«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан облысындағы БАҚ өкілдері мен ардагер журналистер Маңғыстау өңіріне келді. Олар акция аясында Пір Бекет ата басына зияраттап барып, сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Түркістан облысының БАҚ өкілдері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бұған дейін Түркістандағы ежелгі Сауран қалашығында, Қызылорда облысындағы Қорқыт ата басында, Ақтөбе өңіріндегі Есет батыр кесенесінің маңында, Атырау облысындағы Сарайшық кесенесіне барып, сенбілік жұмыстарын жүргізген. Бағдарламаның алтыншы күні киелі Маңғыстау өңіріндегі Пір Бекет ата басына барып, құрбандық шалып, тазалық жұмыстарын жүргізген.
«Мен кез келген нәрсеге медиа ретінде қараймын. Дұрыс түсініңіздер, осы акция аясында маған Түркістаннан Маңғыстаудағы Пір Бекет атаға дейін жүріп өту жайлы ой келді. Оның ішінде киелі мекендер бар. Біз Түркістан облысында ежелгі Сауран қаласында, Қызылорда облысында Қорқыт ата басында, Ақтөбе облысында Есет батыр басында, Атырау өңірінде ежелгі Сарайшық қаласында болдық. Бұл – киелі жерлер лас деген сөз емес. Акция аясында осы киелі жерлердің басында сенбілік, тазалық жұмыстарын жүргіздік. Бекет ата басына зияраттап, сол сапардан қайтып келеміз. Мен үшін бұл сапар шынайы шара болды. Қазақстанның әр ауылы мен көшесі жүрегіміз қандай таза болса, сондай таза болуы қажет деп ойлаймын», - дейді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Айғақ Медиа» басшысы Дулат Әбіш.
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылындағы «Шаян» басылымының, мемлекеттік «Алғабас» газетінің құрылтайшысы Абзал Әлішерұлының сөзінше, бұл сапар – еліміздің ынтымақ-бірлігін көрсетіп, көп адамға ой салмақ.
«Жолай бізге көп адамның назары ауды. Пір Бекет атамыздың басына келіп, экологиялық акциямыздың соңғы күнін аяқтадық. Сапар барысында ойымызға түйген нәрселеріміз көп. Елімізге барып, сол ойымызды қорытып жазатын боламыз. Біз Бекет ата басына түскен кезде ауа-райы бұлттаныңқырап, ерекше тұманданып, жел тұрып, аңызақ болып тұрды. Табиғат ашылды. Күннің шырайы ашылды. Бізге атаның малы арқар көрінді. Бұл сулулық адам жанын жадыратады. Тазалық мәселесін әркім өз ауласынан бастауы қажет. Адамның адамға деген ықыласында табиғаттың ерекше әсері бар деп ойлаймын», - деді Абзал Әлішерұлы.
Дулат Әбішұлы жаздың шіліңгір ыстығында ұзақ жол жүру әрине шаршататынын, әйтсе де бұл сапар естен кетпес естелік сыйлағанын айтты.
«Біз делегациямыздың құрамында 14 адам бар. Біздің сапарымыз көп адамға жігер берді. Біздің елімізге деген махаббатымыз бен рухымыз осы іске жетеледі. Мәселен, Сарайшық қаласына бара жатқанда ауылдан шыққаннан бастап ақпарат қарап отырдым. Жолдың бойында жергілікті халық өзеннің арнасына сыймай ағып кеткен балықтарды сүзіп алып жатыр екен. Біз де осы іске үлесімізді қостық. Бұл – мен үшін естен кетпес естелік. Мен егер бұл сапарға шықпасам, ол балықтарды құтқармас па едім. Біз Маңғыстау өлкесінде бірінші өз миссиямызды орындап, содан кейін «бұл жердің иесі мен киесі бар ғой» деп өңір әкімімен жолығып, есеп бердік. Қазір жеңілдеп қайтып бара жатырмыз. Біз Шымкент қаласынан шығып, Маңғыстаудағы Бекет ата басына келгенше 3000 шақырым жолды жүріп, өтіппіз, - дейді ол.
Дулат Әбіш осы сапар барысында көп ой түйгенін, сол ойын алдағы уақытта депутаттық ұсыныс ретінде білдіретінін жеткізді.
«Мен 2000 жылы АҚШ-та Қазақстанның елшілігінің шақыртуымен болдым. Сонда Сан-Францискода үлкен бақта болдық. Сол бақты АҚШ-тың бір сенаторы сатып алыпты. Шымкент қаласындағы Дендропаркті ары қарай дамыту үшін Украин мемлекетіндегі Дендропракке де бардым. Әр жердің табиғаты әртүрлі. Президентіміз су көзін үнемдеуге қатысты көп ойлар айтуда. Осы сапарда түйген ойым, еліміз суды үнемдеуі қажет екен. Біз болған жерлердің барлығында тал өсіп тұрса, қандай керемет болар еді. Сапарымыздың соңында мен депутаттық ұсыныс жазғалы отырмын, - дейді Дулат Әбіш.
Ұлытау облыстық «Байтақ» партиясының мүшесі Айтқамал Қожырбаев экологиялық акция аясында Бекет атаның басына барып, біраз ой түйіп, жақсы әсермен қайтып бара жатқанын айтты.
«Еңбектеріңізге табыс тілеймін, тек жақсылық болсын!», - деді Айтқамал Қожырбаев.