Ақтау қаласында ауыз судың қысымын реттейтін 7 көтергіш сорғы станциясы орнатылды. Аталған станцияларды «Каспий жылу, су арнасы» мекемесі қаланың бірқатар шағынаудандарында іске қосты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, көтергіш сорғы станциялары 24, 28, 6А, 11А және 7 шағынауданында орнатылды. Ал 35 шағынауданда екі көтергіш сорғы станциясы қойылды. Сорғы станциялары тұрғындар тарапынан түскен шағымдарды ескеріп, іске қосылды. «Каспий жылу, су арнасы» МКК директорының орынбасары Ислам Үсеновтің айтуынша, көтергіш сорғы станциялары автоматтық режимде жұмыс істейді.
- Ауыз су мәселесіне қатысты «Каспий жылу, су арнасы» МКК тарапынан Ақтау қаласында комиссиялық тексеріс жүргізілді. Тексеру нәтижесінде жоғарғы қабаттарға ауыз су төмен қысыммен келіп тұрғаны анықталды. Осы мәселені шешу үшін қала бойынша ауыз судың қысымын реттеу мақсатында 7 көтергіш сорғы станциясы орнатылды. Бұл көтергіш сорғы станциялары «МАЭК» ЖШС-нен келіп тұрған ауыз суды тұрғын үйлерге қысыммен жеткізу үшін арналған. Көтергіш сорғы станциялары автоматтық режимде жұмыс істейді, - деді «Каспий жылу, су арнасы» МКК директорының орынбасары Ислам Үсенов.