Былтыр Маңғыстау облысында отбасылық зорлық-зомбылық кезінде аса ауыр дәрежеде 6 қылмыс болған. Яғни, адам өлтіру, адам ұрлау, бірнеше рет қайталанған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық баптары бойынша іс қозғалған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы «Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі» жөніндегі жиында Маңғыстау облысының полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары Бақытжан Берікбаев айтты.
Сондай-ақ ауыр дәрежедегі 2 қылмыс «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша тергелген. 14 адам денсаулыққа қасақана орташа зиян келтiру бабы бойынша жауапқа тартылған.
- Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткен 2792 ер адамға қайталап құқық бұзушылық жасамауы үшін қорғау нұсқамасы қойылды. Қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған 84 адам ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, - деді ол.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны үшін 1275 адам ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік шараға тартылып, 199 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке қойылған.
Махаббат Нұржанқызы