«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары бірнеше жыл қатарынан кен орнында өздері еккен көкөністер мен жемістерден дәм татып жүр. Қоршаған ортаға ұқыппен қарауды басты назарда ұстайтын мұнайшылар жұмыстан тыс уақытта цехтар мен жатақханалар маңын жасыл желекке айналдырған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
ҚМГ-дың хабарлауынша, технологиялық көлік департаменті №2 өндірістік басқармасының жұмысшылары тұратын №4 жатақханаға қарасты 7 блоктың ауласын нағыз «Үлгілі аула» деп атауға болады. Машинист Орынбасар Алтыназаров ұйымшыл әріптесімен бірге көктемде ауланы абаттандырып, әрлеу жұмыстарын жүргізді. Одан соң түрлі гүл отырғызып, қызанақ, қияр, баялды, қарбыз, қауын сияқты көкөністер мен жеміс ағаштарын еккен. Әріптестердің игі ісін келесі вахтаның арнайы техника жүргізушілері де қолдап, егінді арамшөптен тазартып, уақытылы суарып отырды.
Қазыналы мекенде тек мұнай өндіріп қана қоймай, өсірген бау-бақшадан жеміс алуға болатынын қаражанбастықтар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Мысалы, ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының қызметкерлері бірнеше жыл қатарынан көкөніс түрлері мен алма, алмұрт, жүзім, шие және өрік ағаштарын отырғызып, күтім жасап келеді. Осылайша цех ұжымы жаз бен күз айларында ортақ еңбектің жемісін жейді. Еңбек адамдары өндірістегі жетістіктерімен қатар осындай бастамалары арқылы да көпке үлгі.