Ретсіз, бейберекет салынған құрылыс нысандары тұрғындармен қоса кәсіпкерлерге кедергі келтіріп, кесірін тигізіп тұр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Бақтияр Әлжанов - 3-шағынауданда орналасқан жер телімі мен екі қабатты ғимарат иесі. Ол былтырдан бері ғимарат іргесіндегі көпқабатты тұрғын үй құрылысына қарсылық танытып келеді. Құрылыс ілкіде сүрілген қосқабатты әкімшілік ғимаратының орнында жүргізілуде. Енді 12соттық жер телімінде жертөлесі бар 35-пәтерлік бес қабатты тұрғын үй бой көтереді деп күтілуде.
Құрылыс жолды толығымен бөгеп тұр. Ертеңгі күні бұл жерде тұрғындар өмір сүрмей ме? Менің клиенттеріме тіптен қиын. Тікұшақпен жетпеске өзге амал жоқ. Ең алдымен бұл қауіпсіздік ережелеріне қайшы, өрт қауласа, өрт сөндіру көлігі өтетін орын жоқ. Тіпті балалар ойын алаңына, көліктер тұрағына, жаяу жүргіншілер жолағына, подьезд баспалдағына орнататын аумақ қарастырылмаған. Мұндай жер телімі бірнеше этажды коттедж көтеруге болмаса, тұрғын үй тұрғызуға мүлдем арналмаған»,-дейді Бақтияр Әлжанов.
Кәсіпкер меншігіндегі ғимарат құрылыс нысанынан өте жақын орналасқан. Бұрын жалға алынған осы ғимаратта емхана орналасқан еді, алайда кәріз бен жылу жүйесіндегі ақауға байланысты қоныс аударды. Қазіргі таңда ғимарат балабақша падалануына берілді.
«Электр желісі үзіліп, жарық өшіп қалды. Дереу екінші желіні жалғадық. Оның өзі ілекерлеп істеп тұр. Коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары қол қусырып отыр»,-деп қынжылады кәсіпкер.
Оның айтуынша, үй кәріз желісі құбырларының үстінен салынып жатқан көрінеді.
«Соның салдарынан үй іргетасы үнемі ылғалданып тұрады. Мен өз ғимаратымды саларда осы мәселемен бетпе –бет келдім. Жер астында ескі-құсқы желі құбырлары, науалар көмілген. Мен сорығы қондырып, суағар жүйесін орнатып, цемент төсеу нәтижесінде ғана судан құтылдым. Ал іргедегі құрылысшылар мұның бірде бірін істемеді. Келешекте алда-жалда құбыр желісінде апат орын алса, жертөле суға кетіп, әуре-сарсаңға салады»,-дейді Бақтияр Әлжанов.
Ең басты мәселе – үйдің эскиздік жобасы мүлдем мақұлданбаған.
«Эскиздік жобасыз өзге құжаттарды ресімдеу мүмкін емес. Бұл заңсыз құрылыс деп танылады. Соған қарамастан пәтерлерді сатылымға шығарды. Үйді сүруге шешім шығарылса, зардабын халық тартады»,-дейді кәсіпкер.
Осы күнге дейін ол 14 мемлекеттік органға өтініш жасаған. Алайды даулы мәселе аяқсыз қалды.
«Қала, облыс әкімдігіне, антикорға, прокуратура мен сәулет-құрылыс бақылау басқармасына, жер комитетіне, барлық коммунальдық мекемелерге бардым. Премьер мен Президентке шағым жасаудан өзге амал қалған жоқ. Мораторийді желелулетіп, заңсыз құрылысты қаймықпай жүргізетін жауапсыз кәсіпкерлерге жаза қолдану қажет. Мұндай құрылыстар қала аумағын қаптап кеткен. Бұлай жалғаса беруіне жол бермеу керек»,-дейді Бақтияр Әлжанов.
Эскиздік жобаның әлі бекітілмегендігін ( құрылыс шамамен 9 ай бойы жүргізілуде!) сәулет-құрылыс басқармасы да расталды. Құрылыс мекемесі құрылыс-монтаж жұмыстарын авторлық және техникалық қадағалаусыз, ЖСҚ-сыз және құрылыстың басталғаны туралы Басқармаға хабарламай жүргізген. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде ҚР ӘҚБтК 463-бабы, 1-бабы, 316-бабы, 1-бабы, 321-бабы, 1-бабы, 1-бабы бойынша хаттамалар жасалған, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама ағымдағы жылдың 17 қарашасына дейін берілді. Құрылыс мекемесі айыппұлдарды төлегенімен құрылысты тоқтатпаған.
Ал 4-шағынаудандағы жеті қабатты үй тұрғындары аумағы небәрі 0,7 гектарлық жер телімі үшін күрес жүргізіп жатыр. Бұл жерге төрт қабатты бизнес-орталық салу жоспарланған екен. Қазіргі таңда шағын алаңқайда тұрғындар өздері отырғызған ондаған ағаш жайқалып өсіп тұр.
"Қоғамдық тыңдаулар болған жоқ, біз құрылысшы кеңсесіне барып, наразылығымызды білдірдік. Мамыр айында қол жиналып, әкімдікке жолданды - ол жерден әлі жауап жоқ. Әкімдік құрылыс тоқтағанын мәлімдегенімен қоршау орнатуды жалғастыырып жатыр", – дейді үй тұрғындары.
Тұрғындар өздерінің «электронды дауыс бергендігі» жайлы жуырда білді.
" Тұрғындардың басым бөлігі – зейнеткерлер! Олар электронды түрде қалай дауыс бере алды? Көршілердің барлығы жоққа шығарып отыр. Сонда кім дауыс берді? Біздің қолтаңбалар да, дауыс та жалған . Президентке хат жазамыз", - дейді тұрғындар.
Қала әкімдігі жер учаскесі 2008 жылы әкімдіктің қаулысы негізінде жеке меншікке ресімделгенін атап өтті. Мақсаты-кеңсе ғимаратын салу және пайдалану.
"Жер оңды-солды сатылады! Көлік тұрақтары, жасыл желектер мәселе жетерлік. Бірақ билік назар аудармайды. Кәсіпті жүргізуге қолдау жақсы, бірақ тұрыындар жайын ешкім ойламайды!"- дейді тұрғындар ашуланып.
Қазір әкімдік меншік иесімен "тұрғындардың әлеуметтік желілердегі көптеген наразылықтарына байланысты" жер телімін басқа шағынауданға ауыстыру бойынша келіссөздер жүргізуде.