Каспий теңізі жағалауында Ақшұқыр ауылымен қатар қоныс тепкен, облыс орталығынан 25 шақырым, аудан орталығынан 107 шақырым қашықтықта Сайын ауылы бар. Ауылдық округ жас әрі тез дамып келе жатырған ауыл ретінде ауданда өз орыны бар. 5669 га аумақты алып жатқан ауылдық округта бүгінде халық саны 4005 болса, амбулатория арқылы 4037 халық есепте тұр. 2016 жылғы статистика бойынша 4200 халық саны тіркелген. Алдыңғы 2015 жылмен салыстырғанда адам саны 450-ге көбейіп, 315 үйге артты деген сөз.

Сайын ауылы – Тәуелсіздік тартуы

Біз көз ашқан, ес білетін балалықта бес-алты қараша үйі бар Сайынның Ақшұқырдан сәл алыстау жатқанын облыс орталығына шығатын ұлы жолдың бойынан көріп өтетінбіз. Екі ауыл бүгін бүйіріне бүйірін түйістіріп тиіп тұр. Жыл санап халқы көбейіп келе жатырған бұл ауылдың да көші-қоны қарқынды. Оған себеп – қалаға жақындығы мен, табиғатының ғажаптығы. Теңізбен тұмсығы түйіскен ауыл тарихы бұрындары көп еш жерде жазыла қоймаған. Мен жаңалық ашып отырғаным емес, Ақшұқырдың құрамындағы елді мекенді елеусіздіктен алып шыққан да өсіп-өніп отырған жоғарыда аталған демографиясы мен көші-қоны. Телман ауылының 1939 жылы 142 түтін үйі мен 500 ден аса халқы болса, бүгінде бұл көрсеткіш үш еселеніп отыр.

Тәуелсіздіктің тартуы десек те артық айтқандық емес, елдің жәйы түзеле келе ауылдардың да дамуы қолға алына бастады. Алдымен 2005 жылы ауыл жылы жарияланды. Кейіннен қарқынды өсіп келе жатқан шағын ауылдар дербес шаңырақ көтеріп, өз алдына енші құрады.

Ақшұқыр селолық кеңесіне қарасты Телман поселкесіне Сайын Шапағатов есімін беру туралы 30 қазан 1992 жылғы халық депутаттары кеңесінде айтылады. Оның төрағасы К.Есетовтың №II/Iб қаулысында Телман атауына Сайын Шапағатов есімін беру туралы аудандық ономастикалық комиссия ұсынысы мақұлданғаны және осы қаулыны бекіту Маңғыстау облысы әкіміне және Қазақстан Республикасы Министірлер кабинетіне ұсынылғаны айтылады. Ұсыныс көпке дейін шешімін таппайды. Бұл құжат аудандық мұрағатта құжаттар қорында тігулі.

Сондай-ақ, 2004 жылдың 6 қазанында №11/64 Түпқараған ауданы мәслихатының шешімімен Телман елді мекеніне Сайын Шапағатовтың есімін беру туралы шешіміне қол қойыла, мәселе қайтадан көтереледі. 2005 жылы 28 мамырдағы №2217 Маңғыстау облысы әкімінің қаулысы негізінде Телман елді мекені Сайын Шапағатов елді мекені болып ауысса, осы жылдың шілде айының 27-де №240 қаулы негізінде Сайын Шапағатов ауылдық округы болып өзгертіледі. Ақшұқыр ауылынан енші алып, селолық округ болып дербестенуіне де Сайын ауылының округі де село әкімдігін құру туралы Маңғыстау облысының әкімдігінің 2010 жылғы 15 шілде №266 қаулысын негізге алады. Одан кейін Маңғыстау облыстық Мәслихатының 2010 жылғы 23 шілде №26/304 шешімдері негізінде Сайын Шапағатов ауылдық округі ретінде құрылады.

Сайын Шапағатов ауылының тарихы терең

Бұрын ел ауызындағы Қараманды деп аталған ауыл талай тарлан тұлғалардың кіндігінің қаны тамған киелі жері десем аузыма адаспай түскені болар. Кейін кеңестік кезеңде Телман атанған жерде үлкен «Телман» балық колхозы құрылып, бұл жерде де бір кездері шаруашылықта шаруадан көз ашпаған тірлік болғанын әр жерден естіп қаламыз.

Телман атындағы балықшы колхозы – 1925-1927 жылдар аралығында ұжымдастырылған Трудовик-1, Трудовик-2, аралдинец балықшы колхоздары мен Сығынды артелінің негізінде 1932 жылы алдымен Құрамысов атындағы артель болады. Себебі тарихтан белгілі алдымен артель, туздар құрылды. Бұл сөзімізді аудандық ардагерлер кеңесін басқарған, көп жылдар ұстаздық еткен Боқан Таңғұлов ақсақал айғақтайды.

Сол Тельманның 8 класстық мектебінен білім алған Боқан Таңғұлов: «Сығындының тұмсығында орналасқан 1928 жылы бірінші Құрамысов атындағы артель болған. Бірінші артель, туздар құрылды. Сол Құрамысов деген үкімет мүшесі. Кейін 1936 жылы «халық жауы» болып атылды. Содан кейін жаңағы жер Ақтауға қарай 20 шақырымдай Қараманды деген жерге көшірілді. Қараманды деген жер колхоз болды. Оған антипашист деп немістің атауы берілді. Эрност Телман атауы содан бастап аталды. Онда Нұрғалиев Нәдір деген кісі сол жерде жұмыс жасаған. Ол кісі — бүгінгі ауыл атағын алып отырған Сайынның әкесі. Оң жаға бетте мектеп жоқ деп 39 жылы арыз жазып, Телман мектебі ашылды. Ол мектеп 1981 жылға дейін болды. Қазақстан үкіметінен ақша бөлдіріп, тез арада мектеп керек деп Халық Комиссарлары Советінің Төрағасы Нұртас Оңдасынов 1939 жылы бюджетке салдыртып, сол кездегі ақшамен 161 мың 100 сом бөлдірді. Астраханьнан шебер келіп, материалдары кемемен алынып, небары 3 ай ішінде жаңа мектеп оқушыларға есігін ашқан болатын. Телман деген жерден салдырған мектепте термит қызыл құмырсқа көбейіп кетіп, Брежневке жазған арызбен жабылды.

Бұдан соң «25 км жерде су бар, жарығы бар Ақшұқырға қосу керек» деген арызда аталған ұсыныспен Телман құртылып, облыстық санитарлық эпидемиялогиялық станциясы қаулысымен жабылған.

Ақшұқыр ауылына біріктірілгеннен кейін елдің көбі берісі Ақшұқыр ауылына, арысы аудан орталығы мен облыс орталығына көшіп кетеді. Оған себеп те бар еді. Тараған шаруашылық пен жабылған мектеп жұмыссыздықты көбейтіп, күнкөріс үшін көбі қоныс аударуға мәжбүр болатын.

Сөйтіп Телманды Ақшұқырға қосты. Содан 29 жылдан кейін барып, 3 қабатты мектеп салынды ғой. Соған біз Ғұбайдолла Айдаров атын бергіздік. Бұл жерден 1950 жылдары Әминов Қадірхан деген депутат шықты, Телман балық колхозы болып гүрлеген жерден филология ғылымының кандидаты, қоғам қайракері Ғұбайдулла Айдаров, Социалистік Еңбек ері Қожашева Баланжан шықты, мұнайшы-геолог Сағын Қырымқұлов, Сайын Шапағатов сынды азаматтар шыққан», — дейді.Тарихы терең Сайын ауылы жайлы2015 жылы «Арыс» баспасынан шыққан Маңғыстау облысы ауылшаруашылығы энциклопедиясында «1939 жылдары Телман атындағы балықшы колхозында 142 түтін болып, онда 539 адам болған деген» стат дерек көрсетіледі. 1954 жылы 85 жылқы, 106 түйе, 361 қой мен ешкі басы көрсетілген санақ жасалғандығы да осы кітапта келтіріледі. Шаруашылқты әр жылдарда (1939-1946жж) Самалық Өмірбаев, Ордабай Өмірзақов, тағы басқа да азаматтар басқарады. Шаруашылықтың бас есебін жүргізгендер қатарында: Жұбан Дабысов, ферма меңгерушілері: (1940-1941жж) Сарман Өсеров, Нұрбау Жанымов, Жабас Тілеубаев, Ерқасым Ерниязов сияқты азаматтар басқарған.

Бұл ауылда бокстан әлем чемпионы, маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетов, Марат Джакиев тұрады. Ел басқарып, журналистикада қаламы жүйткіген ҚР Құрметті журналисі Терекбай Жаңбыршин, Ордалы Қосай және ақын, журналист Айтуар Өтегенов, Отыншы Көшбай, Рза Оңғарбай сынды сыйлы азаматтар — осы ауылдың тұрғындары.

Тарихы терең Сайын ауылы жайлы

Тұңғыш мектеп-лицей осы ауылда ашылды

Аудан тарихындағы тұңғыш мектеп-лицей осы ауылда 2009 жылы ашылған болатын. Бүгінде 1273 оқушы білім алатын Ғұбайдулла Айдаров атындағы мектеп-лицей және осы мектеп-лицей жанындағы 25 балаға арналған «Балдәурен» шағын орталығы жұмыс жасайды. Одан бөлек ауылда «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған 140 балаға арналған «Айналайын» балабақшасы бар. 29 педагог қызмет ететін «Айналайын» балабақшасына жаңа технология және «үш тұғырлы тіл» бағдарламасы енгізілген. Сонымен қатар аудан орталығында әлі ашылып үлгермегенмен, алақандай жас әрі шағын Сайын ауылында 75 баланы қамтитын «Айзере» жеке меншік мектепке дейінгі тәрбие беретін ұйымы бар. Бұны аядай ауылдың кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюі деп қабылдауға болады. Аудан орталығы, қала басынан бір адам жеке балабақша ашып үлгермесе де, аядай ауылда Орынтай Гусманова жеке кәсіпкерлікті дамытуға беріп отырған мүмкіндікті кеңінен қолданып, балабақша ашты. Биыл ғана ашылған балабақша жұмысы жүйеге де түсіп үлгерген. Қоржындарында бірнеше байқаулардың жүлделері мен алғыс арқалаған хаттары аз емес.

Тарихы терең Сайын ауылы жайлы

Ауылда типтік амбулатория салынады

Сайын Шапағатов ауылдық округі дәрігерлік амбулаториясында округ тұрғындарына 3 жоғары білімді дәрігер, 7 орта буынды мейірбике, 1 фельдшер-лаборант қызмет етеді. 1 терапевт, 2 учаскелік, 1 күндізгі стационарда мейірбике бар. Күндізгі стационар 4 төсектік, алайда 30 адамдай ем алады. Ауылда былтырдан бері ана мен бала өлімі тіркелмеген.Керісінше туу көрсеткіші қарқынды. Былтыр жүздің үстінде бала дүниеге келсе, биылғы жылдың көрсеткішінде бүгінге дейін екі жүздің үстінде бала дүниеге келді. Екі есеге артқан туу көрсеткіші ауылдың тез өсіп, демографиясының қарқынды екенін көрсетеді. Бұл бағытта ауылда типтік амбулатория салыну жұмыстары басталады деген сүйінші хабардың да сыбысы бар. Әзірге орын іздестірілуде екен. Сонымен қатар, былтыр ашылған жедел жәрдем бөлімі де 3 фельдшер, 3 жүргізушімен ауыл округының тұрғындарына алғашқы көмек пен жедел медециналық көмектің тез жетуіне көмектесуде. Бұған дейін ауыл тұрғындары Ақшұқыр ауылынан немесе аудан орталығынан да жедел жәрдем күткен күндер өткен.

«Ағарған» сүт өндіру зауыты ашылады

Кәсіпкерлік саласы бойынша селолық округте 27 кәсіпкерлік нысаны бар. Село әкімдігіне тіркелген кәсіпкерлер саны -63, кәсіпкерлік саласындағы жұмысшылар саны -78. Былтырғы жылдың өзінде селода 11 кәсіпкерлік нысан ашылған. Оның ішінде бес нысан қызмет көрсету «газ құю бекеті, 3 шаштараз, 1 көлік жуу орталығы), 6 нысан сауда саттық саласы, наубайханалар бар.

Сайын ауылында түйе сүтін өңдейтін «Ағарған» ЖШС-і сүт өндіру зауыты ашылады деп күтілуде. Қуаттылығы 8 тонна сүт қабылдап, құтыға құйып шығарады. Сонымен қатар, көршілес аудандардан да түйе сүтін қабылдайтын пункттер ашады. Сүтті қабылдау бағасы сүттің майлылығына байланысты. Мысалы: (майлылығы 4% болса-400 тенге, 5% болса-500 тенге). Құтыларға түйе, сиыр, жылқы сүттерін пастерлеу технологиясымен дайындау және сүт негізінде айран, иогурт, қаймақ өнімдері өндірілмек. Голландиялық технология әдісімен ірімшік (сыр) дайындау да қолға алынады деп күтілуде.

Ауылда ауыл шаруашылығы да жаман емес. Былтырғы жылы 6 шаруа қожалығы тіркеліп, мал басының саны жыл санап артып келеді. Жеке сектормен қоса алғанда мал саны: ірі қара – 1004 мал басы, ұсақ мал – 2651 мал басын құраған. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жеңілдетілген пайызбен 1 кәсіпкер несие алып, ірі қара және жылқы өсірумен айналысуда.

Абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, ауылда 4 балалар ойын алаңы салынған. Сонымен қатар, ауылда 1 ашық футбол алаңы бар.

Жас ауылдың жаңа мешіті

«Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек» деуші ме еді?! Мешіт тек қалаларда ғана емес ауылдарда да болса, діни сауатсыздықпен күрес жолға қойылар еді. Адамдардың арнайы құлшылық жасап, жұма намазы мен сауатарын ашуға мүмкіндік туады. Осы мақсатта мешіттің тұрғызылуына демеушілік білдірген ұйым — Біріккен Араб Әмірлігінің Қызыл Жарты Ай қоғамы ауыл ортасынан күмбезді мешіттің есігін ауыл тұрғындарына айқара ашты. Енді ауылдың өз мешіті мен өз имамы бар. Діни адасудың алдын алу, діни сауатты ашу және Аллаға құлшылық жасауға арналған жаңа мешіт биыл ғана пайдалануға берілді. Осы жыл ашылған 2 қабатты жаңа мешітке 350-ге жуық адам сыяды. Еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Сайын Шапағатов ауылындағы мешіттің бас имамы болып Сисенбаев Жеңіс Құлбайұлы тағайындалып, өз жұмысын жалғастыруда.

Ең кіші әкімшілік бірлік болып табылатын Түпқараған ауданындағы ауылдық округты Дүйішов Қуаныш, Ақжанов Жандос басқарып келсе, бүгінде ауылды 2017 жылдың қаңтарынан бастап Нұржаубай Ғабиден Өтелгенұлы сайланып, ел тізгінін қолына алды.

Жер қатынастары саласы бойынша жыл ішінде жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер телімін сұраған 469 өтініш тіркелген. Қазіргі күннің өзінде тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде 11 мыңға жуық адам кезекте тұрса, 2013 жылдың 25 ақпанында аудандық мәслихаттың №9/66 санды шешімімен бекітілген бас жоспарда кәсіпкерлік мақсатта 1,2 га — кәсіпкерлікке, 0,087- га жер аумағын кеңейтуге, өндірістік базаларға 6,5 га жер телімдері берілген. Бұл Сайын ауылына қоныстанушылардың әлі күнге күн санап артып келе жатырғанының дәлелі. 11 мың жер кезегінде тұрған азаматтардың ертеңгі күнде Сайын ауылының көші-қонын дамытып, халық санын арттыруға септігі тиеді деген сөз. Біз алдағы уақытта ауыл округының үлкен ауылға айналған тарихи сәтін де тамашалайтын күн алыс емес деп күтеміз.

Бүгінде ауылдың әр ауылға тән өзіндік мәселелері де жоқ емес. Желіні шулатқан Сайын ауылындағы тоқ пен газ, ауызсу мәселелері де жиі көтеріліп келеді. 2018 жылдан бастап «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес, ауылдардың жеке бюджеті болады деп күтілуде. Жаңа реформа, жаңа бастама жүзеге асып, елбасы тапсырмасы орындалатын болса, бұл мәселе тұрғындардың тікелей қатысымен шешімін табады деп сенеміз.

Милана ЕЛЕУСІНОВА

Суреттер Т. ҚҰСАЙЫННЫҢ архивінен

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз