Журналистикаға қызығатын жастар арасында ұйымдастырылған байқаудың қатысушысы —

Сүйінбай Мақпал Саматқызы

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің 4 курс студенті. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, генерал Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының тұрғыны.

Байқау ережесін мына сілтемеден оқи аласыз.

 

Құт қонып, қыдыр дарыған, қасиетті менің мекенім!

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер,

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер – деп қазағымның белді тұлғаларының бірі Мұқағали атамыз жырлап кеткендей, менің туған жерім – қасиетті, құтты қоныс. О шеті мен бұл шеті көк аспанмен астасып жатқан, Алатаудың баурайында орын тепкен киелі мекен, кіндік қаным тамған жер – Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Шақпақ ата ауылдық округіне қарасты генерал Тәттібай Дүйсебайұлы ауылы. Ауылым мені құшағында еркелетіп өсіріп қана қойған жоқ, дала тәлімін, тәрбиесін берді. Оның төсінде үйренгенім мен түйгенім көп. Ондағы жасыл түгі басылмай керіліп жатқан кермиық кең дала мені сабырлылық пен салмақтылыққа, кеңпейілділікке тәрбиеледі. Ал жаныңа тыныштық сыйлап, анда-санда әрлі берлі сипай өтіп, қытығыңа тиетін барары мен келері беймәлім ерке жел еркіндікке үйретсе, сыңғыр күлкісі еріксіз елітетін бұрымды тау сулары бір байыппен сылдырай ағып, сабырлылық пен байыптылыққа баулыды.

Төбесі көкті тіліп, бұлтпенен сырласқан маңғаз таулардан рухани биіктікті, жайқалған жасыл желегінен өмірге деген сүйіспеншілікті, жылы жүзділікті, қыбыр-жыбыры таусылмас жәндігінен еңбекқорлықты, көк аспанда қалықтаған қыран құстарға қарап, мақсатқа қарай еркін самғауды үйрендім. Қарап тұрсақ, адамдықтың өзін еңбегінің өтеуін сұрамайтын аңғал даладан үйренеді екенбіз. Туған жер төсінен жырақта жүріп, сағынып келіп құшағына ден қойғанда еріксіз елжіреп, тұла бойыңның шымырлайтыны да туған топырағыңды аңсағаннан ғана емес, оның көкейіңе салған адамдық ұстанымын да сағынғандықтан болар. Есіңе түсе қалса көңіл қобызыңды беу-беулетіп, жүрек отын жағатын дүниені

Туған дала төсіне жүгіріп шығып айналаңа көз салсаң, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атамызша: «Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!» — демеске еш шараң қалмайтындай.

Тарихы тұнған – қазына. Тәттібай ауылының бұрынғы атауы – Амангелді. 2004 жылдан бастап ауылға генерал Тәттібай Дүйсебайұлының аты берілді. Соғыс ардагері. Милиция генерал-майоры. Ел ішінің сыйлы да құрметті азаматы болған.

Сонымен бірге ел арасында біздің ауылды саудагерлер ауылы деп те атайды. Шөбі шүйгін, мал жайылымына жақсы болғандықтан генерал ауылының аты қазіргі таңда дүркіреп тұр. Осы сәтте жерұйықты іздеген Асан қайғы бабамыздың «Басқаларын қисам да, Жуалыны қимайсың. Бөктерін алып кетер ем, ат сауырына симайсың» деген толғауы амалсыз еске оралады. Ішсең сусын, мінсең көлік болатын жылқы малымен қоса төрт түлік малдың түр-түрі өсіріліп бапталады. Жайқалған алма бақтары тағы бар. Көкеніс өсіретін бақшалары көз жауын алады. Бір сөзбен айтқанда «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» — дейді менің атажұртым. Еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейін еңбекқор.

Мұнда туып өскен білімді, білікті азаматтар өте көп. Олар соғыс ардагерлері, социалистік еңбек ерлері, аудан соғысының ардагерлері, ауылшаруашылық ұжымның білікті басшылары, білім ордасының басшылары тағы басқа айта берсек өте көп.

Қазіргі кезде ауылда пенденің жүрегіне имандылық ұялатын мешіт, жас ұрпақты білім нәрімен сусындататын алтын ұя мектеп бар.

Рухани жаңғыру – біздің мекеннің басты мақсаты. «Қар-Алма» аталатын тау шаңғы кешені жобасы биылғы жылдан бастап қолға алынды. Кешен құрылысына атсалысуға ниетті кәсіпкерлер күні ертең білек сыбана іске кірісуге әзір. Облыста ішкі туризмді дамытуды назарға алған жергілікті билік кәсіпкерлердің көмегімен мегажобаны жүзеге асыруды бастады. Сонымен қатар, мұнда келушіге сапалы қызмет көрсетуге қабілетті нысандар да бой көтереді. Мәселен, тау бөктеріне жанға жайлы демалыс үйлері салынады. Әрі олардың сәулеттік келбеті біркелкі болады. Тағы бір айта кетерлігі, «Қар-Алма» кешені өз келушілеріне жылдың төрт мезгілінде де қызмет көрсете алады. Жаздың жайма шуақ күндері жамбылдықтар мен басқа да шет жақтан келген қонақтар атқа мініп серуендеп, бал татыған қымыздың дәмін тата алады.

Қазірдің өзінде, кәсіпкерлер он шақты коттедж салуға ниет білдіріп отыр. Ауылымның қысы жайлы, ауасы таза, табиғаты ерекше болғандықтан тау шаңғы кешенін салу қызу түрде өз жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ ауылдың тау-тасының кереметтігі мен жайқалған бау-бақшасы сырттан келген туристерді қызықтырмай қоймасы анық.

Әр жылдары ауылды көркейтуге еңбек адамдары белсене ат салысуда. Ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолын жалғастыру біз секілді жастардың қолында. Ауылымның ауасына жететін ештеңе жоқ шығар, сірә. Туған жердің топырағы да ыстық деп бекер айтпаса керек бабаларымыз.

Қазағымның әрбір жері өте қымбат, әрі қасиетті. Десек те туған өлкеге жетер жер бар ма бұл ғаламда. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас демекші, кіндік қаның тамған жердің орны бөлек болады екен. Кейде тауға шығып, қиялыма ерік беріп, қыран құспен бірге қалықтап ұшқым келетін сәттер де болады. Тіпті бірде біздің тауда «Менің балалық шағымның аспаны» деп аталатын елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған фильм де түсірілді. Сонау биік шыңды бағындырған елбасы туралы фильмнің түсірілуі, одан сайын менің мақсатымды таудай қылып өсірді. Жүрегіме от жақты, қиялыма қанат бітірді. Осындай көріністердің өзі менің ауылымның табиғатының ерекшелігі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз