Маңғыстау облысында Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай облыс аумағындағы кітапханаларда түрлі форматтағы кештер өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапхана директорының орынбасары Гуля Егінбергенова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, жыл сайын 9 ақпан Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай облыс кітапханаларында әртүрлі форматта кеш өтіп, кітап көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, биыл 9 ақпан күні танымдық басқосу өтеді. «Жаңа толқын» жастардан құрылған ұйымымен бірлесіп әдеби кафе форматында «Есіңе мені алғайсың» атты поэзиялық кеші ұйымдастырылады. Шара барысында қатысушылар өлең оқып, әндер шырқайды, қойылымдар сахналайды. Кітапхана сайтында, әлеуметтік желідегі парақшаларында кеш туралы хабарландыру жарияланған. Оқырмандар мен қала тұрғындары басқосуға белсенді қатысуға ниет білдірген.
— Облыстық кітапхана қорында Мұқағалидың «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек» (1972 ж.), «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» (1975 ж.), «Соғады жүрек» «Шолпан», «Өмір-өзен» және т.б. жыр жинақтары, сонымен бірге әндер жинағы, дыбыстандырылған аудио кітаптары да бар, - деді Гуля Егінбергенова.
Сонымен қатар, арнайы кеште облыс халқына белгілі әртістер өнер көрсетеді. Н. Жантөрин атындағы облыстық-музыкалық драма театр әртісі Рамазан Ақтаев Мұқағали рөлін сомдайды.
Сондай-ақ, ақынның туған күніне орай аудандық, ауылдық кітапханаларда да оқырмандарға поэзия құдіреті, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттау бағытында «Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек», «Барлығы да, поэзия сен үшін», «Ғасыр ақыны», «Поэзия мұзбалағы, ақын Мұқағали» т. б. атты кештер өтеді.