Балалар жылы аясында Басқұдық ауылдық округі Жаңа Қоныс тұрғын үй массивінде 600 орындық №16 жалпы білім беретін мектеп іске қосылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жаңа мектепте 59 сынып жинақталды, олардың 27-сі бастауыш сыныптар болса, 32-сі - 5-11 сыныптар. Мұнда Ш.Мұңалұлы атындағы №5 мектеп пен №14 мектепте оқыған 1448 оқушы оқитын болады. Бүгінгі күнде мұғалімдер штаты толық қалыптасқан.
Оқушыларымен бірге №5 мектептің 36 мұғалімі, №14 мектептің 37 мұғалімі, барлығы 73 мұғалім ауысу тәртібімен қабылданды.
Қажет кадрларға конкурспен 27 мұғалім қабылданды.
Мектеп ғимараты толықтай заманауи үлгіде салынып, қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Мұнда спорт залы, асхана, акт залы, зертхана мен шеберхана кабинеттері бар.
Сонымен қатар, әр оқу кабинеті ерекше білімді қажет ететін оқушылар үшін арнайы, ыңғайлы парталар қамтылған. Әр қабатта жедел саты (лифт) бар.
Жаңа мектептің ашылуы аудандағы бір мектептің үшауысымда оқытуын жояды.
Сондай-ақ, 850 баланы тасымалдау тоқтатылды.
2023 жылы Басқұдық ауылы мен Қызылтөбе-2 тұрғын массивінде әрқайсысы 1200 орындық екі мектептің құрылысы аяқталып, халық игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
Олар да өз кезегінде үш ауысымдағы 2 мектептің мәселесін шешеді.