Ақшұқырдағы М.Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназиясының оқушыларымен кездесуімде бір оқушы: «Сіз мектебімізге аты берілген жазушы Маршал Әбдіхалықовты білесіз бе?» деп сұрақ қойды. Мен ойланып қалдым. Есіме мұнан 40 жылдай бұрынғы оқиға оралды...
Өткен ғасырдың 1970 жылдарының бел ортасы. Ол кезде түрікмен елінде, атап айтсақ, Маңғыстаумен шектесіп жатқан Красноводск (қазіргі Түрікменбашы ауданында) қазақ тілінде шығатын «Жұмысшы» газетінде қызмет істей жүріп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде сырттай оқитынмын. Аудан орталығынан қалаға келіп, сонда тұратын үлкен апам Тұрғанның үйіне соқтым. Руы қамысбай, ақсақал құдамыз Төлеп мені жанына шақырды.
- Шырағым, құда бала, сені Алматыға, оқуға кетеді деп естідім. Сонда менің жиенім, туған қарындасымның ұлы Маршал тұрады, руы көрпе. Ол да сен сияқты жорналис боламын деп жүріп, сол жаққа кетті. Бір жорналда қызмет істейді екен дегенді естиміз, көрмегелі көп болды. Арнайы іздеп тауып, сәлемімді жеткіз, біз де енді қашанғы жүрерміз дейсің, жас 80 келді, – деді. Әңгімеге кемпірі Ханша араласты:
- Иә, Шора деген інісі бар, ол мына Маңғыстауда, Ақшұқыр деген ауылда тұрады. Бұрын араласушы едік, әсіресе Шора жиі хабарласатын, енді ол да келуді қойды, – деді.
– Жарайды, құдеке, мен атын естігенім болмаса, ол кісінің қайда қызмет істейтінін білмеймін. Сәлеміңізді жеткізуге тырысайын, – дедім.
Шынында да, мен ол кезде Әбіш Кекілбаев пен Маршал Әбдіхалықовтың, Фариза Оңғарсынова мен Дүйсенбек Қанатбаевтың туған жерімнің ыстық лебі есетін шығармаларын, қолға түскен кітаптарын жаныма жақын тұтқаныммен, өздерін көрмеген едім. Маршалдың «Жұлдыз» журналының бірнеше санында жарық көрген «Сүйінғара» романын оқығаным бар.
Алматыға барғасын сұрастырып жүріп, Маршал ағаның «Жұлдыз» журналында қызмет істейтінін білдім. Бір күні журналдың Жазушылар одағының 3-қабатындағы редакциясына іздеп бардым. «Проза бөлімі» деген есікті ашқанда алдымен көзіме түскені төрде отырған, бұйра ұзын шашты Оралхан Бөкеев болды. Оның екі қапталында екі кісі, есік жақта соларға қарсы қарап бір жігіт отыр екен. Айына мыңдаған данамен тарайтын журналдың алдағы сандарын тапсырып тастаған сияқты. Әзіл-қалжыңмен, бір қорап сіреңкені асықша ширата ортаға атып, мәре-сәре.
- Ассалаумалейкум, – деп кіріп барған мені шығармасын әкеліп жүрген жас қаламгерлердің бірі десе керек, ойындарын жалғастыра берді.
- Маған Маршал Әбдіхалықов керек еді, – дегенімде есікке таяу отырған, шашын артқа қайырған, кең маңдайлы, қызыл шырайлы жігіт бұрылып қарады да, орнынан тұрып амандасты. Шығармаларынан суретін көріп жүргендіктен оны тани кеттім.
Екеуміз есік алдына шықтық.
Енді жөнімді айтқалы жатқанымда қасымызға сатирик-жазушы Шона Смаханұлы, іле Софы Сматаев, тағы бірнеше қаламгер келді. Бәрінің жүздері таныс, Маршал таныстырып қояды. Әңгімелері таусылар емес. Бірдеңе айтудың ретін таба алмай тұрғанымды сезсе керек, Макең мені ілестіріп төменге түсті. Содан нағашысының сәлемін жеткіздім. Екі көзі шырадай жанып, шырайланып қуанып кетті. Нағашысы Төлеп ақсақал мен оның кемпірінің, менің апа-жездем Тұрған мен Тұрдықылыштың, сол төңіректе өзі танитындардың жай-жапсарын қалдырмай сұрап шықты. Менің ҚазМУ-дың журфагінде оқитынымды естіп, іш тартып, ақыл-кеңесін де айтты.
– Мен қашықтау жерде, шағынауданда тұрамын. Ертең сенбі ғой, түсте үйге кел, – деп мекенжайын, оған қандай автобус баратынына дейін жазып берді.
Ертеңіне салып ұрып, жетіп бардым. Үйінде марқұм Жабағы Құрмашов ағамыз отыр екен. Танысқанымызда Маршалмен бірге оқығанын, руының бәйімбет-жаманғара екенін айтты. Ақтауда облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы екен. Сөйтіп, қос ағамыздың қызықты әңгімелерін тыңдаудың сәті түскені бар...
Содан кейін Мәкеңмен біразға дейін хабарласа алмадым. Бірде курстас жігіттермен келе жатқанымда қарсы алдымнан шыға келді. Сәлемдескеннен кейін күлімсіреп:
- Хабарсыз кеттің ғой, халің қалай? – деді.
- Аға, сізден ұят болды, түске дейін зачет, емтихан, ал түсқайта лекция, тіпті қол тиетін емес – дедім. Ол қолтығындағы үш кітаптың біріне қолтаңбасын қойып, маған ұсынды. «Жердің асты жеті қат» деген жаңа романы екен. Отыз бес мың таралыммен шығыпты...
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда былтыр 208 бизнес жоба қолдау тапқан
«Мәкең – Маңғыстау өлкесінің жазушылары мен ақындарының, әдебиетшілері мен журналистерінің, қалам ұстаған барша азаматтарының шын мәнінде Маршалы еді» деп Әбіш ағамыз зор ілтипатпен бағалаған Маршал Әбдіхалықов сондай-ақ «Қара тасқын», «Сүйінғара» романдарының, «Асыл жандар» пьесасының, «Мың шақырым жол» көркемфильмі сценариінің, бірнеше повестер мен әңгімелердің авторы екенін кейіннен білдім.
...Оқушылармен кездесуден соң мектептің алдында тұрған Мәкеңнің тас мүсініне барып, тағзым еттім. Ағамыз өзінің Ақшұқырында шағаласы шулаған, ақ толқынды, көгілдір Каспийге ойлана көз тігіп тұрғандай еді. Сол бір сабырлы да салмақты қалпы...
Темір МЫҢЖАС