Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік органдар арасында «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсын өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Байқауға елдің түкпір-түкпірінен үш жүзден астам қызмет көрсетуші қатысты. Республикалық комиссияның шешімімен Абай облысы Көкпекті ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» атағына ие болды.
Сонымен қатар осы номинацияда 1-орынды Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімінің Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектебі алды. Жүлделі 2-орынды Шымкент қаласының әділет департаменті, 3-орынды Костанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Костанай қаласы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасы иеленді.
Республикалық комиссияның құрамында Агенттік және Мемлекеттік басқару академиясы, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері, мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылар болды.
Конкурста қатысушылар республикалық комиссияға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бейнепрезентацияларын ұсынды, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, оларды көрсетудегі бюрократиялық кедергілерді жою бойынша «Адамдар ең алдымен» тақырыбындағы жобаларын қорғады.
Биыл «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсы екінші рет өткізіліп отыр. Конкурстың негізгі мақсаты – қызмет көрсетушілердің мәртебесін арттыру, оларды ынталандыру және жұмыстағы клиентке бағдарланудың негіздерін нығайту. Сонымен қатар клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік аппарат қағидаттарын қалыптастыруға, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға үлес қосқан үздік қызмет көрсетушіні анықтауға және көтермелеуге бағытталған.
Конкурс жеңімпаздары «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне» орайластырылған салтанатты іс-шарада марапатталады.