Қазақстандық отбасылар тіс емдеу мен протездеуге ақшаны көбірек жұмсай бастаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ranking.kz сайтына сілтеп.
Отбасыларда медицинаға жұмсалатын шығындар ішіндегі стоматологиялық қызметтің үлесі 25,2% құрайды. Стационарлар көрсететін стоматологиялық қызметтердің көлемі туралы ҚР СЖРА ҰСБ деректері стоматологиялық қызметтердің өскенін көрсетеді. Бұл инфляциялық процестерге байланысты болуы мүмкін. Былтыр үшінші тоқсанда түрлі стоматологиялық емханалар мен кабинеттер 38,2 млрд теңгенің (жылдық көрсеткіште 19,1% көбейген) қызмет көрсетті.
БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, медициналық қызмет алуға түскен өтініштерінің 96,5%-ы тіс емдеуге арналған. Бірыңғай зейнетақы қорынан 2021 жылдан бастап барлық кезеңде емделуге төленген ақшаның жалпы сомасы 419,3 млрд теңгені құрайды. Бір адамға орташа сома 880 мың теңге шамасында.
Көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінің 90,3%-ын жеке меншік клиникалардағы стоматологтар, ал тек 7,1%-ын мемлекеттік емдеу мекемелері көрсетеді. Бұл деректер 2023 жылдың үшінші тоқсанына қатысты.
Пациенттер әдетте тіс емдеуге өз қалтасынан төлейді. Мәселен, былтыр шілде–қыркүйекте көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінің 79,3%-ы халық есебінен төленген. Бұл 38,2 млрд теңгенің 30,3 млрд теңгесі. Мемлекет қаржысы әлдеқайда аз: 13,8%. Бұл бюджет есебінен стоматологиялық көмек алуға құқығы бар тұрғындардың үлесінің аздығына байланысты. Тістерді тегін емдетуге тек жүкті әйелдер мен балаларға ғана мүмкіндік бар.
Көрсетілетін стоматологиялық қызметтердің жалпы көлемінің жартысына жуығы екі ірі қаланың — Астана мен Алматының үлесіне тиеді. Былтыр үшінші тоқсанда олардың жалпы үлесі 47,1%-ды құрады. Сонымен қатар, бұл қалалардағы тіс емдеу қазақстандықтарға облыс орталықтарына қарағанда әлдеқайда қымбат деп айтуға болмайды.
Ranking.kz орта сегменттегі стоматологиялық клиникаларда жүргізген баға мониторингінің нәтижелеріне сүйенсек, 2024 жылдың қаңтарында екі астанада беткей және терең кариестерді емдеу құны орташа республикалық деңгейде болды. Мәселен, асқынбаған кариестерді емдеу үшін алматылықтар мен астаналықтар 10–13 мың теңге (анестезияны қоспағанда), терең кариес 20–27 мың теңге төлеуі керек. ҚР қалаларының ішінде стоматологиядағы терапевтік қызметтің осы екі түріне ең төмен баға Павлодар және Көкшетау қалаларында. Тіс дәрігерлерінің ең қымбат емі батыста — Атырау, Ақтау және Оралда.