«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары ел көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экоакциясына үлес қосты. Орталық кеңседе жұмыс істейтін 80-нен астам қызметкер Түпқараған ауданына қарасты Саура шатқалы аумағында сенбілік өткізіп, қоршаған ортаға ұқыппен қарауға бағытталған шарада белсенділік танытты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қаражанбасмұнай баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұйымшыл әріптестерден құралған көңілді команда қолына қапшық алып, демалыс аумағын түрлі қоқыстар мен тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартқан.
Маңғыстаудың басқа да ғажайыптары секілді, бұл шатқал да көптеген аңыз-әңгімелерге арқау болған. Саура шатқалы – Ақтау қаласынан 100 шақырым жерде Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан өте көркем жер. Шатқал арасында орналасқан тұщы Қаракүп көлі бар. Мұнда қазақ сирені (тамарикс), хош иісті жалбыз және гармала өсімдіктері өседі.
«Жыл сайын сенбілікке шығып, айналаны тазарту – біздің азаматтық міндетіміз. Бұл жолы облыс тұрғындары мен қонақтардың сүйікті демалыс аймағы саналатын Саураны тазартуға барымызды салдық. Күн жылынған соң табиғат аясында демалушылар саны артатыны белгілі. Тұрғындар тазалыққа да ерекше мән берсе екен деген тілектеміз»,– деді қаражанбастықтар.
Бірлескен істе береке бар. Әсіресе осындай экоакциялар арқылы өлкеміздің тарихи орындары мен елдімекендері күл-қоқыстан тазартылып, аббаттандыру жұмыстары айналаның ажарын аша түседі. Жұмысты сәтті аяқтаған мұнайшылар қалдықтар толы қапшықтарын жүк көлігіне тиеп, қоқыс полигонына жіберген.