Мұғалімдер бір күнге шәкірттерге оқулықтар мен оқу құралдарын сөмкеден өзге кез келген дүниеге салып әкелуіне рұқсат берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Бұл ұсыныс оқушылардың өз қиялына ерік беруіне септескені рас. Себебі кітаптары мен керек-жарақтарын қазан-табаққа, кәрзеңке мен қорапқа, шелек пен телпекке, жастық тысы мен ас үй техникасына салып әкелгендер болды.
"Мұндай көрініс біздің мектепте алғаш рет орын алды. Тың идея оқу ордасының өзін-өзі басқару ұйымы мен мектеп президентіне тиесілі. Ата-аналар тарапынан да қолдау тапты. Білім беру үрдісінде біз иек артатын басты ұстаным - мектепте оқу-тәрбиелеу ісімен қоса көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын іс-шаралар ұйымдастыру мүмкіндігін беру . Бұл жолғы акцияға бастауыш пен жоғары сынып оқушыларының түгелі дерлік ерікті түрде атсалысты,-дейді мамандандырылған IT-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзия Жаулыбаева.
Мектепте оқушылардың өзін еркін, қолайлы, жайлы ортада сезінуіне барлық жағдай жасалған. Шәкірттерге аптасына бір мәрте еркін формамен келуіне рұқсат етіледі. Ал оқуда озат, жоғары сабақ үлгерімімен көзге түскен оқушыларға киноға немесе кітап дүкендеріне арнайы сертификат табысталады.
Голрох Жеменей