«Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Светқали Нұржанның 55 жылдығы қарсаңында "Баба түкті боз дала" атты шығармашылық кеші өтті.
Кешке өлкеге, республикаға мәлім әдебиет майталмандары мен қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалар мен өңір басшылары қатысты.
Атап айтар болсақ, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Әнес Сарай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-ғайып Әбітайұлы, филология ғылымдарының кандидаты Еуразия универсиетінің доценті Оңайгүл Тұржан, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР Жастар одағы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Гүлнар Салықбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сазгер, әнші Елена Әбдіхалықова, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жанат Аймұхамбет, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Қосанова рухани кешке арнайы келді.
Жыр кешін ақын Жанат Әскербекқызы мен ақын-журналист Ербол Алшынбай тізгіндеді. Мерейтой иесі кеш басынан боз даланың бағзы тынысы сіңген өлеңдерімен жыр сүйер қауымды өзіне баурап алды.
«Саламат, сау бармысың, оқырманым!
Мен әлі санаттамын, сапыңдамын,
Сананы лапылдатқан отыңдамын,
Араны жақындатқан хатыңдамын.
Бөлісемін тек өзіңмен әттеңімді,
Санаға салмақ түскен сәттерімді,
Өзім де сөздің құнын қидым саған,
Сырт көзден сан қымтаған дәптерімді.
Қоспадым тойда гөйткен тостарымды,
Қызғынды қынаменде оспағымды,
Мархабат, сарқып ішіп қойыңыздар,
Шаң шарап шүпілдеген тостағымды!
Алдыңызға келіп қалдық. Осылай жүрек ашысып кездеспегенімізге көп болды ғой. Сондықтан бүгін поэзияға кезек береміз», - деп бастады сөз басын Айт-ман ақын.
Құрмаға келгендер айтулы ақынның жырларынан сусындап, сөзіне жазылған әндерімен құлақ құрышын қандырды. Еліміздің әр өңірінен келген әдебиет өкілдері ақ тілектерін айтып, сыйын табыстап, жағымды естеліктерімен де бөлісті. Айт-манға арнаған жыр жолдарынан да шашу шашты. Соның бірі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-ғайып Әбітайұлы былай деп сыр ақтарды:
«Осы қарғадай бала мені екі-үш рет өлімнен алып қалды десем, өтірік айтты демеңіздер. Қаламыңды ұстап он күн отырсаң да түсіңе енбейтін сөздерді қалай жердің үстінде алып жүресің, айналайын? Ақын жаздым дегенмен, оған Құдай жаздырады, тағдыр жаздырады. Осы жазғаныңды халқыңа жеткізгенің үшін рақмет, айналайын. Жақсы адамсың. Жақсы адамнан көз жазып қалмау керек, ағайын!» - деді ол.
Қаламгер туындыларын серік еткен мектеп оқушылары да өлең жолдарын жатқа оқып, мерейтойға өз үлестерін қосты.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауқызы арнайы құттықтап келіп, Атырау жұртының сәлемін жеткізді.
Өз кезегінде Маңғыстау облысының басшысы Ералы Тоғжанов мерейтой иесіне ақ тілегін білдіріп, темір тұлпардың кілтін табыстады.
- Светқали ақынмен сөйлескенімде шығармашылық кешін өткізгісі келмейтінін байқатты. Дегенмен ойланар болсақ, мұндай кеш Айт-манға керек емес болар, бірақ оның халқына керек, жастарға керек. Сондықтан осы кешті өткізу туралы шешімге келдік. Қазақтың аяғы басқан жердің бәрі - Светқали құрдасымның көңілі мен жүрегінде. Оның бәрін тізбектеп, бүкіл тарихымызды қағаз бетіне салып, жеткізіп жүр. Оған таза жүрек керек! Елбасы кеше ғана өзінің шешімімен кеудесіне орден тақты. Елбасының берген бағасы – халқының берген бағасы. Осындай ағалары алдында тұрғанда біздің жастардың болашағы айқын. Рухтың не екенін, тамырымыздың қайда жатқанын білетін де, сездіретін де, жастардың жүрегіне салатын да осындай азаматтар, - деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.
Алдағы жылы Светқали Нұржанның «Хан кегі» дастаны Н. Жантөрин атындағы облыстық театрда сахналанбақ. Әдебиетте өзіндік орны бар кеш иесінің өзі айтпақшы, «Әуселесі биік әлеумет, жалы биік азамат, жаны жұмсақ жамағат» жыр кешіне келіп сусындап, әсерлі әңіме тыңдап, жан азығын жиып қайтты.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="70082,70083,70084,70085,70086,70087,70088,70089,70090,70092,70093,70094,70095"]