Биыл облыста ауыл тұрғындарына 5 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетуде. Олар облыстық ауруханаларға бекітіліп, кесте бойынша ауылдарды аралайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жылжымалы медициналық кешеннің жұмысын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландырады. Биыл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 104,6 млн теңге және міндетті медициналық сақтандыру бойынша 416,5 млн теңге бөлінді. Мамандардың айтуынша, қызметтердің 75 пайызы - кеңес беру. Сондай-ақ кешеннің ең маңызды қызметі профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу, содан кейін динамикалық бақылау және оңалту.
– Ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға қарағанда бізде мамандардың ауқымы кең. Оның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігер, кардиолог, невропатолог, ЛОР дәрігері, офтальмолог, гинеколог, рентгенолог, тіс дәрігері, УДЗ дәрігері бар. Осылайша, ауылдық денсаулық орталықтарына көмектесеміз. Бекітілген кесте бойынша елді мекендерді аралаймыз. Дәрігерлер сейсенбі күні Атамекен ауылына барды. Бір-екі аптадан кейін «Атамекен-2» тұрғын алабын аралауды жоспарлап отырмыз, - дейді жылжымалы медициналық кешеннің басшысы.
Кешен күніне 40-50 адамға қызмет көрсетеді.