Ақтауда Көлік министрі Марат Қарабаев Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының мәжіліс залында облыс тұрғындарымен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әуелі Марат Кәрімжанұлы өткен жылы өлкеге сапарын айтып, сондағы мәселелер қалай шешілгені жайлы халықты құлағдар қылды. Былтыр су тұшытатын зауыт салу үшін қосымша ақша бөлінгенін айтады. Шағын аудандарға инфрақұрлым салу үшін республика бюджетінен 3,6 млрд теңге бөлінгенін айтады. Министрдің сөзінше, заңсыз салынған құрылыс мәселелері де рет-ретімен шешіліп келе жатыр. Ақтау-Форт Шевченко, Шетпе-Таушық жолын келесі жылы «ресайклиң», қайта өңдеу арқылы орташа жөндеу басталады. Бұдан бөлек, алдағы жылы Жаңаөзеннен Түрікменстанға жол салу үшін қаржы бөлінеді.
Кездесуде Бейнеу ауданынан келген бір тұрғын Бейнеу-Шалқар авто жолы қашан салынады деп сұрақ қойды. Министр кез келген проблеманы тыңдауға дайын екенін, бірақ олардың кейбірінің бірден шешілмей, уақытты қажет ететінін ескертті.
- Біз былтыр Ақтөбе-Қандыағаш-Атырау арасындағы жолға қомақты қаржы бөлдік, жұмыс бітті. Тәжікстаннан, Өзбекстаннан келетін көліктер Ақтөбе-Қандыағаш-Атырау арқылы ары қарай шығып кетеді. Көліктер бізде қаншалықты көп жүрсе, соншалықты көп ақша қалдырады. Күніне 600 шақырымдай жүрген шетел көліктері жол жиегіндегі сервистік нысандардың қызметін қолданады. Ал Бейнеуден Шалқарға тіке жол салсақ, ол қысқарады. Бейнеу мен Шалқардың арасын жалғайтын жол салынады, бірақ біз оны 2028 жылға жоспарлап отырмыз, - деді Марат Қарабаев.
Қалада қоғамдық көлік қызметімен айналысатын Руслан Ахметнәбиев автобустарға жүргізуші табу қиын екенін айтады. Оның сөзінше, өңірге жұмыс істеуге шетелдік азаматтар көп келеді, (Өзбекстан, Түрікменстан азаматтары) бірақ олардың жүргізуші болып, жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. «Жергілікті азаматтар мұнай саласында, өндірісте жұмыс істегісі келеді» - деді кәсіпкер.
«Шетелдік капитандарды біз тек су көлігіне қылып жұмысқа ала аламыз. Бұл жерде логика бар, өйткені ондай мамандарды дайындайтын білім мекемелері бұрын бізде болмады. Қазақ-Британ техникалық университетінде су көлігі мамандарын дайындап жатыр. Көлік жүргізушілерін сырттан тартудың логикасы жоқ. Сол үшін уәде бере алмаймын. Ел-жұртқа не деп түсіндіреміз? Мен сіздің мәселеңізді түсініп отырмын» деді министр.
Марат Кәрімжанұлы мекемелер жұмысшыларды отыз пайызға дейін шетелден тарттыруға болады деген норманы ұсынып көретінін айтты.
Бұдан бөлек, жиналған халық вагондардың сапасы, әуежай терминалының коды, жол сапасы төңірегіндегі мәселелерді ортаға салды. Министр өз құзырындағы шаруаларға тиісті жауабын айтып, облыстағы басқарма басшыларына бірқатар тапсырма берді.