Маңғыстауда тұрғындарды жұмысқа орналастыруға уәде беріп, қаражат алған екі әйел ұсталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірінші жағдайда азаматша жәбірленушіден 800 000 теңге көлемінде қаржы алған. Алайда тұрғын алаяққа алданып, ақшадан қағылған. Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол 54 жастағы жергілікті тұрғын. Аталған дерек ҚР ҚК 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді. Өзге ақпараттар тергеу мүддесінде жария етілмейді.
Екінші жағдайда жергілікті тұрғындар «қайтарымсыз ақша алуға және жұмысқа орналасуға көмектесемін» деп алдаған алаяқ әйелге қатысты полицияға арызданған. Жәбірленушілерге келген шығынның жалпы көлемі 9 272 000 теңгені құрайды. Криминалдық полиция қызметкерлері 31 жастағы күдіктінің жеке басы анықтап, ұстады. Аталған дерек ҚР ҚК 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
- Облыс тұрғындары мен қонақтарынан сенімсіз есепшоттарға ақша аудармауларыңыз сұралады. Алаяқтық қылмыстың куәсі болсаңыз, бірден жақын маңда орналасқан полиция бөлімшесіне немесе 102 пультіне жүгініңіз, - делінген полиция хабарламасында.