Мемлекеттік мұрағаттың жаңа ғимаратының құрылысы тарихи құжаттарды сақтау және оларға қол жеткізу үшін заманауи талаптарды қамтамасыз ететін, сондай-ақ Маңғыстау облысында мұрағаттық сақтаудың жоғары стандарттарын қолдауға ықпал ететін жоба болуға тиіс. Бұл туралы 23 қаңтарда өткен аппараттық кеңес барысында Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәдениет басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов 2023 жылғы мәдениет саласындағы негізгі жетістіктер туралы баяндама жасап, мәдени нысандарды дамыту бойынша 6,6 мыңнан астам мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылғанын айтты.
2024 жылы 15 мәдениет нысанын жөндеу, Ақтау қаласының 11 шағынауданында орналасқан бұрынғы «Юность» кинотеатрын инвесторлардың қолдауымен айтыс орталығына айналдыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, үш жаңа мәдениет үйін салу жоспарланған.
Бұдан басқа, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сайөтес және Дәулет ауылдарында 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Ғимараттарды 2024 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
2024 жылы мәдениет басқармасы дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу, басқада ірілі-ұсақты шараларды ұйымдастыруды қоса есептегенде 7,7 мыңнан астам шара өткізуді жоспарлап отыр.
Жиында Маңғыстау облысының мемлекеттік мұрағатының жағдайына ерекше назар аударды, өйткені мұнда мұрағат қоймаларының толу деңгейі 90% құрайды. Ақтау қаласының 37 шағынауданында жаңа мұрағат ғимаратының құрылысы жоспарланған. Алайда құрылыс алаңында инженерлік желілердің болмауына байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылды.
Өңір басшысы облыстық мұрағат тарихты сақтаудың негізі болып табылатынын және өңірдің мәдени мұрасын дамытуда маңызды рөлге ие екенін атап өтті.
«XXI ғасыр - жаһандану заманында біз ұлт болып қалуымыз үшін, тіліміз, әдет-ғұрпымыз бен салт дәстүрлеріміз, мәдениетіміздің рөлі өте маңызды. Мәдениет бұл-ұлт айнасы. Еліміздің әлемге өзінің ұлттық құндылықтарын танытатын айнымас құралы. Біз ата-бабаларымыздан сақталып келген сан ғасырлық мәдениетімізбен тарихымызды өшіріп алмай, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Осы тұста өңіріміздегі мәдени ошақтардың рөлі зор. Тұлға ретіндегі рухымыздың дамуы үшін және ұлт ретінде сақталуымыз үшін мәдениетімізді дәріптеу өте маңызды. Осы тұста архивтер - бұл жүйелі жұмыстың ажырамас бөлігіне айналған. Бұл жерде тек құжаттар мен есімдер ғана емес, біздің тарихымыз сақталады. Сол себепті облыстық архив ғимаратының құрылысына байланысты туындаған сұрақтарды жедел шешу керек деп санаймын» - деді Нұрлан Ноғаев.