбат берушінің де, оның ағасы, сөзіміз ауыр болмасын Нәсіпқали Марабаевтың да табаны тимеген. Олсыз да өзіндік атақ, абыройы жеткілікті Н.Марабаевтың беделін одан әрі биіктетемін деп, керісінше аласартып алғанын сезбей қалса керек. Қайткенде де, өзін ойлаймын деп, өзгеге қиянат жасамауы керек еді.
Негізінде бұл мақаланы Өмекеңнің өзі жауапсыз қалдырмайтын еді. Бірақ көзі тірі болғанымен ауыр науқастың салдарынан жазайынан десе қолы, сөйлейін десе тілі икемге келмейтін. Сондықтан көрініп тұрған қиянатқа шыдамай «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген мақала жазып «Жаңаөзен жаршысы» газетіне жариялаттым. «Іш ауру өзімен кетпей тізкиімді де ала кетеді» дегендей мақалада тек ғана сұхбат берушінің қиянатын ғана емес, Қосайдың кейбір қарақалпақстандық ұрпақтарының да бетпердесін ашып, шырылдаған шындықты жұртшылыққа жайып салдық. Сол мақаламды оқып көрген Өмекеннің өзі алғыс айтуға тілі икемге келмей, қос жанарынан көз жасы мөлтілдеп, білегімнен қысып, арқамнан қаға берген. «Ат арыса - тулақ, ер арыса - әруақ» деп осындайдан айтылған шығар, бәлкім.
Жалпы Өмірзақ Қалбаев - ешкімге қарсы келмейтін аса момын жан. Соны білетін қулар ол кісінің шығармаларының қолжазбасын да талан-таражға салған кездері аз болмады. Мысалы, жоғарыда айтқан Хожелі ауданының әкімі Сапарбай Нұрқожаев қасына Жүсіпқали Дәулетов, Сәбит Раев сынды ақсақалдар мен Құтмағанбет Қонысбаев деген журналисті ертіп келіп, арнайы қонақасысын жеп отырып, үйіп-төгіп уәде берген. Өмекеңнің отырған ескі қақыра үйіне күрделі жөндеу жүргізетін болды. Ол уәде аяқсыз қалды. Кітабын шығартамыз деп біраз қолжазбасын алып, Құтмағанбеттің сөмкесіне салып кеткен. Айтылған кітап шықпады, «ең болмаса қолжазбаны қайтар» деген сөзді ешкім құлағына да ілмеді.
Сосын содан кейін «Кітапты біз шығартамыз» деп Өмекеңнің тағы бір қолжазбаларын Түрікменадайдың екі кісісі алып кетіпті. Алдыңғы қолжазбалардың кебін киген бұл да ұштыкүйлі хабарсыз кетіпті. Барып сұраса әлгілер түлкі бұлғаңға салып, алдап-сулап қайтара беріпті. Бірақ шыққан кітап жоқ. Қолжазбаның да қарасы көрінбейді. Әбден төзімі таусылған Өмекең не істерін білмей, бір кездескенде маған айтты. Мен оларға бардым. Өтініш жасап, жалынбадым. Бәрібір нәтиже шықпайтынын аңғардым. Себебі екеуі де бірінен-бірі өткен суайт. Бірақ ескерттім. Көп ұзамай олар қолжазбаны қайтарыпты. Әлгі найсаптар 70 беттейін жыртып алып қалыпты.
Өмекең үнемі басын екі иығына тығып, бүрісіп, бүкшиіп жүре бермеген жан. Сол Бесқаланың Бегжабында отырғанда Жаңаөзенге шақыртумен келіп, әр жерде шығармашылық кездесулер өткізіп кетті. Кез келген маңызды мақалаларға да пікір айтып, өз ойын ортаға салмай қалмайтын. Әсіресе, ұлт, ұлыс, ру жөнінде оғаш сөздер естісе үнсіз тұра алмайтын.
Бірде ауылының мектеп оқушылары Хиуаға саяхатқа баратын болыпты. Мектептің алдына автобус келіп, оқушыларды мінгізіп жатқан көрінеді. Хабарды ести сала Өмекең үйіне барып, лезде сырт киімдерін ауыстырып, жылдам шығып, автобусқа отырып, Хиуаға тартып кетіпті.
Ол жерге барғасын оқушылармен бірге тарихи орындарды аралапты. Әрбір орынды, оның тарихи маңызын экскурсоводпен бірге оқушыларға түсіндіріп әңгімелей берген. Пір Бекет атамыздың Пақыржан қажыдан білім алған орындарын, Аллақұлдың жатқан жерін көргенде әсем де, әсерлі әңгімелер бірінен соң бірі өріле беріпті. Бір кезде «Қозоғлорда келиб қышқиро беради» деген сөзді құлағы шалып қалады. Қараса анадай жердегі тапшанда ақ көйлектеріне галстук таққан төрт өзбек кісі шынтақтарына құс көпшік жастанып, көк шәй ішіп отырған көрінеді. Олардың зиялы қауым өкілдері екені айтпаса да аңғарылып тұрған.
Оқушылар біраз жерді аралағасын бір демалған сәтінде Өмекең жаңағыларға бұрылып жақындайды. Қастарына барып, аман-саулық сұрасады. Төсек шетіне тізе бүгіп, әлгілер ұсынған бір кесе көк шәйдан дәм татады. Азғана отырғасын танысады. Сөйтсе, олардың біреуі Сабиров деген ТашМУ-дың тарих кафедрасында ұстаздық ететін, тарих ғылымдарының кандидаты болып шығады.
- Онда сіз, уртоқ (мырза) Собиров өзбек пен қазақтың арғы-бергі тарихын білмеуіңіз мүмкін емес, - деп Өмірзақ Қалбаев сөз төркінін әріден қозғайды. – Анау Шаш (Ташкент) шәһәрі қалай пайда болғанын да, ондағы Шайхантаур ауданында жатқан қазақтың Қолдирғош (Қарлығаш) биі атанған Төле би бабамыздың билік жүргізгенін, анау Самарқанды Ақсақ Темір жаулап алғаннан кейін менің Бахадыр Жалаңтөс бабамның билегенін білмеуіңіз мүмкін емес. Мынау Бұхара, Науайы облыстарын Нұратада жатқан Әйтеке би бабамның мекендегенін сіз қалай ұмытып қалдыңыз? Сондай-ақ Хиуа хандығын билеп төстеген Аллақұлдың төртінші шешесінің қазақтың қызы екендігі, яғни Аллақұл ханның да менің жиенім екендігін сіз оқыған, осы күндері студенттеріңізге тәлім беріп жүрген тарих парақтарына жазылмап па? Түрікмен халқының ақыны, біздің Бекет атамен осы Хиуада қатар оқыған Мақтымқұлының да қазаққа жиен екенін білмейтін шығарсыз. Пақыржан қажы сабақ беріп, бала оқытқан Шерғазы хан мешіт-медіресесі тек ғана өзбектің емес, бүкіл шығыс ғұламаларының білім ошағы, шамшырағына айналғанын сіз қалай етен шығарып алдыңыз? Осындай тарихи орындарға бай болғандықтан, барлық мұсылман халқына ортақ болғандықтан Хиуа, Хиуа болып тұр. Андижан, Ферғана, Наманган емес, ертедегі ата-бабаларым билеп төстеп, апаларым да мекендеген ежелгі орындарға келмеуге, зиярат етпеуге менің хақым да, құқығым да жоқ шығар. Ертедегі ата-бабаларымның табандарының ізі, қолдарының табы қалған қасиетті жерлер мен киелі орындар маған жат емес, маған да – ортақ. Жаңа сіздердің «Бұл жерге қазақтар да келіп қышқыра береді» деген сөздеріңізді құлағым шалып қалды. Біріншіден, қазақ қышқыратындай (аңқыратындай) ешек емес, адам. Екіншіден, қазақта «Айды етекпен жабуға болмайды» деген сөз бар. Сондықтан тарихты, өтміштің шындығын бұрмалауға болмайды. Түптің түбінде ақиқат шайқаған сары май сияқты бәрібір айранның бетіне қалқып шығады. Бұрынғы КСРО-ны 70 жыл билеген кеңес өкіметінің құпиялары тәуелсіздік орнағалы біртіндеп ашылып жатқан жоқ па?! Үшіншіден, қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген сөз бар. Зиялы қауым өкілдері, әсіресе, тарихшылар осындай сөздерді естерінде мықтап ұстағандары жөн, - деген де әлгі төртеуі орындарынан ұшып тұрып, Өмекеңнен кешірім сұрап, Сабиров деп аты-жөні мен мекен жайы жазылған тілдей қағазды ұсынған екен.
Ертеректе, яғни осы ғасырдың бас кезінде Қапыштай Жәкенов ағамыздың «Жаңаөзен» газетінде «Біз – Қосайдың Бегейіміз» деген мақаласы жарияланды. Оған Өмірзақ Қалбаев қатты шамданды. Газет бетінде екі беттік жауап мақала жазды. Бегей Қосайлардың ішінде басыбайлы тақта болып айтылмайтынын, әкесін ренжіткендіктен аз ауыл болып қалғанын, сосын Бегейлерді шалдар Шалбар ұрпақтарына қосып жібергенін нақты мысалдармен келтіріп, тайға таңба басқандай етіп айтып берген. Содан кейін автор да, басқа «Қосайдың Бегейіміз» деп жүргендер де үнсіз қалған. Яғни, ешкім жауап бермеді. Бірақ соңғы кездері Атырау жағындағылары өздерін «Қосайдың Бегейіміз» деп атайды екен» деген сияқты сыбыстар еміс-еміс естіліп қалады.
1998 жылы Қырықмылтықтар Көшербай ахунға ас берді. Ас Ташауыз облысының Құбатау ауданы аймағында болды. Қарақалпақстаннан көпшілікпен бірге бізде бардық. Әрине, құрқол барғанымыз жоқ. Ахун атамыздың рухына арнап жазған бір-екі беттік жыр шашуларымызды алып бардық. Бірақ өкінішке орай, «Өлеңдеріңнің басында, ортасында және аяғында Түрікменстанның сол кездегі президенті, Түрікменбашы Сапармұрат Ниязовты мақтап, мадақтаған үш шумақтан өлең жолдары жоқ» деп Өмірзақ Қалбаев екеумізді сахнаға шығармай тастады. Себебі «өсіп, өмір сүрген жерімнің президентін мақтауым керек болса, Ислам Каримовты мадақтауым керек. Қазақтығыма бақсам Нұрсұлтан Назарбаевқа өлең арнауым керек. Не үшін Ниязовқа ода арнауым қажет? Мен Ниязовтың емес, Көшербай ахун атамның асына, яғни 120 жылдық тойына келіп тұрмын» деп мен қитықтанып қалдым. Ал Өмекең, астың ресми салтанатында қайта-қайта қол көтеріп, сөз кезегін сұрап еді, бәрібір жергілікті Қырықмылтықтар сөз бермеді. Сосын Өмекең ауылға оралғасын, сол асты басқарған запастағы подполковник Орынбасар Кенжебаевқа, жергілікті мұғалім Орынбай Зинашевқа, Бөгежанның Меңдібай деген молдасына бағыштап, ренішін қағазға түсіріп, терме, жыр ретінде хат жолдады. Оны тек хатына қарап, реніш жыр демесең, затына қарасаң тұнып тұрған тарих екенін жақсы түсінесің. Себебі, онда Қырықмылтықтың танымал тұлғалары мен олардың рухына арнап ертедегі берілген астардың мән-мағынасы айшықталып айтылған. Солармен бүгінгі Көшербай ахунның рухына арнап берілген асты салыстыра отырып, көркем сөзбен кестелеген.
Асты ұйымдастырушылар жырдағы өздеріне тиетін жағымсыз тұстарының бәрін сылып тастап, жағымды жағын жиып алып, астан кейін шығарған «Қырықмылтық Көшербай ахун» атты шағын кітапшаға салған. Сол жырдың толық нұсқасы менің қолымда сақтаулы. Күндердің күнінде жарияланатын сәт туар деп ойлаймын. Сондағы айтайын дегенім, Өмекең қанша қарапайым болғанымен ұлтқа, ұлысқа қарсы шара болса, әділетсіздікке шыдап қарап отыра алмайды. Ондай баспа жүзін көрмеген материалдары бүгінгі таңда жеткілікті. Себебі Өмекеңнің өлгенінше қаламы қолынан түспей кетті. Егер арды ойлаған, намысқа тырысатын патриот азаматтар қолдау көрсетіп жатса, оның құнды дүниелері тағы да бас пайдасын ойлайтын, араны кең аш бөрілердің құлқынына түсіп кетпей, халықтың қазынасына қосылып, жастардың игілігіне қызмет етер деп ойлаймыз.
Өмірзақ Қалбаев 2003 жылы отбасымен киелі мекен Маңғыстауға көшіп келіп, Жаңаөзен қаласының Теңге ауылына қоныстанды. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын. Жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деген сөз бар. Сол айтылғандай бұл жерге келгесін көптеген арды ойлаған аяулы да, ардақты азаматтар Өмекеңнің жаңа қонысқа жақсы жайғасып кетуіне қол ұштарын беріп, көп көмек жасады. Солардың бірі және бірегейі, «Шарайна» ЖШС директоры, Жаңаөзен қалалық және Маңғыстау облыстық мәслихаттарының депутат болған қайырымды жан – Ибрагим Құдайбергенов. Ол Бейнеудегі карьерлерден 80 куб ұлутас алдырып, екі вагонға жүктетіп әкеліп, вагоннан КамАЗдарға тиеп, үй салатын орынға түсіріп берді. Қысқа мерзімде салынып біткен үйге Өмекең бала-шағасымен жылдам кіріп алды.
Көп ұзамай Өмекең Жаңаөзеннің қоғамдық өміріне белсене араласа бастады. Аз ғана уақыт болса да ел арасында көшелі сөз айтып, көсіле сөйледі. Әсіресе, жастар жағын ұлағатты сөздерімен ұйыта білді. Жаңаөзендік атқамінерлер де Өмекеңді келелі кеңестерден қалдырмауға тырысты. Аялы алақандарына салып әлпештеді. Жалғыз ұлы, марқұм Толыбекті «Өзенэнергомұнай» мекемесіне жұмысқа орналастырды. Ақтөбелік бір ағайыны баяғы көкпарға айналған қолжазбаларды жиып, 450 беттен асатын көлемді «Қосай ата» кітабын шығартып берді. Сөйтіп Өмекеңнің отбасылық жағдайы жақсарып, халық қатарына қосылып кетті. Бірақ жылдан-жылға жасқа жас мінген сайын ескі сырқаттар сыр беріп, денсаулығы әлсірей бастады.
Осыны ойлаған Ибрагим Құдайбергенов пен Сабыр Адай ата көрген азаматтықтарына бағып, Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Қ.Көшербаевқа құлаққағыс етіп, халық ақыны Өмірзақ Қалбаевтың 80 жасқа толған мерейтойын өткізуге ұсыныс жасады. Қырымбек Елеуұлы ардақты азаматтардың ұсынысын қабыл алды. Тиісті орындарға тойға дайындық жүргізуді мұқият тапсырды. Ұйымдастыру жұмыстарын тікелей өзі қадағалайтынын қатаң ескертті. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегендей дайындық жұмыстары қызу қарқынмен басталып кетті.
"Өзенмұнайгаз» компаниясы үйдің қабырғасынан басқаның бәрін, еден, шатырына дейін қайта жаңғыртып, жаңартты. Есік, терезелеріне дейін түгел өзгертті. Үй жиһаздары мен көрпе-төсектеріне дейін жаңалады. Үйінің ауласы да жаңартылып, шарбақ, қақпасына дейін қайта жасалды. Қалалық әкімдік пен кәсіпкерлер де шетте қалмады. Өмекеңнің шығармашылық кешін өткізіп, Қосайдың бес жігіті ауызбіріктіріп, жеке қалталарынан қаржы шығарып, су жаңа «Жигули» автокөлігін мінгізді. «Ақынын іздеген әкімі» Қырымбек Көшербаев арнайы үйіне келіп, Өмірзақ Қалбаевты құттықтап, Жаңаөзен қаласының «Шұғыла» шағынауданынан үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Сөйтіп Өмірзақтың 80 жасқа шыққан мерейтойы нағыз ақынның, ақынға жақынның дүркіреген тойы болып өтті. Үш күн бойы әнші, күйші, жыршы, жырау, термешілер орындаған Өмірзақтың өміршең жыр, дастан, толғау, термелері мен ақындар оқыған арнау өлеңдер Жаңаөзен аспанында қалықтады. Жалпы бұл тойды «Дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей» дәрежеде өтті деп айтуға әбден болады.
Шынында да, көп ұзамай «Кеше ғана Бесқаладан келген Қалбаевтың Жаңаөзенге қандай еңбегі сіңді? Оны қолпаштайтындай Қырымбектің кімі екен?» деген сияқты қаңқу сөздерді кейбір боқсақалдардың күңкілдісінен құлағымыыздың шалып қалғаны да рас.
Иә, Өмірзақ Қалбаев Жаңаөзен қаласында небәрі бес-ақ жыл өмір сүрді. Бірақ ол кісіні ешкім «Жаңаөзенге еңбек сіңірмеді» деп айталмайды. Айтуға хақысы да, құқығы да жоқ. Өйткені, сексен жастан астам өмірінің жетпіс бес жастан астамын қалың қарақалпақ пен өзбектің ішінде жүріп, Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Тәжікстан жерлерін аралап, тырнақтап дерек жинап, тарихыңды таразылап, ата-бабаңды анықтап, шежіреңді жауһар жырмен мөлдіретіп сайратып берген бұлбұлды «Жаңаөзенге еңбегі сіңбеді» деп айтуға қалай дәттері барады? Тәжікстанды аралап, өзінің тікелей бабасы Қалнияз Шопықұлының, оның баласы Қортанның, қайғылы махаббаттың символы болған Адайдың бұлбұлы - Қайып Қорабайұлының жатқан жерін анықтап, соңғы ұрпаққа көрсетіп, жөн сілтеп кеткен жоқ па? Өмекеңнің сілтеуімен Қалнияз ақынның Тәжікстанда жатқан сүйегі 2015 жылы мамырда Маңғыстауға әкелініп, Отпан тауға жерленген жоқ па?!
Биыл Өмірзақ Қалбаевтың дүниеден өткеніне 10 жыл болады. Өзінің 80 жылдық ғұмырының ішінде «Алаңқай батыр», «Ер Қосай», «Ер Шабай», «Омар мен Гүлнар», «Адай Сауран айналғанда», «Білімдар», «Оразмұхамбет», «Тобанияз» сияқты жыр-дастандары, «Шалқыған Қазақстаным», «Өсиет сөздер», «Адай шежіресі», «Адай жайсаңдары», «Қарақалпақ шежіресі», «Шежірелер шырғалаңы», «Ер Қосай ата мазары», «Қалнияз ақын – жорық жыршысы» сияқты тарихи - әдеби мақалар жазып кеткен кісі. Осылардың «Алаңқай батыр», «Ер Шабай» мен «Ер Қосай» дастандары жеке кітап болып шықты. Қалғандары тек газет-журналдардың беттерінде жарияланғандар. Ал «Алаңқай батырдың» заңды жалғасы «Алақай батыр» дастаны да жазылып Красноводскідегі «Жұмысшы» газетінде басылды. Осылар мен қосып Қабиболла Сыдиықов, Ғұбайдолла Айдаров, Әбіш Кекілбаев сынды ғұламалармен жазысқан хаттарының да көшірмелері сақталған. Осылардың бәрін баспадан шығарып, ел игілігіне жаратса, мол мұра болар еді деген ойдамыз.
Артында осыншалықты мол мұра қалдырған ұлы тұлғаның еңбегі жалғыз ғана Жаңаөзен қаласына емес, киелі мекен Маңғыстауға, қала берді бүкіл Адай ұрпақтарына және күллі қазақ әдебиетіне қосылған салмақты үлес екенін мойындауымыз керек. Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласына сүйене отырып, Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына орай Өмірзақ Қалбаевтың есімін мәңгілік ету шарасын жасауға ұсыныс етемін. Тіпті өмірінің ақырына дейін өзі тұрған үй қабырғасына ескерткіш тақта орнатып, есімі берілген көше әлде мектепке кеуде мүсіні қойылып, шағын мұражай ашылса көптік етпейді. Кәсіпкер азаматтардың көмегімен бұрынғы аз таралымда шыққан дастан, жырларын, сондай-ақ шежірелік жинақтары мен әлі баспа жүзін көрмеген поэма, мақалаларын қайтадан бастырып, жеткілікті дәрежеде насихатталса ешкім ешқашан ештеңеден ұтылмайды. Жыр, терме сайыстарын ұйымдастырып, оқтын-оқтын ақындар мүшәйрасы өткізіліп тұрса, әрине нұр үстіне нұр болады. Ең негізгісі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына бірден-бір жауаптардың бірі болады.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Жаңаөзен қаласы