Ақтауда жоғары оқушысы 7-сынып оқитын баланы электрошокермен ұрып, ауруханадан бір-ақ шығарған. Қазір полиция «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, оқиға 16 сәуір күні түскі уақытта болған. Оның ұлын жоғары сынып оқушысы электрошокермен соққыға жығып, артынша жағынан ұрыпты. Ол өзінен кішіге әлімжеттік жасаған бозбаланың бокстан спорт шеберіне үміткер екенін айтып отыр.
- Балам 13:30-да сабақтан шыққанда әлгі бала орындыққа шақырып алып, қол беріп амандасқан. Тура қасына отырғызып, электрошокермен аяғынан ұрады. Электрошокермен бірнеше рет аяғынан ұрғаннан кейін Нұрбек тұрып, жаңағы баланы итереді. Итергеннен кейін ол менің баламды жағынан ұрып, құлатып, басы лавочкаға тиіп, бірнеше минутқа есін жоғалтады, - дейді жәбірленушінің анасы.
Анасы бұл жағдайды жұмыстан келген кезде бір-ақ білдім деп отыр. Жеткіншек үйіне барған соң жарты сағат жуынатын бөлмеде отырыпты. Соққы алған бала қайта-қайта лоқсып, басы ауырған соң ауруханаға жатып шыққан. Полицияға да хабар берген. Алайда оқиғаны әлеуметтік желіге жарияламайынша іс қозғалмады дейді анасы. Сонымен қатар, анасы баласына әртүрлі кемсітушілік сипатта сөз айтып, оның намысына тигенін айтты.
Бұл жағдайға қатысты полиция «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғаған. Ал екі оқушының арасында төбелес болып жатқанын мектеп әкімшілігі білмеген дейді жәбірленушінің анасы.
Ал сол мектептің басқа оқушылары соққыға жыққан баланың қыздарға да тиісетінін жәбірленушінің анасына хабарлаған. Онысымен қоймай әлімжеттік жасап, балалардан ақша талап еткен жағдай да аз болмаған дейді ол.
- Мен осы оқиғаны әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін сол баладан зәбір көргендер маған анонимді хаттар жаза бастады. Барлығы «менің номерімді көрсетпеңіз, біліп қойса аямайды» деп жазып жатыр. Мектепте барлық оқушы сол баладан қорқады екен, - деп қосты Ә. Мұнатова.
Мектеп басшылығы 11-сынып оқушысының осыған дейін топтық төбелеске қатысып, ерекше бақылауда болғанын айтып отыр.
- Мектебіміз ішінен, сыртынан 78 камерамен жасақталған. Оқиға балалардың сабақтан шыққан кезінде болған, камерада байқалмай қалған. Ол жерде төбелес емес, екеуі сөйлесіп отырады да, бір кезде келіспей атып тұрып, бір-бірін итеріп қалып, бір рет қол жұмсау болған. 11-сынып оқушысы спортшы, боксер, көптеген шараларға қатысып жүр. Енді мінезінде кішкене тентектік бар. Ол өзін-өзі кейбір кезде ұстай алмай қалатыны бар. Ашуға беріліп ол бала боқтық сөз естідім де, шыдамай қалдым деп отыр, деді мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Эльмира Жамилова.
Мектеп басшылары "оқу ордасында буллинг жөнінде үздіксіз түсіндіріп жатырмыз" деді. Ал 7-сынып оқушысын достарының көзінше кемсіткен мұғалімдерге сөгіс берген екен.
Бұл жанжалдан соң жоғары сынып оқушысы баланың анасынан кешірім сұрап хабарласқан. Алайда, анасы кешірім бермейтінін айтты. Келіншек енді тек өз балам үшін емес, барлық оқушының құқығы үшін күресем деп отыр.
Махаббат Нұржанқызы