Астана, Алматы қалалары мен шетелге ем іздеп баратын науқастар саны 3 есеге азайған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Себебі, олардың көбі облыстық онкологиялық диспансерде емделуде. Бұл туралы Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің басшысы Нұрлан Жариев мәлім етті.
Өткен жылы обырдың ең бастапқы сатысынан анықтау кезінде 165 жағдай тіркелсе, бұл жылы көрсеткіш – 250-ге өсіп отыр. Оның себептері – тұрғындар санының артуы, аталған аурудың әлем жедел қарқынмен өсуі, экологиялық әр түрлі жағдайлар.
-Диспансерде ашық есік күндері өткізіліп тұрады. Тұрғындарды денсаулығына немқұрайлы қарамай, белсенділік танытуға шақырамын. Бүгінде Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінде 54 дәрігер қызмет етеді. Оның 4-еуі медицина ғылымдарының докторы. Егер 2021 жылы 100 мың адамға шаққанда 855 жағдай анықталса, 2022 жылы 1000 жағдай орын алып отыр. Көбіне анықталатын обыр түрлері - сүт безі обыры, жатыр мойны обыры және тоқ ішек ісігі, асқазан обыры және өңеш обыры. Аталған аурудан қайтыс болу жағдайлары 17 пайызға азайды. Науқасқа шалдығатындар саны көбейгенімен, алдын алу, яғни ерте анықтау шаралары арқасында бұл аурумен күрес оң нәтиже беруде, - дейді диспансер басшысы.
2021 жылы өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 368 жағдай болса, 2022 жылы 312 жағдайға төмендеген. Химиотерапия емін жүргізу 2021 жылмен салыстырғанда 15,4% артқан.
-Маңғыстау облыстық диспансері басқа өңірлерден келген науқастарға да мамандандырылған көмек көрсетуде. Онкоурология, бас және мойын бойынша емдер рентгендік хирургия енгізілуде, - деді Нұрлан Жариев.