Былтыр Маңғыстау облысында 724 адам зорлық-зомбылыққа ұшыраған, оның ішінде 689-ы әйел, 35-і жасөспірім, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің аппарат басшысы Амангелді Қалмұратовтың және Маңғыстау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Болатбек Ақшауовтың төрағалығымен өткен «Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі» жөніндегі жиында айтылды.
Маңғыстау облысының полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары Бақытжан Берікбаев зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға заңды тұрғыда және психологиялық көмек көрсетілгенін мәлімдеді.
Полицейлер отбасындағы зорлық-зомбылықтың басым бөлігі спирттік ішімдіктердің әсерінен болғанын айтады. Ал мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 268 адамға ерекше талап қойылып, алкогольдік ішімдік, есірткі немесе психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынған.
- Отбасылық жанжалдың негізгі себептері – тұрақты табыс көзінің жоқтығы, материалдық жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, маскүнемдік, құмар ойындары, - деді Жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары Бақытжан Берікбаев баяндамасында.
Махаббат Нұржанқызы