Маңғыстау облысының полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары Бақытжан Берікбаев отбасында жанжал шығаратын маскүнем не нашақор адамдарды мәжбүрлі емдеу шаралары аяқсыз қалып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Масаң күйде отбасында жанжал шығарған құқық бұзушыны айықтыру үшін наркологияда үш сағатқа ғана орналастыру көзделген. Құқықбұзушы мастығынан айықпай, наркологиядан босатылады. Яғни, үйіне барып тағы жанжал шығарады. Сол себепті мұндай құқық бұзушыларды наркологияда ұстау уақытын 24 сағатқа дейін ұзартуды ұсынамыз, - деді ол.
Бақытжан Серікбаев маскүнемдікке не нашарқорлыққа салынған адамдарды мәжбүрлеп емдеу мекемесіне орналастыру кезіндегі қиындықтарды айтты. Оның сөзінше медициналық сақтандыруы немесе тұрақты тіркеуі жоқ адамдарды дәрігерлік сараптамадан өткізбейді. Осылайша мәжбүрлі емдеу шарасын қолдану үшін құжаттар жиналмай қалады.
- Жеке емханаларда барлық қызмет ақылы болғандықтан тиісті сараптама қорытындылары уақытылы алынбай, мәжбүрлі емдеуге жолдау шаралары аяқсыз қалып жатыр, - деді Бақытжан Берікбаев.
Оның айтуынша отбасында жанжал шығаратын адамдардың барлығы дерлік маскүнем немесе нашақор. Үй ішінің берекетін алатындардың барлығы жұмыссыз, сол себепті ақылы медициналық тексерістен өтуге қаражаттары жоқ екенін айтады.
- Оларды мәжбүрлеп емдеу мекемесіне орналастыру үшін Ішкі Істер органдарының ұсыныстары бойынша денсаулық сақтау мекемелерінен тегін медициналық-сараптамалық тексерістен өткізу мүмкіндігін шешуді ұсынамыз. Ұсыныстар шешімін тапса, отбасындағы зорлық-зомбылықтың азаюына септігін тигізетіні сөзсіз, - деді Бақытжан Берікбаев.
Махаббат Нұржанқызы