Бүгін елордада "Ауыл - ел бесігі" атты ауыл әйелдерінің V форумы өтіп жатыр. Форумға маңғыстаулық делегаттар да белсенді қатысып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл форумға «Ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігі - экономикалық тұрақтылық пен орнықты дамуға апаратын жол» тақырыбы арқау болды. Оған елдің 17 өңірінен 170-ге жуық әйел келіп қатысып жатыр. Ал маңғыстаулық делегация құрамында әртүрлі салада көш бастап жүрген Светлана Әлібекова, Сара Кушбаева, Алмагүл Әлібекова, Гүлзира Есетова, Жанар Меңдіқұлова, Айгүл Көптілеуова, Гүлзада Юсупова, Айгүл Есқалиева, Лаура Рыспаева бар.
Шара барысында әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, кәсіпкерлікті қолдаудың әлеуметтік бағдарламалары арқылы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған жобалар айтылды.
Форумның ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ІV, V, VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсинаның айтуынша, форумның мақсаты - қазақстандық әйелдерге экономика мен кәсіпкерліктің барлық салаларына есік ашу.
"Менің ойымша, бір күні ерлер мен әйелдердің өз құқықтары мен мүмкіндіктерін іске асырудағы абсолютті теңдігі қағаздағы жай сөз емес, біздің қоғам үшін әдеттегі шындыққа айналатынына кәміл сенемін. Біз бес жылдық жұмысымыздың нәтижелерін көріп отырмыз. Әйелдер мотивация алып қана қоймай, ең батыл, ең өршіл және ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін білім, дағдылар мен қаржылық мүмкіндіктерге ие болып отыр", - деді Майра Айсина.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар агросекторды дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға жәрдемдесу және әйелдерді ауылдық аумақтардың инклюзивті, инновациялық және «жасыл» экономикасын қалыптастыруға тарту мақсаттарын алға тарты. Осы ретте 2021-2025 жылдарға арналған АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру таяудағы бес жылда 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрылады. Олардың 80% - дан астамын ауыл әйелдері алады.
Шара барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың айтуынша, елдегі кәсіпкерлердің 43 пайызын әйелдер құрап отыр. Соның ішінде ауылдан 300 мыңға жуық кәсіпкер әйел бар.
«2019 жылдан бастап әйелдерге 86 мың грант пен шағын несие берілді. Елімізде 4,5 млн әйел жұмыс күшінің жартысын құрап отыр. Оның 1,7 млн-ы ауылда еңбек етеді. Жыл басынан бері 425 мың адам жұмысқа тұрса, оның 220 мыңы – әйелдер. Қазіргі таңда кәсіби оқыту бойынша да әйелдердің белсенділігі жоғары. Әсіресе оқыту, білім алу бойынша әйелдер алдына жан салмайды. Әйелдер кәсіпкерлігі тұрақты болады», - деді Олжас Ордабаев.
Осы ретте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов ауылдағы кәсіпкерлікке қаржы бөлінетінін тілге тиек етті.
«Биыл ауылдағы елдімекендер мен шағын қалаларға микрокредит беру бағдарламасын жалғастыру үшін 40 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл ауыл тұрғындарына, ондағы әйелдерге жеке бизнес ашуға, тұрақты қосымша табысын арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз»,- деді Бағлан Бекбауов.
Форум аясында жаңа бастаған кәсіпкерлер арасында үздік бизнес-идея байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бизнес-идеяны іске асыру үшін 4-тен 2 мың долларға дейін гранттар табысталады. Одан бөлек қатысушыларға арналған оқыту-семинарлары ұйымдастырылды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА