33 шағынаудан 6-үйдің тұрғындары «Маңғыстау облысы әкімдігінің» телеграм арнасында «Аққу» тұрғын үй кешені кәріз құбырларының жарылғанын айтып, шағымданды деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тұрғындардың айтуынша, 33 шағынаудандағы «Аққу» тұрғын үй кешенінің жылыту жүйесі қыстың қаһарына шыдамай жарылған. Себебі, биыл пәтер иелерінің кооперативі жылыту қазандығын қоспаған дейді олар. Соның салдарынан жылу құбырына мұз қатып, жарылған. Ал кеше, 6 ақпан күні кәріз құбырлары жарылып, үйдің жертөлесін су алып кеткен.
- Үйдің жертөлесінен жаман иіс шығады. Кәріз суларының қай уақыттан бері жиналғаны белгісіз. «Нұреке» пәтер иелері кооперативінің басшылығы жұмыс істемейміз деп, үйді тастап кетті, - деді тұрғындар.
Ал бұған дейін осы тұрғын үйге қызмет көрсеткен «Нұреке» пәтер иелері кооперативінің басшысы Нұртілеу Жұматов жылыту мен су жүйесінде мәселе жоқ екенін айтып отыр.
- 2023 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істедік. Қыста жылу болмаған еді, әкімшілік су мен жылу сорғыларын алып берді. Тұрғындардың «қыс басталғалы мүлде жылу болмады» деген шағымы шындыққа жанаспайды, - деді «Нұреке» пәтер иелері кооперативінің басшысы Нұртілеу Жұматов.
Сондай-ақ ол ақпан айының 1-інен бастап 33 шағынаудандағы 6-үйді «Адал қызмет» кооперативіне тапсырғанын хабарлады.
Кәріз құбырлары жарылмайды. Жәй ғана пластик құбырдың қысқышы (хомуты) шығып кетіп, кәріз құбырындағы су жертөлеге ағады. Қалпына келтірген соң ешқандай мәселе болмайды. Ал кеше «Аққу» тұрғын үй кешенінің жертөлесіндегі кәріз құбырлары жөнделді, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспексиясының басшысы Нұрадин Көшербаев.
Нұрадин Көшербаев бұл үйдің жертөлесі цемент екенін айтып отыр. Яғни кәріз суы жерге сіңіп, жағымсыз иіс шығармайды деді ол.
- Біз өткен айда тұрғындармен кездесіп, жиналыс жасадық. Тұрғын үйді су және жылыту жүйесімен қамтамасыз етуші мекеме «Нұреке» ПИК тұрғындардың талабы бойынша жұмысты тоқтататынын айтты. Бұл – үкіметтік бағдарлама аясында салынған үй. Құрылыс кезінде 7-үйге сорғы қойылып, ал 6-үйге қойылмай кеткен. Себебі, 2 үйді 2 құрылыс компаниясы салған. Бірақ кейін әкімдіктегілер су, жылыту сорғыларын алып берді. Басқа мәселе жоқ, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспексиясының басшысы Нұрадин Көшербаев.